Ғылым саласындағы мемлекеттік аудит қорытындылары Құрылтай отырысында қаралды

Құрылтайдың жалпы отырысы: Жоғары аудиторлық палатасы төрағасы Әлихан Смайылов депутаттарға аудит есебін таныстыруда

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы ғылым саласында мемлекеттік қаражат пен активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудитті аяқтады. Тексерудің негізгі нәтижелері сәрсенбі, 11 қарашада өткен Құрылтайдың жалпы отырысында қаралды.


Ғылымды дамыту – Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, технологиялық егемендік пен елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізі ретінде бұл салаға ерекше көңіл бөлініп келеді.

2026 жылы ғылымның маңызы Конституциялық деңгейде бекітілді. Адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды.

2022-2025 жылдары ғылым саласын қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайып, 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өсті. Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары жанданды. Жас ғалымдарды қолдау шаралары қабылданды.

Дегенмен аудит нәтижелері ғылым саласында бірқатар жүйелі мәселелер мен кемшіліктердің әлі де бар екенін көрсетті.

Атап айтқанда, ғылымның ұлттық экономикадағы үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр: жалпы ішкі өнімнің 0,16%-ын құрайды, ал нысаналы көрсеткіш – 1%. Бұл ретте саланы қаржыландырудың өсуі негізінен мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қаржыландырудың үлесі 55%-дан 82%-ға дейін артқан. Бұл бизнес тарапынан ғылыми әзірлемелерге сұраныстың төмен екенін және оның зерттеулерді қаржыландыруға қатысуы шектеулі екенін көрсетеді.

Аудиторлар ғылым саласын басқаруда тұрақты даму саясаты қамтамасыз етілмегеніне назар аударды. 2021-2025 жылдары саланы дамытуға арналған 4 бағдарламалық құжат қолданыста болған, олардың үшеуінің күші мерзімінен бұрын жойылған. Сонымен қатар құжаттарда бірқатар нысаналы көрсеткіштер жеңілдетілген. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындар бойынша нысаналы көрсеткіш ЖІӨ-ге шаққанда 2%-дан 0,5%-ғадейін, зерттеушілер санының өсуі 50%-дан 7%-ға дейін, ал жеке тұлғалардың бірлесіп қаржыландыру үлесі 50%-дан 32%-ға дейін төмендетілген.

Ғылыми тапсырыстарды қалыптастыру тәсіліне қатысты да сұрақтар бар. 2025-2027 жылдарға арналған 7 басымдық пен 153 арнайы мамандандырылған бағыт бекітілген. Алайда бағыттардың мұншалықты кең ауқымы іс жүзінде кез келген зерттеуді басым бағытқа жатқызуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге ғылыми-техникалық тапсырмалар көбіне жалпылама сипатта қалыптастырылады. Яғни оларда нақты нәтиже, оны бағалау өлшемдері мен тәжірибеге енгізу тетіктері көрсетілмейді. Олардың едәуір бөлігіне салалық сұраныс негіз болмаған. 2023-2025 жылдары бекітілген 393 тапсырманың 67 млрд теңге қаражат қарастырылған 149-ы орындалмаған.

Аудиторлар ғылыми жобаларды іріктеу жүйесінен де бірқатар кемшілік анықтады. Мәселен, 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Соның салдарынан зерттеулердің бүкіл кезеңі кейінге шегерілген. Сараптамалық материалдарды ұлттық ғылыми кеңестерге жолдау мерзімі 93 күнге дейін созылған. Сондай-ақ 545 жоба бойынша экономикалық сараптама нәтижесінде қаржыландыру көлемін шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту жөнінде берілген ұсыныстар ескерілмеген.

Сондай-ақ жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысының орын алу тәуекелдері сақталып отыр. Ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы сомасы 52 млрд теңгені құрайтын 127 жоба бойынша зерттеу топтарының құрамына кірген. Ал 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшісі болған.

Құрылтайдың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мемлекет бөлетін қаражаттың қайтарымын арттыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Аудит нәтижелері бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде 79 жобаға іске асыру шығыстары егжей-тегжейлі нақтыланбастан 62 млрд теңге бөлінгенін анықтады. Қорытынды есеп қабылданбаған жағдайда да бөлінген қаражаттың басым бөлігі орындаушыда қалады: жобаны қорытынды бағалауға дейін оның құнының 96-98%-ы төленіп қояды.

«16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болмаған. 2025 жылы мониторинг 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәселелер бойынша тек ақпаратты назарға алумен шектелген», — деді Палата төрағасы.


Оның айтуынша, ғылымның нәтижелілігі көбіне жарияланымдар, қорғау құжаттары және нәтижелерді өндіріске енгізу актілері сияқты формалды өлшемдер арқылы бағаланады. Алайда мұндай көрсеткіштер технологиялық, өндірістік немесе өзге де қолданбалы нәтижеге қол жеткізілгенін растамайды.

Қолданыстағы модельде ғылыми жоба іс жүзінде есеп тапсырумен аяқталады. Ал алынған нәтижелердің кейіннен қалай қолданылатыны жүйелі түрде қадағаланбайды. Атап айтқанда, аудит іріктеп тексерген 60 патент бойынша оларды пайдалану жөнінде келісімдер жасалмаған.

Әлихан Смайылов атап өткендей, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру ғылыми циклдың әлсіз буын болып отыр. Ғылым қорының деректері бойынша коммерцияландыру көрсеткіші 44%-ды құраған. Алайда есепті жыл бойынша бірыңғай әдістемемен есептегенде бұл көрсеткіш небәрі 16%-ға тең екені анықталды.

«Нақты нарықтық әсер де шамалы. Аяқталған 141 жобаның ішінде небәрі 38 жоба немесе 27%-ы ғана соңғы 3 жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізбеген», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.


Аудиторлардың пікірінше, жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға 1% қаражат аудару тетігі де қолданбалы ғылымды дамытудың толыққанды құралына айналмаған. Бұған міндеттемелердің орындалуын бақылаудың әлсіздігі және түскен қаражаттың ғылыми айналымнан тыс мақсаттарға, атап айтқанда депозиттерге, бағалы қағаздарға және РЕПО операцияларына бағытталуы себеп болған.

Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, олардың нақты нәтижелері мен өндіріске енгізілуіне дейінгі бүкіл кезеңді тиімді бақылау үшін басқару процестерін толық цифрландыру және қаражаттың қозғалысы мен жобалардың орындалуын толық қамтитын бірыңғай есепке алу жүйесін енгізу қажет.

  • Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, сонымен қатар 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған мен пайдаланылған.
  • 36 факті бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданды. 
  • Тағы 3 факті бойынша аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданды.

«Аталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктелді. Бұл жұмыстардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады», — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.