#Алматы

Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласында жүргізген аудит қорытындысы шығарылды
Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласында жүргізген аудит қорытындысы шығарылды

Алматы қаласында бюджет қаражаты мен активтерінің пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді (1 қаңтар мен 17 қыркүйек аралығы қамтылды). Аудит қорытындысы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды.

Бүгінгі таңда Алматы республиканың ең ірі экономикалық орталығы болып отыр. Халықтың 11%-дан астамы тұратын қала ЖІӨ-нің шамамен 22%-ын құрайды. Алайда қала экономикасы әлі де негізінен сауда мен көрсетілетін қызметтерге бағдарланған, ал өндірістік және инновациялық секторлардың даму серпіні төмен. Бұл Алматының өсу қарқынын тежейді.

Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру барысында жоспарлау, басқару және бақылау саласында кемшіліктер мен жекелеген бұзушылықтар анықталды.

Мәселен, Алматының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары үнемі түзетулер енгізілуіне қарамастан, басқарудың айтарлықтай тиімді құралына айналмады. Аудит барысында жоспарланған іс-шараларды толық қаржыландырмау практикасы анықталды. Бұл жекелеген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.

Бюджеттік инвестициялық жобалар санының 2022 жылғы
365-тен 2025 жылы 529-ға дейін өсуіне қарамастан, оларды іске асыруда кемшіліктер бар.

Мысалы, 2021 жылы жасалған Жас Қанат шағын ауданында 41 көппәтерлі үй салу жобасы бойынша аудит кезінде 7 үй құрылысы аяқталмаған, ал тағы 12-сі іргелес аумақтың абаттандырылмауына байланысты коммуналдық меншікке берілмеген.

Тексеру барысында Қалалық мобилділік басқармасының жұмысына қатысты да көптеген сұрақ туындады. Басқарма 2022-2025 жылдары тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңгеге негізсіз субсидиялар төлеуге жол берген.

Аудиторлық қорытындыға сәйкес Жер қатынастары басқармасы жер учаскелерін бөлу кезінде ашықтықты арттырып, олардың нысаналы пайдаланылуына бақылауды күшейтуі қажет. Құрылыс тығыздығының сақталмауы нәтижесінде инженерлік және көлік инфрақұрылымына жүктеме ұлғая түсті, сондай-ақ қала тұрғындары үшін әлеуметтік игіліктерге қадамдық қолжетімділіктің болмауына әкелді.

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметіне келетін болсақ, аудиторлардың пікірінше, ӘКК тиімсіз жұмыс істейді. Мәселен, тұрғын үй құрылысына арналған шамамен 30 млрд теңге бюджеттік инвестициялар үш жылға жуық игерілмеген күйінде қалып отыр.

ӘКК сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға толық көлемде қол жеткізе алмады. Бюджеттік кредиттер тиімсіз пайдаланылған және қаржы құралдарына орналастырылған.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 203 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру жүргізу кезінде оның 26 млрд теңгеден астамы өтелді, сондай-ақ есепке алу бойынша және жұмыстарды орындау жолымен 83 млрд теңгеден астамы қалпына келтірілді.

Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 417 факт бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді.

Жоғары аудиторлық палатаның тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және Алматы қаласында стратегиялық жоспарлауды, активтерді басқаруды, бюджеттік тәртіпті жақсарту бойынша қажетті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.

Новости
Дата публикации: 29.01.2026
Алматы облысында мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Алматы облысында мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарының 17 лауазымды тұлғасы мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жоғары аудиторлық палата биыл мамырда өңірдегі тексеру іс-шараларын аяқтады. Аудит барысында ҚР-ның бюджет және өзге де заңнамалары бойынша бірқатар бұзушылықтар анықталды.

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде облыстың атқарушы органдарының 17 лауазымды тұлғасы бұзушылықтарға жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өңірдің басқармаларының бірінің басшысына қатысты қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүргізілуде.

Сонымен қатар облыс әкімі мемлекеттік аудит кезінде анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бүгінгі таңда оны іске асыру жалғасуда.

Новости
Дата публикации: 26.09.2024
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін Алматы тексеру комиссиясын қаржыландыру 130 млн теңгеге қысқартылды
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін Алматы тексеру комиссиясын қаржыландыру 130 млн теңгеге қысқартылды

Алматы тексеру комиссиясының қызметінде анықталған бұзушылықтар бойынша бірқатар шара қабылданды. Жоғары аудиторлық палата оның жұмысындағы кемшіліктерді биыл мамырда жариялаған болатын.

Атап айтқанда, Алматы мәслихатының 13 маусымдағы шешімімен қаржыландыру сомасын 129,6 млн теңгеге азайту бөлігінде өзгерістер енгізілді.

Бұдан басқа, тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен аудит материалдарын мемлекеттік емес ақпараттық жүйеге орналастыру практикасы тоқтатылды. Бұл ақпараттың таралып кетуі мен ведомстволық деректерден айырылып қалу тәуекелдерін туындататын.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Алматы тексеру комиссиясының қызметінде бірқатар бұзушылықты анықтады. Іс жүзінде орындалмаған қызметтерге бюджет қаражатын бөлу жағдайлары белгілі болды. Мысалы, 2022-2023 жылдары аудиторлық ұйымдарды тартудың нақты қажеттілігінің болмауына байланысты 150,4 млн теңге басқа бағыттарға қайта бөлінген, ондағы шығыстардың негізгі бөлігі сыйлықақылар төлеуге жіберілген.

Анықтама ретінде: тексеру комиссиялары өз қызметін басқа мемлекеттік аудит органдарына тәуелсіз жүзеге асырады. Олар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылып, өз жұмысында тиісті облыстың немесе қаланың мәслихатына есеп береді.

Новости
Дата публикации: 09.07.2024
Алматы облысы бойынша мемлекеттік аудит қорытындысы шығарылды
Алматы облысы бойынша мемлекеттік аудит қорытындысы шығарылды

Жоғары аудиторлық палата Алматы облысында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне аудитті аяқтады. Оның нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Палата отырысында қаралды.

Мемлекет басшысының бастамасы аясында Алматы облысы 2022 жылы Жетісу облысының құрылуымен екіге бөлінді, ал оның жаңа орталығы Қонаев қаласы болды.

Өңір экономикасының негізгі драйверлері – өнеркәсіп пен АӨК. Алматы облысының өнеркәсібі 90% өңдеуші сектор кәсіпорындарынан тұрады. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

2023 жылы өңірде 30-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды, бұл мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ірі инфрақұрылымдық жоба – ұзындығы 66 км құрайтын Үлкен Алматы айналма автожолы (ҮАААЖ) іске қосылды.

Қонаев пен Алматы арасындағы G4 City жобасы қайта жанданды.

Туристік сала қарқынды дамып келеді. Туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Көлсай, Қайыңды көлдерін және Қапшағай су қоймасын абаттандыру жалғасуда. Мұның бәрі экономикалық дамудың жанданғанын көрсетеді.

Сонымен бірге аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен трансферттерге тым тәуелді екені анықталды. Жеке инвестициялардың ресурстары толық қолданылмайды.

Мердігерлік ұйымдардың бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіруі салдарынан болатын жүйелік проблемалар жергілікті бюджетке қосымша жүктеме салуда. Мәселен, 2022 жылы құны 129 млрд теңгеден асатын 110 жоба және 2023 жылы 110 млрд теңгеден асатын 81 жоба нормативтік мерзімде аяқталмаған. 2021 жылы басталған 5 автожолдың құрылыс-монтаждау жұмыстары қаржыландырылмауына байланысты тоқтап тұр.

G4 City жобасы аясында 10 жылдан астам уақыт бұрын іске асыру басталған қазіргі Алатау қаласының объектілерімен байланысты бұзушылықтар бар. Атап айтқанда, бухгалтерлік есептегі бұзушылықтар анықталып отыр.

«Қонаев» ӘКК» АҚ «айналым схемасы» арқылы бағаны тұрақтандыру тетігін іске асыруға алынған 4 млрд теңге кредиттік бюджет қаражатының тек 1,5 млрд теңгесі (38%) жұмсалған. Қалған 2,5 млрд теңге (62%) жүйелі түрде депозиттерге салумен банк шоттарында сақталуда.

Жалпы, аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде Алматы облысында жалпы сомасы 16,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 12,2 млрд теңгесі бухгалтерлік есепті жүргізуге қатысты. Бүгінгі таңда аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтардың 96%-дан астамы жойылды.

Сондай-ақ 485 рәсімдік бұзушылық және 20 жүйелік кемшілік анықталды.

Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған бұзушылықтарды жою үшін орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге тиісті қорытындылар мен ұсынымдар берді.

Новости
Дата публикации: 30.05.2024
Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының жұмысында көптеген бұзушылықтарды анықтады
Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының жұмысында көптеген бұзушылықтарды анықтады

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметінде бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Тиісті тексерудің қорытындысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды.

Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының негізгі міндеті – қалалық бюджеттің атқарылуына сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру. Тексеру комиссиясына қатысты Жоғары аудиторлық палатаның аудиторлық іс-шарасы 2022 жылғы 1 қаңтар – 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңді қамтыды.

Алматы қаласында қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту бойынша құзыреті шегінде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Тексеру комиссиясы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, бюджет және еңбек заңнамасын жеткілікті дәрежеде сақтамағаны анықталды.

Сонымен қатар нақты орындалмаған қызметтерге бюджет қаражатын бөлу жағдайлары анықталды. Мысалы, 2022-2023 жылдары аудиторлық ұйымдарды тартудың нақты қажеттілігінің болмауына байланысты 150,4 млн теңге көлеміндегі шығыстар басқа бағыттарға, оның ішінде негізгі бөлігі сыйлықақы төлеуге бағытталған.

Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы сыйлықақылар мен бонустарды төлеу мәселелерінде заңнама талаптарын толық сақтамаған. Бұл бюджет қаражатын пайдаланудағы әділеттілік пен ашықтық қағидаттарын бұзады.

Мәселен, 2023 жылғы желтоқсанда Тексеру комиссиясының жекелеген қызметкерлеріне «лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» 6,5 млн теңге сомаға бірнеше рет сыйлықақы төленген. Атап айтқанда, жұмысқа қабылданған сәттен бастап бір тоқсаннан аз жұмыс істеген адамдарға сыйлықақы берудің бес жағдайы орын алған. Бұл жағдайлар іссапарға жіберілген қызметкерлерге тұрғын үй жалдауға тиісті соманы төлемеу және жекелеген мемлекеттік қызметшілерге тиесілі бонустарды төлемеу аясында болып отыр.

Бұдан басқа, 2022-2023 жылдары жұмыс нәтижелерін бағалау жүргізілмеген және жоғары еңбек тиімділігі расталмаған инспекторларға сыйақылар төленген: 2022 жылы – 4,5 млн теңге, 2023 жылы – 17,2 млн теңге.

Сонымен қатар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын, Сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларын және ішкі регламенттеуші құжаттарды бұзу және сақтамау фактілері анықталды. Атап айтқанда, аудиторлық дәлелдемелер тиісті түрде ресімделмеген.

Сонымен бірге Тексеру комиссиясы тексеру қорытындылары бойынша берілген нұсқамаларды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін лауазымды адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту жөнінде тиісті дәрежеде шаралар қабылдамаған.

Жоғары аудиторлық палатада анықталған бұзушылықтарды жою және Тексеру комиссиясы жұмысының тиімділігін арттыру үшін қатаң бақылау шараларын енгізу, бюджет қаражатын жоспарлау және жұмсау процестерін қайта қарау, сондай-ақ бюджет тәртібін бұзғаны үшін заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыра отырып, оның ішінде материалдарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолдай отырып жауапкершілікті күшейту қажет екендігі атап өтілді.

ЖАП отырысының қорытындысы бойынша Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті лауазымды адамдардың жауапкершілігі қаралатын болады.

Анықтама ретінде: тексеру комиссиялары өз қызметін басқа мемлекеттік аудит органдарына тәуелсіз жүзеге асырады. Олар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады және жұмысы бойынша тиісті облыс немесе қалалық мәслихатқа есеп береді.

Новости
Дата публикации: 16.05.2024
  • 1