Вице-министр А. Ғ. Хасеновтің Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесуіне арналған тезистер

Қайырлы күн,

құрметті Батыс Қазақстан облысының тұрғындары!

 

Алдымен, осы өңірдің отын-энергетикалық кешенінің қазіргі жағдайы туралы қысқаша мәлімет беруге рұқсат етіңіздер.

Содан кейін сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайын боламын.

Министрліктің қазіргі қызметі мұнай-газ және энергетика салалары сияқты стратегиялық бағыттарда шоғырланғанын атап өткім келеді.

Министрлік сондай-ақ газ инфрақұрылымын, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды іске асыру және халықты мұнай өнімдерімен және сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету бөлігінде халық өмірінің негізгі салаларында мемлекеттік саясатты жүргізеді.

 

1-слайд. МҰНАЙ САЛАСЫ

Батыс Қазақстан облысы мұнай өндіру көлемі бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарынан кейінгі республиканың үшінші мұнай өндіруші өңірі болып табылады, оның үлесіне ҚР бойынша жалпы мұнай өндірудің 13,7% - ы тиесілі (2022 жыл: ҚР – 84,2 млн.тн, БҚО-11,5 млн. тн).

Мұнай мен конденсаттың қорлары шамамен 1 554,2 млн. тонна / 329 млн. тоннаны құрайды, газ бойынша 1 438,2 млрд. текше м3/882,6 млрд. текше м құрайды.

Облыста мұнай өндіруді «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Жайықмұнай» ЖШС компаниялары жүзеге асырады.

Келешекте 2029 жылға қарай өңірде мұнай өндіруді 13,1 млн.тоннаға дейін ұлғайту көзделуде.

Өңірде мынадай жобаларды іске асыру жоспарлануда:

Қарашығанақ кен орнында өндіру сөресін қолдау жобалары шеңберінде 5-ші компрессордың құрылысы жүргізілуде.

Ағымдағы жылы 6-шы компрессорды салу жобасын іске асыру басталды. 5-ші және 6-шы компрессорлардың жобаларын тиісінше 2025 және 2028 жылдары аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, өңірде жер қойнауының бос перспективалы учаскелері бар, олар аукциондық тетік арқылы өткізіледі.

2022 жылы жер қойнауының 3 учаскесі бойынша аукцион өткізілді. Игеруге жоспарланған инвестициялар 4,1 млрд. теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда барлық учаскелер бойынша барлау жөніндегі жобалау құжатын жасау үшін геологиялық-геофизикалық материалдарды зерделеу жүргізілуде, содан кейін 2024 жылдан бастап геологиялық барлау басталады деп күтілуде.

Ағымдағы жылдың шілде айында жер қойнауының 2 учаскесі бойынша аукцион өткізу жоспарланған.

Бұдан басқа, бүгінде мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізу үшін әлеуетті 5 жер қойнауы учаскесі енгізілген.

 

2-слайд. ГАЗ САЛАСЫ

Өздеріңіз білетіндей, өңірдегі газ өндірудің негізгі үлесін Қарашығанақ кен орны қамтамасыз етеді, ол мұнай-газ конденсатты кен орны болып табылады.

Бұл ретте осы кен орнының техникалық шарттарын ескере отырып, мұнай өндіру үшін өндірілген газды кері айдау қажет.

Мәселен, 19,8 млрд. м3 газ өндіру кезінде айдау үлесі 2022 жылы 56% немесе 11,1 млрд. м3 құрайды.

Халықты тауарлық газбен қамтамасыз ету үшін 37% немесе 7,4 млрд.м3 газ Орынбор газ өңдеу зауытына жіберіледі, оның ішінде 6,4 млрд. м3 тауарлық газ өңделгеннен кейін елге қайтарылады.

Келешекте 2029 жылға дейін газ өндіруді тиісінше 19,8-ден 32,7 млрд.м3-ке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Тауарлық газды алу үшін биыл Қарашығанақ акционерлерімен бірлесіп, қуаты жылына 4 млрд. м3 дейінгі газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру бойынша тұжырымдамалық шешімдерге қол жеткізілді, оны 2028 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, 2023 жылы алынатын қорлары шамамен                    30 млрд.м3 болатын жаңа Рожковское кен орнын енгізу жоспарлануда, бұл «Жайықмұнай» ЖШС газ өңдеу зауытының бос қуатын қосымша жүктеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, болашақта алынатын газ қоры                      42,3 млрд.м3 болатын Каменск-Тепловск-Токаревск кен орындарының тобын іске қосу жоспарлануда.

Министрлік газдың ресурстық базасын ұлғайту үшін жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады.

Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алу бағасының жаңа ынталандырушы тетігі қабылданды.

Осы тетікке сәйкес газды сатып алу бағасы енді ҚР мен ҚХР шекарасындағы экспорттық бағалар (70%) және ішкі нарықтағы бағалар (30%) негізінде қалыптастырылады.

Сондай-ақ жақсартылған модельдік келісімшарт қабылданды, онда газ жобалары үшін мынадай преференциялар көзделген: корпоративтік табыс салығынан, өндіру басталған күннен бастап 20 жылға экспорттық кедендік баждан босату және баламалы табыс салығына көшу құқығы.

Бұл шаралар газ өндіруге және өңдеуге инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

3-слайд. КПО ӘЛЕУМЕТТІК-ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАРЫ

Жер қойнауын пайдаланушылардың өңірді дамыту жөніндегі әлеуметтік міндеттемелерін атап өткім келеді.

1998-2022 жылдар кезеңінде КПО-ның өңірдегі әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде жалпы сомасы 459 млн.АҚШ долларын құрайтын 228 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.

Ағымдағы жылы 2023-2025 жылдар кезеңінде 20 жобаны іске асыруға 82,4 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесі пысықталды.

9 мектеп, 2 денсаулық сақтау, 5 спорт объектісін салу, дәрігерлік амбулаторияны жөндеу, жабдықтар сатып алу арқылы медициналық желіні жаңғырту, сондай-ақ «Подстепное – Федоровка-РФ шекарасы» жолының 36-108 км-ін реконструкциялау бойынша жобалар іске асырылатын болады.

Қаражат облыс әкімдігіне аударылады және кейіннен басқа жобаларға қайта бөлінуі мүмкін.

4-слайд. ГАЗДАНДЫРУ

Бүгінгі таңда облыстың газдандыру деңгейі республика бойынша ең жоғары болып табылады және 99,6% құрайды немесе 685 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етілген.

53 ауылдық елді мекен газдандырылмаған күйінде қалып отыр, оларды газдандыру техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып және бюджет қаражатының бөлінуіне қарай жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар, 2023 жылы жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 229 млн.теңгеге 7 ауылдық елді мекенді (Жаңақала ауданы – Салтанат, Саралжын, Борық, Плантация, Ақжайық ауданы – Баянтөбе, Қызылжар, Сырым ауданы – Сасықкөл) қаржыландыруға қаражат бөлінді.

5-слайд. ТАУАРЛЫҚ ГАЗҒА БАҒА БЕЛГІЛЕУ

Газға баға белгілеу мәселелеріне қатысты Қарашығанақ кен орнының газы Орынбор мұнай өңдеу зауытында өңделетінін және Батыс Қазақстан облысының тұтынушылары үшін айтарлықтай төмен бағамен сатылатынын, яғни бұл «QazaqGaz» ҰК» АҚ үшін шығын болып табылатынан атап өткім келеді.

Тауарлық газдың өзіндік құнына шикі газды сатып алу, тасымалдау  және оны Орынбор мұнай өңдеу зауытында өңдеу, тауарлық газды Ресейдің Қазақстанмен шекарасына дейін тасымалдау, әкімшілік шығыстар және Қазақгаз үшін 31,68 теңге/м3 кіреді.

Газды бөлшек саудада сатуды ҚазТрансГаз Аймақ жүзеге асырады және соңғы тұтынушылардың атына бағасы 16,79 теңге/м3 құрайды.

Осылайша, мемлекет халық үшін газдың бөлшек бағасын 14,89 теңге/м3 мөлшерінде субсидиялайды.

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап тауарлық газға бөлшек сауда бағасының өсуі күтілуде. БҚО бойынша ол текше метр үшін 18,7 теңгені құрайды немесе қолданыстағы бағамен (16,79 теңге/м3) салыстырғанда текше метр үшін 1,9 теңгеге артады.

Бағаның көтерілуінің себебі бекітілетін көтерме бағаның тауарлық газдың өзіндік құнынан төмен болуы, демек көтерме бағаның өсуі жер қойнауын пайдаланушыларды газ өндіру бойынша ынталандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ газды қайта өңдеуді дамытуды қамтамасыз етеді.

 

6-слайд. СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫ

Ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету де Министрліктің басым міндеті болып табылады.

Сұйытылған мұнай газын ішкі тұтыну көлемі 2022 жылы еліміз бойынша 1,8 млн. тоннаны құрады. 2021 жылмен салыстырғанда тұтыну 400 мың тоннаға өсті.

Бұл ретте сұйытылған мұнай газын өндіру теріс динамиканы көрсетеді. Осылайша, өндірушілер үшін инвестициялық тартымдылықтың төмендігіне байланысты өндіріс 2022 жылы шамамен 400 мың тоннаға қысқарды.

Бұл ретте Республикамызда бір литр сұйытылған мұнай газ үшін бөлшек сауда бағасы өңірге байланысты 50 теңгеден 70 теңгеге дейін өзгереді.

Көрші елдермен салыстырғанда Республикамызда сұйытылған мұнай газ бағасы 3-4 есе төмен. Батыс Қазақстан облысы үшін баға 1 литр үшін 60-65 теңгені құрайды.

Өңірде 3 газ толтыру станциясы (көтерме) және 100 автомобильге газ құю станциясы бар.

Облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылы 55 мың тоннаны, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында 19,5 мың тоннаны құрады.

 

7-слайд. ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ МАТЕРИАЛДАРЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР

Қазақстан жанар-жағармай бағасы ең төмен елдер тізіміне кіреді. Дизель бағасының көтерілуіне дейін елдегі баға 230-260 теңге аралығында өзгерді.

Бұл ретте Ресейде дизель отынының құны 1 литріне орташа есеппен 345 теңгені құрады, бұл 45%-ға қымбат. Қырғызстанда бағасы 64%-ға жоғары және 390 т/л құрады, Өзбекстанда дизель отыны екі есе қымбат – 480 т/л (101%).

Төмен бағалардың салдарынан көрші елдермен салыстырғанда мұнай өнімдерінің бақылаусыз экспорты байқалды.

Мұндай жағдайда қазақстандық дизель басқа елдерге одан да үлкен көлемде «ағып кетті». Биылғы жылы біз 850 мың тоннаға дейінгі көлемде тапшылыққа тап болуымыз мүмкін.

АИ-92, АИ-93 маркалы бензинге қатысты да осындай жағдай қалыптасып отыр.

Егер бұрын тапшылық өндіріс көлемін ұлғайту есебінен ішінара жабылса, қазір біздің МӨЗ өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істейді.

Осылайша, Қазақстан өзінің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтіре отырып, өзінің арзан отынымен басқа елдердің экономикаларын іс жүзінде субсидиялады.

Бұл ретте ЖЖМ нарығын үздіксіз қамтамасыз ету бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдағанымызды атап өтемін. Нақты айтсам:

- мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынды;

- ресурс ұстаушыларды ЖЖМ станцияларына тікелей сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды;

- мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесінде өнімсіз делдалдарды алып тастау бойынша заңнамалық нормалар қабылданды;

- резиденттікке және жанармай құю көлеміне байланысты сараланған бағалар енгізілді.

Алайда, бұл шаралардың барлығы тиісті нәтиже бермеді және ЖЖМ ішкі нарығын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмасын төмендету қажет болды.

Осыған байланысты, Министрлік Аи-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасын 205 теңгеге дейін және дизель отыны бағасын литріне 295 теңгеге дейін көтеру  жөнінде бұйрық қабылдады.

Жанар-жағармай материалдарының бағасының өсуі бүгінде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.

Елімізде дизель отынының жиынтық қоры 286-дан 471 мың тоннаға дейін немесе қажеттіліктің 27 тәулігіне дейін ұлғайтылды.

Дизель отыны жоқ жанармай құю станцияларының саны 574-тен 266-ға дейін немесе 18-ден 8,3%-ға дейін азайды (барлығы 3 191 жанармай құю станциялары).

Облыс бойынша 131 жанармай құю станциясының ішінен дизель отыны жоқ жанармай құю станцияларының саны 21-ден 2-ге дейін азайды.

Сонымен қатар, мұнай өнімдерін өндіру көлемін 2027 жылдың соңына дейін ұлғайту үшін Атырау МӨЗ-інде мұнай өңдеу көлемін жылына 5,5 млн. тоннадан 6,7 млн. тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі жобаны іске асыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, Шымкент МӨЗ-інің жұмыс істеп тұрған қуатын 2029 жылға қарай 12 млн.тоннаға дейін кеңейту жоспарлануда.

 

8-слайд. КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ ҮШІН ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫН ЖЕТКІЗУ

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған дизель отынын жеткізу мәселесін айналып өтуге болмайды.

Бүгінгі таңда күзгі-дала жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мұнай өңдеу зауыттарында 222 мың теңге (184 теңге/литр) бағамен 419 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді, оны жеткізуді ескере отырып, бағасы 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 30% - ға төмен.

Бастапқыда Батыс Қазақстан облысына 6,5 мың тонна дизель отынын жөнелту жоспарланған болатын, бірақ Батыс Қазақстан облысының әкімі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өтініші бойынша қосымша 3,3 мың тонна немесе 50% бөлінді.

Берілген өтінімдерге сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына дизель отынын тиеп жөнелту наурыз-мамыр айларында басымдықпен жүзеге асырылады, барлығы 5,8 мың тонна дизель отыны жөнелтілді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын жеткізу нарығын реформалау бөлігінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер мен жанар-жағармай құю станциялары мекенжайына дизель отынын жеткізуді қадағалау үшін жекелеген ПИН-кодтар енгізілді.

Сонымен қатар мыналар  шаралар пысықталуда:

- байланыс деректерін, егістік жерлердің жалпы ауданын, ЖЖМ қажеттілігін көрсете отырып, аумақтық бөліністе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің деректер базасын құру;

- ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мұнай базаларында немесе ресурс ұстаушылардан мұнай өнімдерін өз бетінше сатып алуға мүмкіндік беретін отынды бөлуге арналған электрондық-ақпараттық жүйені енгізу шаралары қаралуда.

 

9-слайд. ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ

Келесі блок – Электр энергетикасы.

Өңірдің электр энергетикасы саласындағы қазіргі жағдайы туралы хабарлауға рұқсат етіңіздер.

Бүгінгі таңда өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 918 млн. кВтсағ құрады. Бұл ретте өңірдегі тұтыну –  952 млн.кВтсағ.

Өңірдегі электр энергиясының көзі – жиынтық белгіленген электр қуаты 388,5 МВт болатын 5 кәсіпорын болып табылады.

Өңірде жылу өндірудің негізгі көзі қуаты 811 Гкал құрайтын «Жайықтеплоэнерго» АҚ болып табылады. Ол 85,5% тозған.

Осы Жылу электр орталығының тозуын азайту мақсатында ағымдағы жылы шамамен 540 млн.теңге сомасына 3 қазандықты (№2,4,9) және бір турбинаны (№3) жөндеу жоспарланған.

Бұдан басқа, қуаттарды қайта құру және жаңғырту үшін «Инвестиция орнына Тариф» атты жаңа бағдарлама әзірленуде. Бағдарлама бойынша салаға инвестициялар көлемі жыл сайын шамамен 400 млрд. теңгеге бағаланады.

Министрліктің бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы 210 млн. теңге сомасына Жылу электр орталығындағы су тартуды реконструкциялау жобасы іске асырылып жатыр, бұл Орал қаласының тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыстағы өңірлік энергия беруші компания «ЗапКазРЭК» ЖШС болып табылады, оның активтерінде 20,5 мың км кабельдік, әуе электр беру желілері және 154 кіші станциясы бар. Электр желісінің физикалық тозуы 82% құрайды.

Биылғы инвестициялық бағдарлама аясында жабдықтар мен желілердің тозуын азайтуға және жаңғыртуға 534 млн. теңге бөлінді, бұл 34 км желіні және қосалқы жабдықтарды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Тозған электр желілерінің негізгі үлесін бюджет заңнамасында қаржыландыру көзделмеген 35 кВ және одан төмен желілер құрайтынын атап өткім келеді.

Бүгінгі таңда Министрлік осы желілерді несиелеу мәселесін пысықтауда. Тиісті заң жобасы Үкіметтің келісуінде.

Сонымен қатар, Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала және Орал қалаларында 110 кВ әуе желілерін реконструкциялау жобасы жүзеге асырылуда. Осы жобаларды іске асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен 1,9 млрд. теңге көзделген.

Осы жобаларды іске асыру осы елді мекендерді үздіксіз және сапалы электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

 

Құрметті кездесуге қатысушылар!

Осымен баяндамамды аяқтай отырып, айтылған барлық мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында екеніне сендіргім келеді.

Біз оларды толық және уақтылы шешу үшін бар күшімізді саламыз. Әрі қарай, Сіздерді толғандыратын проблемалық мәселелерге көшуді ұсынамын.

Мен сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.