Қарағандыда Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін шашумен қарсы алды

Таң сәріде Қарағанды теміржол вокзалында Жапонияда өткен V Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін қарсы алуға жиналған жұрттың қуанышында шек болмады. Қарағанды облысының спортшылары дүбірлі додада сегіз медаль жеңіп алса, оның жетеуін паражүзушілер Диас Кенжебек, Наталья Звягинцева мен Роман Потапов иеленді.

Перрон басына спортшылардың туған-туыстары, достары, әріптестері, спорт қауымдастығының өкілдері және Диас білім алатын академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өкілдері жиналды.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді гүл шоқтарымен, құшақ жая қарсы алып, шашу шашып, құрмет көрсетті.


Төрт бірдей медальмен оралған Диас Кенжебекті жанкүйерлері арнайы плакаттар дайындап күтіп алды.

Диастың отбасы үшін бұл кездесу ерекше толқынысқа толы болды. Жарыс күндері жақындары жүзушінің әрбір қимылын үйде отырып, тікелей эфирден тамашалап, әр қашықтықтағы өнеріне алаңдай жанкүйер болған.

— Бүгін отбасымызбен түгел келдік. Әжесі, анасы, тәтесі, сіңлілері осында. Диастың осындай тамаша нәтиже көрсеткеніне қуаныштымыз. Жалпы, Қарағанды облысының спортшылары да өте жақсы өнер көрсетті, - деді жүзушінің әкесі Ерболат Әбікеев.
Диас паражүзуге сегіз жасында келген. Дәрігерлердің кеңесімен ұлын бассейнге әкесі ертіп апарған. Алайда оны секцияға бірден қабылдамаған: топта бос орын болмағандықтан, бір ай сынақ мерзімінен өту ұсынылыпты. Бірақ Диас қабілетін бірден көрсете бастаған.
— Бір аптадан кейін-ақ Диас жақсы нәтиже көрсетті. Жаттықтырушысы Светлана Кучина алғашқы күндерден бастап онымен жүйелі түрде жұмыс істеп, оның болашағынан үлкен үміт күтті, — деп еске алды Ерболат Әбікеев.

Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өткен Пара Азия ойындарында Диас 100 метрге шалқалап жүзуден алтын медаль жеңіп алып, Азия рекордын жаңартты. Бұдан бөлек, 200 метрге кешенді жүзуден және 100 метрге еркін стильде жүзуден екі күміс, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден қола медаль иеленді. Сондай-ақ спортшы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысуға лицензия алды.
Диастың айтуынша, жарыстағы нәтижелерінің бәрі бірдей өзі күткендей болмағанымен, әр медальдің артында тынымсыз еңбек жатыр.
— Алтын медальдің орны бөлек, әрине. Бірақ мен үшін тұғырдың қай сатысына көтерілгенімнен гөрі, кешегі өзімнен бүгін қаншалықты ілгерілегенім маңызды. Нәтижемді көтеріп, Азия рекордын жаңарттым. Демек, алға жылжып келемін. Бұл соңғы рекордым болмаса екен деймін. Аздап тынығып алған соң, жаттығуды жалғастырамыз. Келесі жылы — әлем чемпионаты, ал 2028 жылы Паралимпиада өтеді. Мақсатым — жеңімпаз атану, — деді Диас Кенжебек.

Наталья Звягинцева да алдағы 50 жас мерейтойына тамаша тарту жасады. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен спортшы эстафеталық жарыста екі күміс медаль жеңіп алды.

— Қарсыластарымыз мықты болды. Қолдау көрсеткен жаттықтырушыларға, психологқа және жанкүйерлерге алғыс айтамын. Қол жеткен жетістікпен тоқтап қалғым келмейді. Әлі күш-қуатымыз барда жаттығуды жалғастырып, ел намысын халықаралық аренада қорғай береміз. Әлем чемпионатында лайықты өнер көрсетіп, нәтижемізді жақсартып, Паралимпиадаға жолдама алғым келеді, — деді Наталья Звягинцева.

Ал Роман Потапов 100 метрге шалқалап жүзуден қола медаль иеленді. Сонымен қатар ол қажетті нормативті орындап, 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына екі лицензия алды.
— Көңіл күйімде қуаныш та, өкініш те бар. Басқа қашықтықтарда да жүлдеге жақын болдым. Дегенмен өз нәтижемді растап, кейбір көрсеткіштерімді жақсартқаныма қуаныштымын. Бұл медальді жақындарыма және менің жетістігіме көп еңбек сіңірген, биік белестерді бағындыруыма көмектескен жаттықтырушым Евгения Приходькоға арнаймын. Ендігі міндет — жаттығу, жаттығу және тағы да жаттығу, — деді Роман Потапов.

Спортшылар аздап тыныққаннан кейін алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты бастайды.
