Парламент 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебіне Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын қарады
2026 жылғы 26 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының қорытындысы қаралды.
Өткен жылы бюджеттің атқарылуы жаңа Бюджет кодексі жағдайында жүзеге асырылды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарға өз бюджеттерін 15% лимит шегінде нақтылаусыз түзету мүмкіндігі берілді. Алайда Жоғары аудиторлық палата мұндай түзетулердің көлемін шектеу қажет деп санайды, өйткені іс жүзінде жекелеген бағдарламалар бойынша қаражатты қайта бөлу көлемі 90%-ға дейін жеткен.
Мемлекеттік аудиторлардың пікірінше, кредит рейтингінің тұрақтылығына және бюджет параметрлерінің сақталғанына қарамастан, мемлекеттік борышты басқару жүйесін одан әрі жетілдіру қажет. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата шектеулерді күшейтуді, борыш жүктемесінің бюджеттің меншікті кірістеріне әсерін дәлірек есептеуді, сондай-ақ қарыздардың еңбек өнімділігінің артуына, экспорт көлемінің ұлғаюына ықпалын бағалауды ұсынады.
Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарының жеке бөлігі Ұлттық қорды басқару тиімділігін арттыруға қатысты. Палата Ұлттық қор қаражатының түпкілікті алушыға дейінгі қозғалысын цифрлық форматта толық қадағалауды қамтамасыз етуді, қаражатты жоспарлаудан бастап оны пайдалану нәтижелерін бақылауға дейінгі барлық процесті автоматтандыруды, сондай-ақ игерілмеген қаражатты Ұлттық қорға қайтару механизмін нақты регламенттеуді қажет деп санайды.
«Мемлекет басшысының стратегиялық шешімінің арқасында өскелең ұрпаққа ұлттық ресурстарды бөлуге қатысуға мүмкіндік беретін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қабылданды. Кәмелетке толған азаматтардың шоттарында пайдаланылмаған қаражатты инфляциялық процестерден қорғау үшін инвестициялау керек деп есептейміз. Мұндай тәжірибе зейнетақы активтері бойынша қолданылады», — Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов.
Аудиторлардың пікірінше, инвестициялық кіріс кәмелетке толған жинақ иесінің шотына түсуі тиіс.
Сондай-ақ мемлекеттік аудиторлар нәтижеге қол жеткізуге байланысты емес шығыстарды енгізбей, мемлекеттік тапсырмалардың құнын есептеудің бірыңғай талаптарын енгізу қажет деп санайды. Мемлекеттік тапсырмалар құрамынан бәсекелестік нарықтағы бар қызметтер немесе қосалқы мердігерлікке берілетін тапсырыстар алынып тасталуы керек.
Тағы бір өзекті мәселе – бюджет жүйесінен тыс қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз ету. Жоғары аудиторлық палата жылдық есепте бюджеттен тыс қорларға қатысты мәліметтер толыққанды қамтылуы тиіс деп есептейді. Бұл олардың тұрақтылығы туралы қорытынды жасауға, кірістердің толықтығын, шығыстардың айқындығын бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата Үкіметтің жылдық есебінде квазимемлекеттік сектор қызметінің нәтижелері, оның ішінде қарыз алу мақсаттары, мемлекеттік қолдаудың көлемі мен оның тиімділігі туралы ақпараттың болуы маңызды деп санайды. Оларды бағалаудың басты критерийі азаматтардың әл-ауқатын арттыру және экономикалық өсу болуы тиіс.
Қорытындылай келе, жүйелі сипаттағы барлық мәселе бойынша Жоғары аудиторлық палата 26 ұсыным берді. Ұсынылып отырған шаралар ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігін және жалпы мемлекеттік басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді.