«Халықтар достығы орденді К.С. Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры» КМҚК

Театр басшысы – Еспаев Дунай Амандықұлы

Халықтар достығы орденді К.С. Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театрының алғашқы қадамы 1930 жылы Семейдің көркем өнерпаздар үгіт бригадасы негізінде ұйымдастырылған үгіт және мәдени-бұқаралық жұмыс жөніндегі «Живая газета» жылжымалы театр болып құрылуынан бастау алады. 1932 жылы Түрксіб үгіт поезының құрамындағы жылжымалы театр болып қайта құрылады. Театрдың бірінші директоры және көркемдік жетекшісі – Василий Портнов. 1936 жылы театр Қарағанды облыстық орыс драма театры болып қайта аталып, Прибалхашстройға жіберіледі. 1937 жылы В. Портнов театрдың директорлығында қалып, көркемдік жетекші қызметін Ленинградтан келген Константин Раушқа ұсынады. 1940 жылы театр Қарағандыға қоныстанды. 1962 жылы театр Бейбітшілік бульварында (бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы) орналасқан жаңа ғимаратта қоныс тойын тойлады. Жаңа ғимаратпен қоса, театр жаңа атауға ие болды. 1963 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен театрға шығармашылық қызметтегі жетістіктері үшін ұлы сахна реформаторы К.С. Станиславскийдің есімі берілді. 60-90-жылдары шығармашылық ұжымға Қазақ КСР еңбек сіңірген әртістері Александр Подобед, Григорий Жезмер, республиканың халық әртісі Рубен Андриасян, М. Зильберман, Қаз КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Н. Воложанин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Г. Оганесян басшылық етті. Осы кезеңде театрдың спектакльдері бірнеше рет республикалық конкурстардың лауреаты атанды. Осы жылдары кең көлемді гастрольдік сапарлар Алма-Ата, Мәскеу, Омбы, Полтава, Фрунзе, Новосібір, Павлодар, Иркутск, Братск, Ангарск және т.б. қалаларында ұйымдастырылды.

1981 жылы К.С. Станиславский атындағы театр Халықтар достығы орденімен марапатталды. Қарағандылық сахнада Қаз КСР халық әртістері В. Караваев, А. Демидова, В. Корниенко, В. Борисов, рсепубликаның еңбек сіңірген әртістері К.Рауш, З.Горева, Г.Подзолкин, Н.Белкин, И.Калачанов, И.Кошелев, Т.Зеленин, Т.Давыдова, В.Макуш, Д.Белов, Л.Спасский, А.Зимарева, Г.Еремина, А.Григоров, Н.Штоколова, Ресейдің халық әртістері А.Булдаков, В.Белецкий, Н.Константинова, И.Камышев, Ресейдің еңбек сіңірген әртістері Н.Микрюкова, Т.Кораблева, В.Мирошниченко, Б.Меликджанов, С.Радьков, Арменияның еңбек сіңірген әртісі Ю.Фролов. 1961-1997 жылдар аралығында театр директорының қызметін ҚР халық әртісі В.Борисов атқарды.

Театр ұжымы көптеген фестивальдерге қатысып, өз өнерлерін жоғары дәрежеде көрсетті. Республикалық фестивальдердің дипломдарымен, сонымен қатар халықаралық театр форумдарында («Достық көпірі», Йошкар-Ола, «Исабеков әлемі», Алматы, «Славия», Белград, «Боспор Агондары», Керчь, «Буа: диалогкеңістігі», Буинск, «Охрид жазы» Охрид) дипломдармен марапатталды.

Соңғы жылдары театр ұжымы Ресейге (Омбы, Йошкар-Ола, Татарстан қалалары), сондай-ақ Алматы, Астана, Көкшетау және Қазақстанның т.б. қалаларына гастрольдермен барып қайтты.

К.С. Станиславский атындағы орыс драма театрының шығармашылық ұжымы халықтың рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелесіне терең үңіледі. Театрдың репертуарлық саясатының негізі – жанрлардың сан алуандығы, орыс, қазақ және шетел драматургиясының теңгерімі, классика және заманауи пьесалар, халықтың әр түрлі әлеуметтік және жас санаттарының рухани сұраныстарын қанағаттандыру. Театр басшылығы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Ресей, Әзірбайжан, АҚШ режиссерлерімен белсенді жұмыс істейді.

Техникалық анықтама:

Театрдың жалпы көлемі – 6206,5 ш.м.

Көрермен залындағы орындар саны: 487(зал)+партер(326)+балкон(161)

Мекен-жайы: Қарағанды қ., Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 19/1

Телефон: Басшының қабылдау бөлмесі: +7 7212 565674

Анықтама +7 7212 301204, +7 7212 301282

Сайт:  stanislavsky.kz

Instagram: @rusdramteatr_krg_official

Facebook: https://www.facebook.com/Stanislavskytheatre.Karaganda/

VK: vk.com/teatr_stanislavsky

E-mail: stan_dram@mail.ru