ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің 2023 жылғы 11 сәуірдегі Үкімет отырысындағы баяндамасы

Құрметті Әлихан Асханұлы!
Министрлік ағымдағы жылыту маусымының өту барысын бақылау негізінде өңірлер бөлінісінде бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтеді.
Өткен жылдың қазан айының соңында Риддер электр станциясында жылу желісінің температурасының айтарлықтай төмендеуімен ауыр апаттық жағдайлар басталды. Ағымдағы жылдың қаңтар айында таспалы конвейерлер галереяларында және № 6 қазандықтың басқару тақтасында өрт болды. Наурызда № 5 қазандықтағы кабельдердің термиялық зақымдануы және № 6 қазандық аймағындағы көмір шаңының тарсылы қоршау құрылымдарының ішінара бұзылуымен болды.
Жылыту кезеңінің басынан бастап жылу желілері жұмысының температуралық режимін сақтамаудың 133 жағдайы орын алды.
«Қаражыра» акционерлік қоғамы алдында жеткізілген көмір үшін шамамен 1,5 млрд.теңге мөлшеріндегі берешек отынның тұрақты жеткізілуіне әсер етеді. Осы фактілер бойынша тергеу жүргізілді, жаза туралы хаттамалар жасалып, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 27 қарашасында Екібастұз қаласының жылу желілерінде көптеген зақымдар болды. Температура кестесі 94 рет орындалмаған. Министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті технологиялық бұзушылыққа тергеу жүргізді, әкімшілік жаза шығара отырып, «Екібастұзтеплоэнерго» мекемесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Қолданыстағы айыппұл шаралары халыққа келтірілген залалмен салыстырғанда өте аз екендігін атап өту қажет.
Жылыту маусымы басталғаннан бері «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының жылу орталығы бойынша температуралық кестені сақтамаудың 70 жағдайы байқалды. Қаңтар айында №3 қазандықта күл ұстағыш қондырғының жұмысының нашарлауына байланысты газ құбыры құлады. Қазіргі уақытта № 3 қазандықта газ құбырын қалпына келтіру жалғасуда, соның салдарынан № 1 қазандық бір апталық артта қалумен жөндеуге шығарылды. Теміртау қаласының тұтынушыларын жылумен сенімді қамтамасыз ету үшін №7 қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Келесі жылыту маусымына осы қазандықты іске қосу қажет.
Жезқазған жылыту орталығында жылыту кезеңінде қолда бар 6 қазандық бойынша 75 апаттық тоқтатулар орын алды. Ең көп саны № 9 қазандықта болды, алайда, ағымдағы жылы ол бойынша қаржыландыруға сілтеме жасай отырып күрделі жөндеу жоспарланбайды. Жезқазған облыс орталығы мәртебесіне ие екенін ескере отырып, Министрлік «Kazakhmys Energy» мекемесімен осы жылу орталығын жаңғырту мәселесін пысықтауда.
Желтоқсан және қаңтар айларында «МАЭК» мекемесінде сумен жабдықтауда қиын жағдай орын алды. Маңғыстаудың энергетикалық негізгі өңірдің бірі болуына байланысты, жоспарланған жөндеу науқанының толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету қажет.
2012 жылдан бастап Кентау жылу орталығында қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізілмейді. Ағымдағы жылы шамамен 5 млрд.теңге сомаға 4 қазандыққа (№5, 6, 7, 8) және 1 турбинаға (№6). күрделі жөндеу жоспарланған.
Жылыту маусымы басталғаннан бері жылу желілерінің температуралық кестелерін сақтамаудың 403 жағдайы тіркелді.
Энергия көздерінің қоймаларында көмір қоры 2,7 млн. тоннаны, мазут қоры 109 мың тоннаны құрайды.
Бұл ретте, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында көрсетілген кәсіпорындарда отын қорының нормативтерден төмен нормалары бар.
Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе болып табылады.
Мәселен, энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 12 млрд.702 млн. теңгені, ал «Богатырь-Көмір» мекемесінің алдында - 6 млрд. 437 млн. теңгені құрайды.
Энергия кәсіпорындарының берешектері слайдта көрсетілген. Қарызды өтеуді жеделдетуді сұраймыз.
Министрлік электр станцияларының техникалық аудитін аяқтады. Келесі негізгі көрсеткіштер бойынша рейтинг қалыптастырылды: тозу, негізгі жабдықтың жарамдық мірзімі, отын шығынының үлестік көрсеткіштері, персоналдың жинақталуы, пайдалы әсер коэффициенті, технологиялық бұзушылықтар және жөндеу бағдарламаларын орындау. KPMG Үндістанның халықаралық кеңесшілері барлық электр станцияларына барды. Қазіргі уақытта қаржылық есеп қалыптастырылуда және әрі қарайғы іс-қимылдар бойынша материалдар дайындалуда.
Көрсетілген критерийлер бойынша электр станциялары рейтинг бойынша бөлінеді. Барлық 37 жылу орталығы бойынша әкімдіктермен бірлесіп алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша Жол карталары қалыптастырылады, олар министрліктің бақылауында болады.
Осы жылдың сәуір айының екінші жартысында атқарылған жұмыстар бойынша толығырақ баяндауға рұқсат етіңіз.
Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр станцияларында ағымдағы жылы 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны жөндеу жоспарланған.
Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары 1 энергоблокта, 2 қазандықта және 3 турбинада жүргізілуде. Қарағанды, Маңғыстау облыстарында электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеуді бастау мерзімдерінің сақталмағанын атап өтеміз.
Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 25 мың км электр беру желілерін, сондай-ақ 564 жоғары вольтты қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланған. Электр желілерін жөндеу мамыр айында бекітілген кестеге сәйкес басталады.
Алдағы 2023-2024 күзгі – қысқы кезеңге сәтті дайындық үшін:
- жөндеу жұмыстарын қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету;
- жоспарланған жөндеу жұмыстарының көлемін, оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар бойынша қысқартуға жол бермеу;
- энергия көздерінде отынның және қосалқы бөлшектердің нормативтік қорын жасау;
- қызметкерлермен апатқа қарсы жаттығулар өткізу қажет.
Құрметті Әлихан Асханұлы, Энергетика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жылу маусымына дайындық барысын бақылау жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Баяндама аяқталды!
Назарларыңызға рахмет!