Қазақстанда депозит бойынша сыйақыдан артық ұсталған салықты қалай қайтаруға болады?

Суретте ақша салынған қапшық, тиындар және калькулятор бейнеленген.

Қазақстанда депозит бойынша сыйақыдан артық ұсталған салықты қалай қайтаруға болады?


      Егер жеке тұлға – Қазақстан Республикасының бейрезиденті, Ресей Федерациясының резиденті Қазақстанның банкінде ашылған депозит бойынша сыйақы алса, салық заңнамасына сәйкес, мұндай табысқа төлем көзінен 15% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) салынады.

      Алайда Қазақстан мен Ресей арасында Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция қолданылады. Осы Конвенцияға сәйкес, егер табысты алушы оның нақты иесі болып табылса және халықаралық шартты қолданудың белгіленген талаптары сақталса, сыйақыға 10% мөлшерлеме бойынша салық салынуы мүмкін.

      Егер банк салықты 15% мөлшерлеме бойынша ұстап қалса, төмендетілген мөлшерлемені қолдануға құқығы бар бейрезидент артық ұсталған соманы қайтару үшін өтініш бере алады.

      Ол үшін тиісті кезеңдегі салықтық резиденттігін растайтын құжатты және заңнамада көзделген өзге де құжаттарды ұсыну қажет.

      Салықты қайтаруды салық агенті болып табылатын банк арқылы немесе Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген тәртіппен, талап қою мерзімі шегінде салық органына өтініш беру арқылы рәсімдеуге болады.

      Осылайша, салық агенті төлем көзінен салық салынатын, Қазақстан Республикасындағы көзден алынған сыйақы сомасына қатысты ЖТС-тың төмендетілген мөлшерлемесін (15%-дың орнына 10%) қолдану бөлігінде Конвенцияның ережелерін қолданбаған жағдайда, жеке тұлға – бейрезидент артық ұсталған салық сомасын қайтару үшін Салық кодексінің 702-бабының талаптарына сәйкес келетін бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатты салық агентіне (осы жағдайда банкке) талап қою мерзімі шегінде ұсынуға құқылы.

      Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 699-бабында халықаралық шарт негізінде бюджеттен төленген табыс салығын қайтару туралы бейрезиденттің өтініш беру тәртібі де көзделгенін хабарлаймыз.

      Бұл ретте бейрезидент салық органына бюджеттен төленген табыс салығын қайтару туралы салықтық өтінішті осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген құжаттарды қоса бере отырып ұсынуға міндетті.

Жарияланған күні

30 қазан 2026

Жаңарту күні

30 қазан 2026