Еңбекмині және ЕҚРҒЗИ ҚР Ғылыми қызметкерлер күніне орайластырылған дөңгелек үстел өткізді

Еңбекмині және ЕҚРҒЗИ ҚР Ғылыми қызметкерлер күніне орайластырылған дөңгелек үстел өткізді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) «ҚР Еңбекмині Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – ЕҚРҒЗИ) ШЖҚ РМК-мен бірлесіп «Ғылым, білім, бизнес: даму және ынтымақтастық перспективалары» атты жалпы тақырыппен Қазақстанның ғылыми қызметкерлері күніне орайластырылған дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Еңбекмині, ЕҚРҒЗИ, РФ Еңбек министрлігі Бүкілресейлік Еңбек ғылыми-зерттеу институтының еңбек нарығын зерттеу орталығының өкілдері, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Қарағанды және Алматы медициналық университеттерінің Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институтының сарапшылары және т.б. қатысты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов өз сөзінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ғылымды дамыту маңызды басымдық болып табылатынын және қазақстандық білім мен ғылым алдында ауқымды, кезек күттірмейтін соны өзгерістерге бетбұрыс жасау ғана емес, тың трендтердің генераторы болу міндеті тұрғанын атап өтті.

А. Сарбасов әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ететін прогрессивті фактор ретінде ғылымға үлкен мән берілетінін атап өтті. Еңбекті қорғау саласындағы қазақстандық ғылымды дамытуды, оның ішінде халықаралық практиканы ескере отырып, ЕҚРҒЗИ ғылыми зерттеулерін үйлестіру арқылы іске асыру қажет.

«Институт жалпы үйлестіруді, ғылыми-әдістемелік басшылықты қамтамасыз ету, ғылыми іс-шаралар өткізу, Қазақстанның мемлекеттік органдарының, оқу орындары мен кәсіпорындарының қызметіне ғылыми әзірлемелерді енгізу үшін базалық ұйым болуы тиіс.

Қазірдің өзінде институт Еңбекмині жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңестің жұмыс органы болып табылады, оның құрамына көрнекті ғалымдар мен сарапшылар кіреді. Биыл осы институт базасында әзірленген 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді», – деді Ақмәди Сарбасов.

Іс-шара барысында қатысушылар әлеуметтік-еңбек саласындағы ғылымды дамытудың қазақстандық моделін, ғылыми зерттеулердің ерекшеліктері мен перспективаларын, ғылыми кадрларды даярлау бойынша ғылым мен жоғары білімнің интеграциясын, пәндерді оқытудағы сапа мен инновациялық құрамдас бөлікті арттыруды, ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді талқылады.

Сараптама алаңында еліміздің ғылыми-технологиялық дамуындағы серпілісті қамтамасыз ету, отандық ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру туралы сындарлы диалог пен пікір алмасу болды.

Дөңгелек үстел соңында ЕҚРҒЗИ мен С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті, «Тұран-Астана» университеті және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Мұндай іс-шараларды тоқсан сайынғы негізде өткізу жоспарлануда. Бұл ұсыныстарды неғұрлым тиімді әзірлеуге және ғылым саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі.