#Аудит

Түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары ТҮРКСАИ жарғысына қол қойды
Түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары ТҮРКСАИ жарғысына қол қойды

Анталья қаласында (Түркия) Түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары ұйымы – ТҮРКСАИ жарғысына қол қоюдың ресми рәсімі өтті. Іс-шараға Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бастаған қазақстан делегациясы қатысты.

ТҮРКСАИ ұйымын құру туралы шешім 2025 жылғы қарашада Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жоғары аудит органдары өкілдерінің кездесуінде қабылданған еді. ТМҰ мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан.

Жаңа кәсіби ұйым түркі кеңістігінде аудит саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Атап айтқанда, білім мен тәжірибе алмасуды жандандыруға, қолданыстағы аудиторлық практиканы жетілдіруге, бірлескен аудиттер жүргізуге және зерттеу жобаларын іске асыруға ықпал етеді.

ТҮРКСАИ аясындағы ынтымақтастық қазірдің өзінде практикалық іс-шаралармен толыға бастады. Мәселен, Жарғыға қол қою қарсаңында өңірдің практик-аудиторлары үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша білім мен тәжірибе алмасу бағдарламасы ұйымдастырылды.

Бағдарлама ОДМ аудитінің барлық кезеңін қамтыды. Атап айтқанда, аудит тақырыптарын таңдау және аудиторлық сұрақтарды тұжырымдау, дәлелдемелерді жинау мен талдау, ұсынымдар әзірлеу және олардың орындалуын кейіннен бақылау мәселелері қаралды. Қатысушылар осы саладағы ұлттық тәжірибемен бөлісіп, халықаралық практиканы зерделеді.

Бағдарламаға Жоғары аудиторлық палатадан аудиторлар, әдіснамашылар және басқа да мамандарды қоса алғанда жеті қызметкер қатысты. Бұл тәжірибе Қазақстанда ОДМ саласындағы аудиттерді жоспарлау және жүргізуде қолданылады.

ТҮРКСАИ жарғысына қол қою рәсімінде сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Түркия Есеп сотының президенті Метин Йенерге жылы қабылдауы және іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы жаңа құрылымды түпкілікті ресімдеу шамамен бір жыл бұрын Ыстанбұлда қабылданған шешімдердің заңды жалғасы екенін атап өтті.

«Бүгін біз маңызды қадам жасап, қол жеткізген уағдаластықтарды ТҮРКСАИ ұйымның қызмет ету қағидаттарын, бағыттары мен тәртібін айқындайтын негізгі құжатпен бекітіп отырмыз. Ұйымның практикалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері мол. Жарғыға қол қою ұзақ мерзімді әріптестіктің берік кепілі болады деп сенемін», — деді Әлихан Смайылов.

Бүгінде мемлекеттік қаржы саласы жылдам өзгеріп келеді, жаңа сын-қатерлер туындап отыр. Бұл мемлекеттік ресурстарды басқарудың жаңа тәсілдерін және аудиттің барынша жетілдірілген әдістерін талап етеді.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы атап өткендей, қоғам мемлекеттік қаражат пен активтерді басқаруда тиімділік пен ашықтықтың артуын күтеді. Мұндай жағдайда жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие болып, ТҮРКСАИ осы бағыттағы жаңа әрі маңызды алаңға айналады.

«Достыққа, сенімге, тілектестікке және түркі бауырластығының рухына негізделген осындай ынтымақтастық қана жоғары аудит органдарымызға қазіргі заманғы сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге және мемлекеттеріміздің дамуына лайықты үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар ТҮРКСАИ жарғысына қол қою түркі мемлекеттері жоғары аудит органдарының ынтымақтастық тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіретінін атап өтті.

«Енді біздің уағдаластық берік институционалдық негізге ие, ал алдымызда бірлескен бастамалар мен жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктері ашылады», — деп түйіндеді Палата төрағасы.

Ресми рәсімнен кейін ТҮРКСАИ-ға қатысушы елдердің жоғары аудит органдарының басшылары ОДМ-ға арналған симпозиумға қатысты. Делегаттар ОДМ-ға қол жеткізудегі мемлекеттік аудиттің рөлін, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін аудит нәтижелерін пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы ТҮРКСАИ-дың алдағы жұмысына белсенді қатысуға ниетті. Бұл Қазақстанда мемлекеттік аудитті дамыту үшін озық практиканы игеруге және түркі мемлекеттеріндегі әріптестермен кәсіби байланысты жүйелі түрде нығайтуға мүмкіндік береді.

Новости
Дата публикации: 24.10.2026
Жоғары аудиторлық палатада Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті
Жоғары аудиторлық палатада Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті

23 қазанда Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында ҚР Жоғары аудиторлық палатасында қызметкерлерге арналған салтанатты іс-шара өтті.

Адал еңбегі, кәсіби жетістіктері және мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Жоғары аудиторлық палатаның бірқатар қызметкері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша төрт мемлекеттік награда табысталды. Үш қызметкер ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қаржы министрлігінің ведомстволық төсбелгілеріне, тағы екі қызметкер Жоғары аудиторлық палатаның «Қаржы сақшысы» ведомстволық медаліне ие болды.

Сонымен қатар сегіз қызметкер «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының үздігі» төсбелгісімен, тағы бес қызметкер Жоғары аудиторлық палатаның Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұл күн үш жас маман үшін де ерекше болды. Әріптестерінің қатысуымен өткен салтанатты жиында олар мемлекеттік әкімшілік қызметшінің антын қабылдады. Олардың әрқайсысы үшін
бұл – мемлекеттік қызмет жолындағы маңызды кезең әрі халық пен мемлекетке адал және абыроймен қызмет етуге берілген жеке міндеттеменің белгісі.

Мерекелік іс-шараның тағы бір қуанышты сәті – Жоғары аудиторлық палатаның еңбек сіңірген қызметкерлеріне пәтер кілттерінің табысталуы болды.

Мерекелік іс-шара ұжымның кәсібилігіне, өз ісіне адалдығына және мемлекеттік аудит жүйесін дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің көрінісіне айналды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің еңбегі бағаланып, олардың ел өміріндегі маңызды рөлі аталып өтті.

 

Новости
Дата публикации: 23.10.2026
Орта білімі бар спортшылар бюджет есебінен жалақы ала алады: Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы орындалды
Орта білімі бар спортшылар бюджет есебінен жалақы ала алады: Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы орындалды

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі «спортшы-нұсқаушы» лауазымына қойылатын міндетті біліктілік талаптарының қатарына орта білімнің болуын енгізді. Тиісті өзгерістер Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша енгізілді.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата спортшыларды тәрбиелеу мен даярлауға, оның ішінде жоғары жетістіктер спортын дамытуға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудит қорытындысы бойынша Министрлікке «спортшы-нұсқаушы» лауазымына қойылатын біліктілік талаптарын төмендету ұсынылды. Атап айтқанда, кадрларды даярлау бағытында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары (немесе жоғары оқуорнынан кейінгі) білімнің не «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің не спорт түрі (түрлері) бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының құрамына қабылданған жағдайда жалпы орта білімнің болуына қатысты талаптарды төмендету ұсынылды.

Аталған талаптар колледждерде оқуын жалғастырып жүрген, аяқталған кәсіби білімі немесе жалпы орта білімі (11 сынып) туралы құжаты жоқ, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген жас спортшыларды «спортшы-нұсқаушы» лауазымына қабылдауға және олардың еңбегіне ақы төлеуге мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан жас спортшылардың спорттық мансабын білім алумен қатар алып жүруіне жеткілікті ынталандыру болмады.

Бұл ретте көркем гимнастика, синхронды жүзу және мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерінде Олимпиада ойындарына және ересектер арасындағы басқа да халықаралық жарыстарға 16 жастан бастап, ал бокс, жүзу және суға секіру сияқты спорт түрлеріне
19 жастан бастап қатысуға рұқсат етіледі.

Нәтижесінде үлгілік біліктілік сипаттамаларына қажетті өзгерістер енгізілді. Енді спортшы-нұсқаушы лауазымына үміткердің кемінде орта білімі болуға тиіс.

Қабылданған шара бюджет қаражаты есебінен еңбек ететін спортшылар үшін базалық білім стандартын бекітіп, олардың жаттығулар мен жарыстарға қатысумен қатар оқуын жалғастыруына ынталандырады. Сонымен қатар бұл қадам үлкен спорттан кейінгі өмірге дайындалуға, атап айтқанда, жоғары оқу орнына түсуге, жаттықтырушылық қызметке ауысуға немесе басқа мамандықтарды игеруге негіз қалайды.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген басқа да тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.

Новости
Дата публикации: 23.10.2026
Қырғыз Республикасы Есеп палатасына 30 жыл: Қазақстанның мемлекеттік аудиторлары Бішкекке барды
Қырғыз Республикасы Есеп палатасына 30 жыл: Қазақстанның мемлекеттік аудиторлары Бішкекке барды

Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Қырғыз Республикасы Есеп палатасы қызметінің 30 жылдығына арналған ресми іс-шараларға қатысу үшін Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барды.

Негізгі іс-шара «Мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоғары аудит органының рөлі мен орны: тәуелсіздік – тиімділік пен сенімнің негізі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел болды.

Іс-шараға ҚР Жоғары аудиторлық палатасының өкілдерімен қатар Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Түркия және басқа да елдердің жоғары аудит органдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ диалогқа INTOSAI Даму бастамасының (IDI) мамандары қосылды.

Қырғызстан Есеп палатасының төрағасы Алмазбек Акматовты, іс-шараға қатысушыларды және әріптестерді кәсіби мерейтойымен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Амангелді Есенов құттықтады. Ол ведомствоның елдің дамуына елеулі үлес қосып, қаржылық тәртіпті нығайтуға және мемлекеттік ресурстарды тиімді басқаруға ықпал етіп келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде Қырғыз Республикасының Есеп палатасы – ел ішінде де, халықаралық аудиторлық қоғамдастықта да құрметке ие, беделді мемлекеттік аудит институты», — деді ол.

Амангелді Есенов ведомствоның мемлекеттік аудиттің кәсіби және құқықтық негіздерін нығайту, халықаралық стандарттар мен INTOSAI қағидаттарын енгізу бағытындағы кәсіби қызметін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2023 жылы «Қырғыз Республикасының Есеп палатасы туралы» конституциялық заңның қабылдануы. Бұл заң Палатаның тәуелсіздігінің құқықтық кепілін нығайтты.

Амангелді Есенов атап өткендей, Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мен Қырғызстанның Есеп палатасы арасындағы ынтымақтастық өзара сенім, құрмет және қолдау қағидаттарына негізделген.

Екі ведомствоның өзара іс-қимылының көпжылдық тарихы бар және екіжақты форматта да, INTOSAI, ASOSAI, TURKSAI және басқа да халықаралық алаңдар аясында да табысты дамып келеді.

«Біздің ынтымақтастығымыз туралы меморандумға сонау 2008 жылы қол қойылды. Ал биыл 16 қыркүйекте Астанада меморандумды жаңарттық. Біз мұны жай ғана құжатты жаңарту емес, әріптестігіміздің жаңа кезеңінің бастауы деп білеміз», — деп түйіндеді Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі.

Дөңгелек үстел аясында Жоғары аудиторлық палата өкілдері жоғары аудит органының тәуелсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы Қазақстан тәжірибесімен бөлісті. 2022 жылғы конституциялық реформа барысында Палатаның мәртебесі көтеріліп, өкілеттіктері кеңейді.
Қазіргі уақытта Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік басқару тиімділігіне, жергілікті бюджеттерге аудит жүргізеді. Ал 2025 жылдан бастап аудит жүргізу аясына бюджеттен тыс қорлар да енді.

Палатаның тәуелсіздігі биыл аяқталған әріптестік бағалау нәтижелерімен де расталды. Бағалауға Литва, Португалия жәнеТүркиядан келген кәсіби аудиторлар қатысты. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі 2025 жылы жүргізген PEFA бағалауының нәтижелері бойынша Қазақстан «Сыртқы аудит» компонентінен B+ бағасын алды.

Қазақстанның мемлекеттік аудит саласындағы алдағы басымдықтары Жоғары аудиторлық палатаның 2026-2030 жылдарға арналған даму стратегиясында көрсетілген. Олар: INTOSAI стандарттарын енгізу, тәуелсіздікті одан әрі нығайту, аудит сапасын арттыру және жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, қызметті толық цифрландыру.

Новости
Дата публикации: 20.10.2026
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының ұсынымы бойынша 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарын жоспарлауда 456 млрд теңгеге тәуекелдер жойылды
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының ұсынымы бойынша 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарын жоспарлауда 456 млрд теңгеге тәуекелдер жойылды

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына алдын ала бағалау жүргізу қорытындысы бойынша бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыным әзірледі. Бюджет жобасы 14 қазан, сәрсенбі күні Құрылтай отырысының бірінші оқылымында қаралды.

Алдын ала бағалау жүргізу ҚР Бюджет кодексінде көзделген. Бұл республикалық бюджеттің жаңа жобасы Құрылтай депутаттарының қарауына енгізілгенге дейін жүзеге асырылады.

Бұл процестің жоспарланған қаржыландыру көлемін қысқартуға бағытталмағанын атап өткен маңызды. Керісінше, ол бюджеттік теңгерімсіздікті жоюға, қаражаттың сапалы жоспарлануын қамтамасыз етуге және тиімсіз болуы мүмкін шығындарды анықтауға көмектеседі.

Жұмыс қорытындысы бойынша Палата өз ұсынымдары қамтылған сараптамалық қорытынды әзірлейді. Алайда қаражатты қысқарту немесе қайта бөлу туралы түпкілікті шешімді бюджет туралы заң жобасын қарау барысында тек Құрылтай депутаттары қабылдайды.

Сонымен биыл Жоғары аудиторлық палата даму бюджетіне Мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізілмеген жобаларды іске асыруға қаражат жоспарланғанын анықтады. Бұл Бюджет кодексінің талаптарына қайшы. Осыған байланысты Палата Мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелін өзектендіруді ұсынды.

Бюджеттің жекелеген бағыттары бойынша қажетті есептеулер мен растайтын құжаттар, оның ішінде нәтижелік көрсеткіштері өзектендірілген түзетілген қаржылық-экономикалық негіздеме болмаған.

Осылайша, бюджет жобасы Құрылтайға енгізілгенге дейін Жоғары аудиторлық палатаның сараптамалық ұсынымдары негізінде 456 млрд теңгеге бюджет құжаттамасын түзету шаралары қабылданды.

Новости
Дата публикации: 14.10.2026
Қазақстандық делегация мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржыны басқару саласындағы еуропалық тәжірибені зерделеді
Қазақстандық делегация мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржыны басқару саласындағы еуропалық тәжірибені зерделеді

Қазақстандық делегация 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Бельгия, Нидерланд және Францияда өткен «Мемлекеттік аудит, мемлекеттік қаржыны басқару және бюджеттік жоспарлаудағы заманауи тәсілдер: еуропалық тәжірибе» атты халықаралық семинарға қатысты.

Бағдарлама аясында Қазақстан өкілдері Бельгия, Нидерланд және Францияның жоғары мемлекеттік аудит органдарының, парламенттерінің, атқарушы билік органдары мен муниципалитеттерінің, сондай-ақ Еуропалық одақ институттарының тәжірибесімен танысты.

Семинардың негізгі бағыттарының бірі бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік шығыстардың тиімділігін бағалауға қатысты заманауи тәсілдерді зерделеу болды. Бельгияның Есеп сотында бюджет шешімдерін алдын ала бағалауға, тақырыптық аудиттер жүргізуге және аудиторлық ұсынымдардың іске асырылуын бақылауға ерекше назар аударылды. Роттердам қаласының Есеп палатасында қатысушылар муниципалдық деңгейдегі аудит жүргізу тәжірибесімен және қалалық бағдарламаларды бағалау кезінде тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін қолдану тәсілдерімен танысты.

Парламенттік бақылау мен қоғамдық қаржыны басқаруға ерекше назар аударылды. Бельгия Федералдық парламенті Өкілдер палатасының, Фламанд парламентінің, Еуропалық парламент пен Еуропалық комиссия өкілдерімен кездесулер бюджеттерді қалыптастыру және орындау, мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылау және олардың есептілігін қамтамасыз ету механизмдерін зерделеуге мүмкіндік берді.

Қаржылық мүддені қорғау және бюджет қаражатының заңсыз пайдаланылуына жол бермеу маңызды тақырыптардың бірі болды. OLAF-пен өткен кездесу барысында Еуропалық одақ бюджетімен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу механизмдері қарастырылды.

Францияның Есеп сотында қазақстандық делегация қаржылық аудит, сәйкестік аудиті және тиімділік аудитін жүргізу тәжірибесімен, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелілігін бағалау тәсілдерімен танысты.

Семинар барысында аудитті цифрландыруға, деректерді талдауға, тұрақты дамуға және ESG есептілігіне ерекше назар аударылды. Бұл тәжірибе Қазақстандағы мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіру, бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру және қаржылық бақылаудың заманауи құралдарын дамытуда практикалық маңызға ие.

Семинар сондай-ақ тәжірибе алмасу және Еуропаның мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытуда кәсіби алаңға айналды.

 

Новости
Дата публикации: 07.10.2026
Жоғары аудиторлық палата Қостанайда жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алудың 174 жағдайын анықтады: әкімдік тиісті шаралар қабылдауда
Жоғары аудиторлық палата Қостанайда жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алудың 174 жағдайын анықтады: әкімдік тиісті шаралар қабылдауда

Қостанай қаласының әкімдігі жер учаскелерін негізсіз иеленіп алудың 174 фактісі бойынша тиісті шаралар қабылдады. Бұл фактілер биыл Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит барысында анықталды.

Қостанай облысында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит аясында Жоғары аудиторлық палата Қостанайда жерді өз бетінше иеленіп алу белгілері бар әрі құқық белгілейтін құжаттары жоқ ғимараттар салынған жер учаскелеріне қатысты 174 жағдайды анықтады. Мұндай объектілер жер және салық есебінен тыс қалып, бюджетке түсім әкелмейді әрі қала үшін құқықтық белгісіздік туындатады.

Осыған байланысты Қостанай қаласының әкімдігіне анықталған жағдай бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Бүгінде тиісті жоспар іске асырылуда. Ол әрбір жағдайды атаулы түрде тексеруді, жер учаскелерін ресімдеуді, әкімшілік жаза қолдануды, сотқа дейінгі талап қою жұмыстары мен өзге де шараларды көздейді. Атап айтқанда, жерді заңсыз иеленіп алған тұлғаларды анықтау үшін 143 факт бойынша мәліметтер Полиция департаментіне жолданды.

31 факт бойынша материалдар Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілді. Расталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар жасалып, оларды жою туралы нұсқамалар берілді.

Егер салынған объектілердің құқық белгілейтін құжаттары болса, иелері жер пайдалану құқығын ресімдеп, бюджетке жер учаскесін пайдаланғаны үшін жалдау ақысын немесе жер учаскесінің сатып алу құнын төлей алады. Мұндай құжаттар болмаса, бұзушылық жасағандар айыппұл төлеп, заңсыз салынған объектілерді бұзуға міндетті.

Бұл жұмыс толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

Новости
Дата публикации: 07.10.2026
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін БЖЗҚ жекеменшік зейнетақы активтерін басқарушылардың есептілігінің ашықтығын арттырды  
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін БЖЗҚ жекеменшік зейнетақы активтерін басқарушылардың есептілігінің ашықтығын арттырды  

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарымен жұмыс істейтін жекеменшік басқарушы компаниялар есептілігінің ашықтығын арттырды. Тиісті шаралар Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша қабылданды.

Жоғары аудиторлық палата бұған дейін азаматтарды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында мемлекеттік аудит жүргізді. Тексеру барысында мұндай компаниялардағы дебиторлық берешек, мерзімі өткен берешек және құрылған провизиялар туралы ақпарат БЖЗҚ-ға «Өзге активтер» жиынтық көрсеткішінің құрамында, яғни нақты сомалар мен олардың үлестері көрсетілмей берілгені анықталды. Бұл зейнетақы активтерін басқару сапасын бақылау мүмкіндігін шектеген.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша БЖЗҚ инвестициялық портфельді басқарушылармен және оларға қызмет көрсететін кастодиан банктермен қосымша келісімдер жасасты. Жаңартылған келісімдер дебиторлық берешекті, мерзімі өткен берешекті және құрылған провизияларды нақты сомалары мен олардың үлестерін көрсете отырып ашып көрсетуді міндеттейді.

Егжей-тегжейлі есептіліктің жасалуы БЖЗҚ мен қадағалаушы органдарға жекеменшік компаниялардың басқаруындағы активтердің сапасын жедел бақылауға және ықтимал тәуекелдерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
Осылайша, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының барынша сенімді қорғалуына жағдай жасалады.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген қалған нұсқамалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.

Новости
Дата публикации: 02.10.2026
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласының 40-қа жуық ұйымы ғылыми нәтижелілік тұрғысынан бағаланды
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласының 40-қа жуық ұйымы ғылыми нәтижелілік тұрғысынан бағаланды

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі өзіне қарасты 37 ұйымның ғылыми нәтижелілігіне ауқымды бағалау жүргізуді аяқтады. Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді. Екі мекеме бойынша нақты шешім қабылданып, қалған ұйымдарға көрсеткіштерді жақсарту жөнінде тапсырмалар берілді.

Бұл жұмысқа Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы жүргізген мемлекеттік аудит негіз болды. Тексеру қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне сала ұйымдарының ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметіне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, шара қабылдау тапсырылды.

2025 жылы жүргізілген кешенді бағалау 37 ұйымды қамтыды: клиникалық бейіндегі 19 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталық, клиникалық емес бейіндегі 10 ғылыми ұйым, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін 8 медициналық ұйым болды.

Мекемелер ғылыми зерттеулерден түсетін кірістер көлемі, жарияланым белсенділігі, ғылыми жұмыстардан дәйексөз келтіру көрсеткіші, патенттердің бар-жоғы, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру деңгейі мен инновациялық қызмет, сондай-ақ халықаралық ғылыми іс-шараларға қатысу деңгейі бойынша бағаланды.

Талдау нәтижелері Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бірлескен отырысында қаралды. Нәтижесінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеу тәуекелдері бар ұйымдар бойынша нақты шешімдер қабылданды.

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғылыми ұйым мәртебесін сақтап қалу ұсынылды. Бұл трансфузиология және қан қызметі саласында республикалық деңгейдегі жалғыз мамандандырылған ұйым әрі саланы ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Орталықтың жұмыс ерекшелігін ескере отырып, ғылыми және инновациялық қызметтен түсетін кірістер үлесі бойынша қолданылатын индикаторды қайта қарау туралы шешім қабылданды.

Ең төмен нәтиже көрсетіп, жекелеген талаптардың орындалуын қамтамасыз етпеген «Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ-ға қатысты белгіленген индикаторларға қол жеткізу үшін шұғыл шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды. Егер 2026 жылдың қорытындысы бойынша нәтижелер қанағаттанарлықсыз болып қалса, ұйымның ғылыми ұйым ретіндегі мәртебесі қайта қаралады.

Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындарының бірінші басшыларына:

  • отандық және шетелдік ғылыми гранттарды тартуды күшейту;
  • халықаралық көпорталықты клиникалық зерттеулерге белсенді қатысу;
  • ұлттық және халықаралық патенттер алуды арттыру;
  • ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруды дамыту;
  • ғылыми және сынақ зертханаларын, биобанктерді, технопарктерді және ғылым бойынша жобалық офистерді қоса алғанда, инфрақұрылымды одан әрі дамыту тапсырылды.

Жүйелі мониторинг жүргізу және алдағы бағалаулардың объективтілігін қамтамасыз ету үшін С. Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығына ҒЗИ, ғылыми орталықтар мен медициналық жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі туралы деректерді жинауға, талдауға және валидациялауға арналған цифрлық платформа құру мәселесін пысықтау ұсынылды.

Сонымен қатар ғылыми ұйым мәртебесін беру және қайта қарау қағидалары жаңартылды: шарттар нақтыланып, нәтижелілікті бағалаудың барынша айқын өлшемшарттары енгізілді, зерттеулерді бағалау рәсімі жетілдірілді, ал қағидалар ұлттық талаптар мен халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілді.

Осылайша, денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми қызметіне ауқымды бағалау толық көлемде жүргізілді. Ұйымдардың ғылыми ұйым мәртебесін сақтауының негізділігі қаралды. Нәтижесінде басқарушылық шешімдер қабылданып, жекелеген мекемелердің қызметін белгіленген талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі шаралар айқындалды.

Жоғары аудиторлық палатаның қалған нұсқамаларының орындалуы бақылауда.

Новости
Дата публикации: 02.10.2026
Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияның жаңартылған құрамының алғашқы отырысы өтті
Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияның жаңартылған құрамының алғашқы отырысы өтті

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасында Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Маңызды өзгерістердің бірі – «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Комиссияның дербес құрамы жаңартылды.

Оның құрамында Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Гүлназ Атамқұлова мен Әсел Хайырова, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Ғабиден Жақсылықов, Руслан Мелдебеков және Нұрлан Нұржанов бар.

Отырыс барысында 16 кандидат әңгімелесуден өтті. Тағы 29 үміткер біліктілікті іріктеу бойынша әңгімелесуден өту кезегінде тұр.

Іріктеу нәтижелері Ұлттық комиссия жұмысының регламентінде көзделген барлық рәсім аяқталғаннан кейін жарияланады.

Новости
Дата публикации: 02.10.2026