Жиі қойылатын сұрақтар

Тауардың өзіндік ерекшелігі бар тауарларға жатқызуды/жатқызбауды айқындау үшін электрондық үкіметтің egov.kz немесе еlicense.kz порталдарында «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды сәйкестендіру туралы қорытынды беру» мемлекеттік қызметті алуға өтініш нысанын толтыру қажет.

Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және оның құжаттарының тізбесі «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бірдейлендіруді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 10 шiлдедегi № 394 бұйрығымен бекітілген.

Өтініш берушінің келесі құжаттарды ұсынуы бұйрыққа сәйкес көзделген: 1) қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш; 2) мәліметтер нысаны; 3) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сипаттау (оларды орындауға арналған техникалық тапсырма не жұмысты, көрсетілетін қызметті сипаттайтын өзге де материалдар); 4) көрсетілетін қызметті алушыда бар және мемлекеттік қызметті көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін техникалық құжаттаманың (конструкторлық, технологиялық, пайдалану, бағдарламалық) электрондық көшірмесі не өзге де құжаттар (мәліметтер); 5) тауардың фотосуреттері (бар болса).

Сондай-ақ, ұйымның (өтініш берушінің) қолымен немесе мөрімен расталған дайындаушы зауыттың фирмалық бланкісінде техникалық құжаттаманы ұсыну қажет, өтініш беруші ұйымның бланкісінде жасалған құжатты ұсынуға жол беріледі. Бұл ретте техникалық сипаттамалар туралы ақпарат уәкілетті тұлғаның қолымен және осы ұйымның мөрімен, сондай-ақ мәлімделген позициялар туралы ақпаратты қамтитын сәйкестік сертификаттарымен (бар болса) куәландырылуға тиіс. Тауардың өзіндік ерекшелігі бар тауарларға жатқызған жағдайда, тауарды әкету/әкелу үшін egov.kz немесе еlicense.kz электрондық үкімет порталында өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың импортына/экспортына лицензия алу қажет, өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың импортына/экспортына лицензия алу үшін, өтініш нысанын толтыра отырып «Өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың экспорты мен импортына лицензия беру қағидаларын және біліктілік талаптарын бекіту туралы» Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы № 425 бұйрығымен сәйкес құжаттар тізбесін бекіту қажет.