ҚР Энергетика министрі Ерлан Аккенженовтің 15 желтоқсанда БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз кездесуіндегі баяндамасы

2025 жылдың қорытындысын шығара отырып, біз бұл жылды саланың жүйелі трансформациялық кезеңі деп сенімді түрде атай аламыз. Министрлік Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды реформаларды жүзеге асыруда маңызды кезеңді артқа қалдырды. Негізгі мақсатымыз – еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің негізі болып табылатын энергетикалық қауіпсіздікті нығайту.

Президенттің стратегиялық тапсырмаларын орындау үшін даму бағытында түбегейлі өзгерістер енгізу қажет болды. Өтіп бара жатқан жыл сапалы құрылымдық өзгерістермен есте қалады: индустриялық ірі кәсіпорындарды іске қосудан бастап, әрбір пәтерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге дейінгі жұмыстар атқарылды.

МҰНАЙ

Мұнай-газ саласындағы негізгі оқиға ретінде – Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуын атап өтуге болады. Үшінші буын зауытының іске қосылуы жыл сайын мұнай өндіру көлемін 12 млн тоннаға арттырып, ұлттық экономика үшін экспорттық валюталық түсімнің тұрақты және ұзақмерзімді көзін қамтамасыз етеді.

ЖЖМ НАРЫҒЫ ЖӘНЕ МҰНАЙ ӨҢДЕУ

Ішкі нарықты реттеу мақсатында біз батыл қадамдарға бардық. Бағаны әкімшілік жолмен белгілеуден бас тартылып, Президенттің либерализациялау жөніндегі Жарлығына сәйкес нарықтық механизмдерге көштік. Бұл шаралар саланы жүйелі қалпына келтіру үдерісін бастауға мүмкіндік беріп, ішкі нарықты отынмен тұрақты қамтамасыз етуге және тапшылық туындау қаупін жоюға жол ашты.

Сонымен қатар, мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейін дамытудың нақты өндірістік бағдары бекітілді. Жұмыс негізгі үш қағидатқа сүйенеді: қуаттылықты арттыру, өнім сапасын жақсарту және ғылыми негізделген технологияларды енгізу.

 

Біз мұнай өңдеу көлемін қазіргі 18 миллион тоннадан жылына 39 миллион тоннаға дейін жеткізу міндетін айқындадық. Осы мақсатта қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын кезең-кезеңімен кеңейту көзделген. Бұл бағытта биыл нақты нәтижеге де қол жеткіздік. CaspiBitum зауытын жаңғырту жобасы толық аяқталды. Нәтижесінде зауыттың өндірістік қуаттылығы бір жарым есеге арттырылып, жылына 1,5 миллион тонна мұнай өңдеу деңгейіне жетті. Сонымен қатар, битум өндіру көлемі жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Бұл жол құрылысы саласының сапалы битумға деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін, Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 миллион тоннадан 6,7 миллион тоннаға дейін және Павлодар мұнай-химия зауытын 5,5 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін кеңейту жұмыстары жоспарлы жалғасуда. Сонымен қатар, жылына 10 миллион тонна мұнай өңдеу қуатына ие жаңа зауыт салу жобасына әлеуетті инвесторларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы шеңберінде мұнай өнімдерінің экологиялық талаптарын күшейту көзделіп, К5+ деңгейіндегі жоғары стандарттарға көшу бекітілді. Бұл қалаларындағы экологиялық ахуалды жақсартуға және халық денсаулығын қорғауға қосқан энергетика саласының нақты үлесі.

Сонымен бірге, өндірісті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі өзгертудеміз. Кешенді техникалық жаңғырту нәтижесінде мұнайды өңдеу тереңдігін 94 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік беретін озық технологиялар енгізіледі. Мұнай өңдеу мен мұнай-химия салаларын өзара ықпалдастыру арқылы қосылған құны жоғары өнімдер өндіру көзделіп отыр. Осылайша мұнай өндіру мен өңдеу арасындағы теңгерім сапалы жаңа деңгейге көтеріледі.

МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫ

Терең өңдеу саласында әртараптандыру бағытын тұрақты түрде ұстанып отырмыз. Отандық мұнай-газ химия саласы қос таңбалы өсім қарқынын көрсетіп, шикізаттық емес экспорттың жаңа қозғаушы күші ретінде орныққаны байқалады. Өнім өндірісінің көлемі 12%-ға өсті. Сонымен қатар, Қазақстан терең өңделген өнімдерді (полипропилен, бензол және параксилол) сыртқы нарықтарға жүйелі жеткізуін бастады.

Саланың болашағы ауқымды құрылыс кезеңімен тығыз байланысты. Елде әлемдік деңгейдегі ерекше мұнай-химиялық кешендер салынып жатыр. Атырау облысында полиэтилен зауытының болашақ пиролиз қондырғысының құрылысы үшінші кезеңге жетті, ал Павлодарда алкил шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды.

ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ

Елдің өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету және жылу беру маусымын өткізу мәселелерінде ең маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Біз инфрақұрылымның ұзақ жылдар бойы жиналған тозуын тоқтатып, активтерді ауқымды жаңарту циклін іске қостық.

«Тариф – инвестицияға айырбас» қағидаты енгізілгеннен кейін электр стансаларын жөндеу жұмыстарына салынған капиталдық инвестициялар 20%-ға артты, бұл енгізілген принциптің тиімділігін көрсетеді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесі сенімділіктің нақты көрсеткіштерімен бағаланады. Ұзақ жылдардан кейін алғаш рет ел бойынша ЖЭО (жылу электр орталықтары) жабдықтарының жалпы тозуы азайып, 61%-ға жетті. Жоспарланған барлық жөндеулерді орындау Кентау, Риддер және Екібастұз стансаларын қоса алғанда 9 энергетикалық нысанды қауіп аймағынан шығаруға мүмкіндік берді.

323 километрлік жылу желілерін ауыстыру нәтижесінде тұтынушыларға тұрақты жылу жеткізілу қамтамасыз етіліп, инфрақұрылымның тозуы 52%-ға төмендеді. Апаттық жағдайлар саны төрттен бір бөлігінен кеміді.

Инфрақұрылымды қалпына келтірумен қатар жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. 2025 жылы Текелі энергетикалық кешенінде газотурбиналық қондырғылар пайдалануға берілді, ал Топар МАЭС-інде (мемлекеттік аймақтық электростанса) 130 мегаватт қуаттылығы бар жаңа турбоагрегат сәтті іске қосылды. Энергетикалық жүйе сұраныстан озып жұмыс істеп, рекордтық 118 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын берді.

Келесі жылдан бастап өңірлерде жүйелі жұмыс басталады: жылумен қамтамасыз ету схемаларын қайта қарау бойынша практикалық жұмыстар жүргізілетін болады. Пилоттық жобалар Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында белгіленді.

ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері)

Министрлік «жасыл технологиялар» жобаларын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Жаңартылатын энергия көздері саласында Қазақстан әлемдік инвесторлар үшін тартымды алаңға айналып отыр. Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша таза энергия генерациясының үлесі жалпы өндіріс көлемінің 7%-нан асты, ал стансалар саны 159-ға жетті.

Осы жылы 266 МВт жиынтық қуатқа ие бірқатар маңызды жобаларды іске асырдық. Қарағанды және Ұлытау облыстарында жаңа жел электр стансалары, Қызылорда және Маңғыстау өңірлерінде күн парктері пайдалануға беріліп, еліміздің энергетикалық жүйесіне нақты үлес қосуда.

Бірінші рет гигаватттық класты жел электр станциясын және энергия жинау жүйелерін салу бойынша ірі аукцион өткізілді. Бұл қадам елімізде икемді әрі тұрақты энергетикалық жүйе құруға жаңа мүмкіндіктер ашты. Аталмыш тәжірибе нарықтың ірі жобаларды қабылдауға дайын екенін және заманауи шешімдерге сұраныстың артып отырғанын көрсетті.

ГАЗ САЛАСЫ

Газ саласына жеке тоқталғым келеді. Бұл салада біз екі негізгі міндетті шешудеміз: ресурс базасын нығайту және халықты әлеуметтік газдандыру.

2029 жылға дейінгі кезеңге жоспарланған ауқымды геологиялық барлау жұмыстары мен жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Биылғы жылы Қайыргелді, Тұзкөл және Тасболат жаңа газ кен орындары пайдалануға берілді. Тасболат кен орнын іске қосу Маңғыстаудағы Қазақ газ өңдеу зауытының қуатын толықтыруға мүмкіндік берді.

Халықты газдандыру бойынша Мемлекет басшысы тапсырған әлеуметтік міндеттер жүйелі түрде шешілуде. Табиғи газ шалғай өңірлердің тұрғындары үшін қолжетімді игілікке айналып, елдегі газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті.

Мемлекет инфрақұрылымды дамытуға 112 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді, бұл ел бойынша жүздеген жобаны іске асыруға мүмкіндік берді. Осы инвестициялардың нәтижесі нақты өмір сапасының жақсаруы арқылы көрініс тапты: 2025 жылы 95 елдімекенде 350 мың азамат табиғи газға қол жеткізді.

Жұмыстардың географиясы Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыды. Ақмола облысында 100 мыңнан астам тұрғын тұратын Қосшы қаласы мен Талапкер ауылы газдандырылды. Астанада газбен қамту деңгейі шамамен 97%-ға жетіп, ірі тұрғын алаптары қосылды. Жыл соңына дейін Үркер шағын ауданында газ желілерін тарту жұмыстары толық аяқталады.

Оңтүстік өңірлерде де даму қарқыны жоғары. Түркістан облысында 10 миллиард теңгеден астам қаржы көлеміндегі жоба іске асырылып, шамамен 100 мың тұрғын газбен қамтылды. Сонымен қатар, Жамбыл облысы мен Жетісу өңірінде газ құбырларын жүргізу жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Елдің батыс өңірінде стратегиялық маңызды жобалар қолға алынды. Батыс Қазақстан облысында «Ростоши–Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталды, бұл Ақжайық және Теректі аудандарының жылдар бойғы газ тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.

Ал жылдың басты инфрақұрылымдық жетістігі ретінде «Талдықорған–Үшарал» магистральды газ құбырының мерзімінен бұрын пайдалануға берілуін атап өтуге болады. 300 километрлік магистральды құбырдың жоспардан ерте аяқталуы Жетісу өңірінің барлық аймағы үшін сенімді энергия көзі қалыптастыруға мүмкіндік берді.

ЦИФРЛАНДЫРУ

Қорытындылай келе, технологиялық жаңғырту мәселесіне тоқталғым келеді. Қазіргі уақытта біз отын-энергетика кешенін (ТЭК) басқарудың Бірыңғай жүйесін (EnergyTech) енгізудеміз. Бұл жүйе кен пайдаланудан және өңдеуден бастап көмір өнеркәсібіне дейінгі барлық 10 негізгі саланы біртұтас сандық контурға біріктіреді. Жүйенің толық іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған, ал бүгінгі таңда 7 сандық сервис нақты режимде жұмыс істеуде.

Сонымен қатар, жасанды интеллектке ерекше назар аударудамыз. Енгізіліп жатқан құралдар өз тиімділігін тәжірибеде дәлелдеп отыр. Нарық өкілдерімен бірлесіп, саланың қажеттіліктерін анықтап, ЖИ қолданудың нақты сценарийлерін пысықтап жатырмыз. Негізгі міндеттер – әуе желілерін дефектоскопиялау және жылу желілерін ішкі диагностикалау. Бұл технологиялар адам көре алмайтын жасырын зақымдарды анықтауға мүмкіндік беріп, жөндеу шығындарын едәуір азайтады. Экономикалық әсері ондаған миллиард теңгеге жетеді.

Құрметті БАҚ өкілдері, әріптестер!

Ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар ауқымды. Ал алдымызда жаңа міндеттер бар. Саланың басты міндеті– еліміздің өсіп келе жатқан экономикасын сенімді энергиямен қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.