ҚР Энергетика министрі А. М. Сәтқалиевтің Солтүстік Қазақстан облысының халқы алдындағы есепті кездесуге арналған тезистері (2023 ж. 28.06, сағат 10-00.)
Қайырлы күн, құрметті Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары!
Кездесуді бастамас бұрын баршаңызды Қаситетті ұлы мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Алдымен, осы аймақтың отын-энергетикалық кешенінің қазіргі жағдайы туралы қысқаша мәлімет бере кетуге рұқсат етіңіздер.
Осыдан кейін Мен Сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайын боламын.
Министрліктің қазіргі қызметі мұнай-газ және энергетика салалары сияқты стратегиялық бағыттарда шоғырланғанын атап өткім келеді.
Министрлік сондай-ақ газ инфрақұрылымын, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды іске асыру және халықты мұнай өнімдерімен және сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету бөлігінде халық өмірінің негізгі салаларында мемлекеттік саясатты жүргізеді.
1-СЛАЙД. ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ
Өңірдегі ең негізгі және өзекті мәселелердің бірі – электр энергетикасы саласы.
Солтүстік Қазақстан облысында электр және жылу энергиясының жалғыз көзі Петропавл Жылу электр орталығы болып табылады.
Станцияның қолда бар электр қуаты 512 МВт, жылу қуаты – 713 Гкал/сағ.
Станцияның негізгі жабдықтарының физикалық тозуы 56,1% құрайды.
Ағымдағы жылдың 23 маусымындағы жағдай бойынша Петропавл Жылу электр орталығы 1,1 млрд. кВтсағ электр энергиясын өндірді, облыс пен Петропавл қаласының ішкі тұтыну көлемі - 844 млн.кВтсағ.
Энергетика министрлігі «Севказэнерго» акционерлік қоғамының электр энергиясын өндіруге 14,5 теңге/кВтсағ деңгейінде шекті тарифті, босату бағасы 16,47 теңге/кВтсағ көлемінде бекітті.
2022 жылы жөндеу жұмыстарына инвестициялар көлемінің төмендігіне байланысты Петропавл Жылу электр орталығында технологиялық бұзушылықтардың бір жарым есеге, ал 2019 жылмен салыстырғанда үш есеге өсуі тіркелді.
Өздеріңіз білетіндей, мұржаның жоғары жағы құлаған болатын.
Министрлік техникалық жай-күйге бағалау жүргізу үшін Петропавл Жылу электр орталығына тәуелсіз сараптама комиссиясын жіберді, оның қорытындысы бойынша Петропавл Жылу электр орталығы – 2-нің жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жол картасы әзірленді.
Осы мәселені шешу мақсатында 2022 жылы 6,3 млрд.теңге инвестицияланды, биыл 5,6 млрд. теңге инвестициялау жоспарлануда.
2-СЛАЙД. КҮЗГІ-ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚ
Жол картасы 5 блокқа бөлінген, ол алдағы жылыту маусымына жылу электр орталығын уақтылы және сапалы дайындауды қамтамасыз етеді.
Бірінші блокта №1 түтін құбырын бөлшектеу, №2 түтін құбырын күрделі жөндеу және №2 және №3 түтін құбырларын тексеру бойынша іс-шаралар аяқталды.
Екінші блокта №4, 5 қазандықтарды №2 түтін құбырына және №8 қазандықты №3 түтін құбырына қосу үшін бас корпусты қалпына келтіру және уақытша газ құбырларын салу жөніндегі іс-шаралар аяқталды.
Үшінші блокта №9 және 11 қазандықтарды қоспағанда, қазандықтар мен жалпы станциялық, қосалқы жабдықтарды жөндеу бойынша іс-шаралар аяқталды, олар қазіргі уақытта орындалуда және ағымдағы жылғы 30 маусымға дейін аяқталатын болады.
Төртінші блокта екі турбоагрегатты күрделі жөндеу бойынша іс-шаралар аяқталды.
Бесінші блокта аяқталу мерзімі 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін №1 түтін құбырын салу бойынша іс-шаралар көзделген.
Жаңа құбыр үшін іргетас құю жұмыстары аяқталу сатысында: құрылыс аймағынан инженерлік коммуникацияларды шығару жүргізілді, шұңқыр жасалды, іргетастың металл қаңқасы орнатылды.
Осыдан кейін мұржаның темірбетон бөшкесінің құрылысы бойынша 2 кезең басталады.
Сонымен қатар, инвестициялық келісімге сәйкес №2 қазандықты реконструкциялау жоспарлануда.
3-слайд. КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ ҮШІН ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫН ЖЕТКІЗУ
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу мәселесін айналып өтуге болмайды.
Күзгі-дала жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мұнай өңдеу зауыттарында 222 мың теңге (184 теңге/литр) бағамен 419 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді, жеткізуді ескере отырып, бағасы 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 30% - ға төмен.
Солтүстік Қазақстан облысы үшін 73,6 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Берілген өтінімдерге сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына дизель отынын тиеп жөнелту көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде бекітілген жоспардан 70,7 мың тонна дизель отыны жөнелтілді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері негізінде Солтүстік Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп егін жинау науқанына дизель отынын бөлу көлемі бекітілді, ол 58,9 мың тоннаны құрайды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын жеткізу нарығын реформалау бөлігінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен жанармай құю станциялары мекенжайына дизель отынын жеткізуді қадағалау үшін жекелеген ПИН-кодтар енгізілді.
Сонымен қатар, келесі шаралар пысықталуда:
- байланыс деректерін, егістік жерлердің жалпы ауданын, жанар-жағармай қажеттілігін көрсете отырып, аумақтық бөліністе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің деректер базасын құру;
- ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мұнай базаларында немесе ресурс ұстаушылардан мұнай өнімдерін өз бетінше сатып алуға мүмкіндік беретін, отынды бөлу үшін электрондық-ақпараттық жүйені енгізу.
4-СЛАЙД. СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫ
Келесі сала, сұйытылған мұнай газы нарығы.
Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік реттеуді белгілеп, сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын бекітті.
Осы бұйрыққа сәйкес Солтүстік Қазақстан облысында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 75-80 теңгені құрайды.
Өңірде 7 жуық газ желісі ұйымдары мен 112 жуық автомобильге газ құю станциялары бар.
Облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылы 55 мың тоннаны құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында шамамен 33 мың тонна тұтынылды.
Біз ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын және бағаның алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдап жатқанымызды атап өткім келеді.
Бұл шаралар сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын белгілеу арқылы бөлшек бағаның күрт өсуін болдырмауына мүмкіндік береді.
5-СЛАЙД. ГАЗДАНДЫРУ
Үкіметтің басым жұмыстарының бірі-елдің солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыру.
Өздеріңіз білетіндей, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2019 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырынан газ алатын «Сарыарқа» газ құбырының 1 кезеңі іске асырылды.
2022 жылғы маусымда «АстанаГаз ҚМГ» акционерлік қоғамы құны 188,5 млрд.теңге болатын Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды көздейтін «Сарыарқа» 2,3 кезеңінің құрылысы бойынша техникалық экономикалық негіздеме әзірленді.
Алайда, өткен жылыту маусымында газды ішкі тұтынудың күрт өсуін ескере отырып, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» 106% жүктелді, яғни жобалық мүмкіндіктен тыс жұмыс істеді.
Бүгінгі таңда QazaqGaz «Бейнеу-Бозой-Шымкент» 2 желісін жобалау бойынша жұмыстар басталды, оның аяқталу мерзімі осы жылдың соңына дейін. Жобаны 2027 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Министрлік «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының Ресей Федерациясынан газ құбырымен тоғыстыру нұсқасын зерттеп жатыр.
Бүгінгі таңда «Газпром» жария акционерлік қоғамы аяқталу мерзімі осы жылдың шілде айында дайын болатын алдын ала техникалық экономикалық негіздемені әзірлеуде.
Осыған байланысты, газ құбырының бағыты мен газ бағасын алғаннан кейін елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың оңтайлы нұсқасы айқындалатын болады.
Құрметті кездесуге қатысушылар!
Баяндамамды аяқтап, айтылған барлық мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында екеніне сендіргім келеді.
Біз оларды толық және уақтылы шешуге бар күшімізді саламыз.
Әрі қарай, Сіздерді қызықтыратын сұрақтарға көшуді ұсынамын.
Мен сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.