2023 жылғы 1 тамыздағы Үкімет отырысына Энергетика министрінің баяндамасы

Құрметті Әлихан Асханұлы,

құрметті әріптестер!

 

2-слайд.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша энергетикалық сектордың жер қойнауын пайдаланушыларының тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі 5,7 трлн теңгені құрады.

Сатып алу көлемінің 77% ірі мұнай-газ жобаларының операторларына;

«Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобына 12%;

Қалған жер қойнауын пайдаланушыларға 11% тиесілі.

Өткен жылы қазақстандық қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші 3,4 трлн теңге сомаға 59,74% құрады, оның ішінде: тауарлар – 27,3%, жұмыстар – 77%, көрсетілетін қызметтер – 50,2% құрады.

Биылғы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді  сатып алудың жалпы көлемі 1,5 трлн. теңгені, Қазақстандық қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші 832,24 млрд.теңге сомасына 55,97% құрады.

Оның ішінде: тауарлар – 58,68 млрд. теңге немесе 27,53%; жұмыстар - 479,23 млрд.теңге немесе 76,13%; көрсетілетін қызметтер – 294,33 млрд. теңге немесе 45,68%.

3-слайд.

Өздеріңіз білетіндей, ірі жобалардағы тауарлардағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мақсатында Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығы (Орталық) құрылды.

Орталық 123 отандық өндірушілерді аралап, шамамен 400 млн АҚШ доллары сомасына барлық ірі жобаларда ұзақ мерзімді перспективада сұранысқа ие өнімнің 7 тауар тобын анықтады.

Бұл 7 тауар тобы ірі операторлардың барлық сатып алуларының 40% құрайды.

Қосымша биылғы жылы 5 тауар тобы анықталды: тиеу-түсіру жабдықтары мен материалдары, жылу алмастырғыштар жылу алмасу жабдықтары, өртке қарсы жабдықтар, химиялық заттар майлар бояулар, оқшаулағыш және отқа төзімді материалдар.

Сондай-ақ Орталық өндірістерді оқшаулау және технологиялар трансферті бойынша халықаралық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілермен келіссөздер жүргізуде.

Атап айтқанда, әлемдік жабдық өндірушілерімен 16 меморандум мен келісімге қол қойылды, Honeywell (АҚШ), PetrolValves (Италия), Sigma Solutions, Emerson (АҚШ) компаниясымен газ детекторларын, жарылыстан қорғалған орындауды басқару жүйелерінің шкафтарын, электр тарату қораптары мен сорғыларын, сондай-ақ қысым датчиктерін шығару бойынша 4 жаңа өндіріс іске қосылды.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

4-слайд.

Министрліктің, «PSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен орталықтың бірлескен жұмысының нәтижесінде былтыр операторлар отандық өндірушілерге шамамен 160 млн. АҚШ долларынан астам сомаға 55 келісімшарт берді.

Ірі жобаларда «Ерте тендер», «Сынамалық тапсырыс» және «Инвестициялардың орнына келісімшарт» сияқты жергілікті тауар өндірушілерді қолдау тетіктері енгізілді.

Мәселен, «Ерте тендер» тетігі шеңберінде 20 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды, оның 9-ы Қарашығанақта, 11-і Қашағанда.

ҚПО-ның «Сынамалық тапсырыс» тетігі бойынша 10 сынама тапсырысы орналастырылды, оның ішінде отандық өндірушілермен 4 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды.

НКОК компаниясы былтырғы, биылғы жылдары 10 сынама тапсырысын орналастырды.

5-слайд.

Тауарлардағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту әлеуеті бар екенін атап өткім келеді.

Ол үшін Министрлік, «PSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен Орталық мынадай шараларды қабылдайды:

Біріншісі – ірі Операторлармен отандық өндірушілерді барынша тартуды қамтамасыз ету үшін тендерлік рәсімдердің ережесіне өзгерістер енгізу мәселелерін пысықтау басталды. Атап айтқанда, Орталық тарапынан отандық өндірушілерді верификациялаудан кейін іріктеу арқылы ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу рәсімдерін оңайлату ұсынылады.

Екіншісі – Қазақстан Республикасы аумағында өндірістерді оқшаулаудың орнына отандық өндірушілерге, сондай-ақ халықаралық компанияларға ұзақ мерзімді тапсырыстар бере отырып, «Инвестициялар орнына келісімшарт» тетігін практикалық қолдану.

Үшіншісі – механикалық тығыздағыштар, қауіпсіздік клапандары, сорғылар, фланецтер және басқада тауарлар бойынша жаңа өндірістерді оқшаулау.

 

Баяндама аяқталды! Назарларыңыз үшін рақмет!