Қазақcтан Республикасының Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі eceп комитетi мен Қытай Халық Республикасының Ұлттық аудит офисі арасындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСIМ

Қазақcтан Республикасының Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі eceп комитетi мен Қытай Халық Республикасының Ұлттық аудит офисі арасындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСIМ

Бұдан әрi «Тараптар» деп аталатын, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Қытай Халық Республикасының Ұлттық аудит офисі өзара құрмет, сенім, тең құқылық, әріптестік және ынтымақтастық қағидаттарын негізге ала отырып, Халықаралық жоғары аудит органдары ұйымы (ИНТОСАИ), Азия жоғары аудит органдары ұйымы (АЗОСАИ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы, олардың мемлекеттері қатысушы болып табылатын ынтымақтастықтың басқа да форматтары қызметінің ережелерін және негізгі қағидаттарын басшылыққа ала отырып, ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың қажеттілігін атап өтіп, сыртқы мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыруға екі жақтың ұмтылысына сүйене отырып, төмендегілер туралы келісті.

 

1-бап

 

Тараптар өз құзыреттерінің шегінде әрекет етіп және өз мемлекеттерінің заңнамасы мен халықаралық міндеттемелерін басшылыққа ала отырып, осы Келісімге сәйкес ынтымақтастықты жүзеге асырады.

 

2-бап

 

Тараптар ынтымақтастықты екі жақты негізде де, ИНТОСАИ, АЗОСАИ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ынтымақтастықтың басқа да форматтары шеңберінде де дамытады.

 

3-бап

 

Тараптар өз өкілеттіктері мен мүмкіндіктері шеңберінде өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мынадай бағыттар:

1) өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеу жобалары мен іс-шаралар ұйымдастыру, соның ішінде сыртқы мемлекеттік аудиттің негізгі проблемалары бойынша консультациялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізу;

2) кәсіби білім беру және кадрлардың біліктілігін арттыру саласында өзара іс-қимыл жасау, оның шеңберінде Тараптардың әрқайсысы өз жұмыскерлерінің кәсіби білімдері мен дағдыларын жетілдіру мақсатында өзара келісу бойынша екінші Тараптың делегацияларын немесе жекелеген өкілдерін, өздері тиісінше Қазақстан Республикасында және Қытай Халық Республикасында ұйымдастыратын конференцияларға, семинарларға және басқа халықаралық іс-шараларға қатысу үшін шақырады;

3) Тараптардың қызмет саласына қатысты ақпараттық-анықтамалық материалдармен, соның ішінде сыртқы мемлекеттік аудит саласындағы стандарттар мен әдіснамалық әзірлемелермен алмасу;

4) осы Келісімнің 1-бабында айқындалған шарттарды ескере отырып, ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді бағыттары мен нысандары бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.

 

4-бап

 

Осы Келісімге сәйкес кез келген ынтымақтастық және атап айтқанда ықтимал бірлескен аудиттердегі ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

5-бап

 

1. Тараптар өзара келісу бойынша бір-біріне бірлескен немесе қатар аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шараларының материалдарын, сондай-ақ осы Келісімді іске асыру шеңберінде өзге де ақпаратты береді.

2. Ақпаратпен алмасу кезінде ақпаратты жіберіп отырған және мұндай ақпарат келіп түскен Тарап, өз мемлекетінің ақпаратты қорғау саласындағы заңнамасын басшылыққа алады.

3. Ақпарат алу кезінде, ақпарат келіп түскен Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес бұл ақпарат ашық болып табылатын жағдайларды қоспағанда, оның құпиялылығына кепілдік береді.

4. Егер Тараптардың біреуінің пікірінше, ақпарат беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өз мемлекетінің өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін не болмаса мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны бұзуға әкеп соғатын болса, онда ол мұндай ақпарат беруден толық немесе ішінара бас тарта алады.

5. Ақпарат беруден бас тартқан жағдайда, басқа Тарапқа ол туралы шешім бас тартудың себебі көрсетіле отырып жіберіледі.

 

6-бап

 

Осы Келісімнің шеңберінде іс-шараларды өткізу барысында, егер Тараптардың алдын ала келісімімен басқаша көзделмесе, Тараптардың әрқайсысы өз делегациясының немесе жекелеген жұмыскерлерінің іссапарымен байланысты шығыстарды көтереді.

 

 

 

 

 

7-бап

 

Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жазбаша немесе ауызша қарым-қатынас үшін ағылшын тілін пайдаланады.

 

8-бап

 

Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын келіспеушіліктер консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

 

9-бап

 

Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және олар осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.

 

10-бап

 

Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа тиісті жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда Келісім өз қолданысын осындай  хабарламаны алған күннен бастап бір ай өткен соң тоқтатады.

 

 

Мәскеу қаласында 2019 жылғы «23» қыркүйекте қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер тең тұпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің мәтіндері арасында айырмашылықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

 

 

Қазақстан Республикасының

Республикалық бюджеттің

атқарылуын бақылау жөніндегі

есеп комитеті үшін

 

 

_______________

Наталья Годунова

Қытай Халық Республикасының

    Ұлттық аудит офисі үшін

 

 

 

 

                   ________________

 Ху Дзеджун

 
Дата публикации
17 января 2020