Қарағанды облысында құс етін өндіру көлемі артады

Бұқар жырау ауданында «Ақнар-ПФ» ЖШС-нің 28-құсханасы пайдалануға берілді.

Бір мезгілде 20,5 мың құс ұстауға арналған жаңа нысан кәсіпорынның өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асқан. Кәсіпорынға «Агробизнес» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландыру берілген.

Жаңа құсхана Еуропада өндірілген заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Мұнда құс өсіруге қолайлы микроклиматты автоматты түрде реттейтін интеллектуалды жүйе орнатылған.

— Барлық талап пен стандартқа сай салынған заманауи құсханаға алғашқы құстар орналастырылып, нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мұндағы жабдықтар Еуропа өндірушілерінен жеткізілген. Құсханадағы климаттық жағдай жасанды интеллект көмегімен бақыланады. Жүйе климаттың өзгеруіне қарай жұмыс параметрлерін өздігінен реттеп, өңіріміздің табиғи жағдайына бейімделген, - деді «Ақнар-ПФ» ЖШС директоры Виктор Колчев.

Заманауи технологияларды қолдану өнім сапасын жақсартумен қатар, жабдықтардың жұмысын оңтайлы реттеу арқылы энергия ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Құсхана металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерден салынған. Мұндай құрылыс жылуды жақсы сақтап, ғимаратты тазалау мен күтіп ұстауды жеңілдетеді. Құстар еркін қозғалып, жайылуына мүмкіндік беретін жағдайда өсіріледі.

Жаңа құсханадан жылына 250–280 тонна құс етін өндіру көзделген. Қазір кәсіпорын жыл сайын шамамен 9 мың тонна тауық етін өндіреді. Өндіріс қуатының артуы қосымша жұмыс орындарын ашуға да жол ашады.