Энергетика министрі А М. Сәтқалиевтің 2023 жылғы 6 маусым, сағат 10:00-де (АШТӨ үшін дизель отыны) Үкіметте жасаған баяндамасы
Құрметті Әлихан Асханұлы!
1-слайд
Көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету туралы ақпарат ұсынамын.
2-слайд: Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері үшін дизель отынын жеткізу (көктемгі егіс жұмыстары-2023)
Слайдта екі жылдағы жоспарларды салыстыру беріліп отыр.
Мәселен, көктемгі егіс жұмыстарына өткен жылы – 400 мың тонна дизель отыны бөлінсе, осы жылы 419 мың тонна бөлінді.
Осы жылы Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, әкімдіктермен және ҚазМұнайГазбен бірлесіп біркелкі жеткізу графигін дайындады. Өткен жылы айына 20 мың тоннадан 152 мың тоннаға дейін ауытқыса, осы жылы айына 81 мың тоннадан 117 мың тоннаға дейін біркелкі жеткізілді.
Осы біркелкі жеткізу графигі жанармай құю станцияларына көбірек дизель отынын жіберуге мүмкіндік берді.
Егіншілер үшін дизель отынының бағасы – 1 тонна үшін 222 мың теңге немесе 1 литр үшін 184 теңге.
Егер дизель отынын жеткізу бойынша операторлардың шығыстарын ескеретін болсақ, онда егіншілерге жеткізу кезіндегі орташа баға 1 литр үшін 204 теңге болады. Бұл автожанармай құю станциясындағы бағадан 31 пайызға төмен.
Дизель отыны қозғалысының ашықтығын және оны бақылауды қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі, ҚазМұнайГаз және мұнай өңдеу зауыттары мынадай шаралар қабылдады:
- Мемлекеттік кірістер комитетінен жеке ПИН-кодтар алынды;
- АШТӨ-ге арналған дизель отынын сары түске, Павлодар зауыты үшін қызылға, Шымкент мұнай өңдеу зауыты үшін көк түске боялды;
- АШТӨ операторлары шот-фактуралардың электрондық жүйесінде жеке виртуалды қоймалар құрды.
5-ші маусымға 419 мың тоннаның 392,5-сі жіберілді. Бұл барлық көлемнің 93,5 пайызын құрайды.
Маусым айында соңғы 10,37 мың тоннаны жөнелту жоспарланып отыр.
Мұнай өңдеу зауытының уақытында жөнелту шарттары мыналар:
- Операторлардан өтінімнің болуы;
- Төлемнің болуы;
- вагон-цистерналарды беру.
Дизель отынын жөнелту мәселесі Энергетика министрлігі мен ҚазМұнайГаздың бақылауында тұр.
3-слайд: АШТӨ үшін дизель отынын жеткізу
Өткен жылғы 30 желтоқсанда «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілді.
Оған сәйкес:
- 13 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы жұмыстарына мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын айқындау қағидаларын және көктемгі егіс және күзгі дала жұмыстарына мұнай өнімдерінің көлемін қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекітті
- сонымен қатар жанар-жағар май тапшылығын болдырмау мақсатында мұнай өнімдерін өндірушілер мен мұнай жеткізушілер жыл сайын мұнай өнімдерінің көлемін стационарлық автожанар май құю станцияларына жеткізуге міндетті.
Күзгі жұмыстар. Егін жинау жұмыстарына дизель отынын жеткізу графигін әзірлеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерден ақпарат күтілуде:
Баяндама аяқталды. Назарларыңызға рақмет!