Өндірісте жарақаттану мәселесі Түркістан облысының жұмыс берушілерімен талқыланды

Өндірісте жарақаттану мәселесі Түркістан облысының жұмыс берушілерімен талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (әрі қарай – ҚР ЕХӘҚМ) Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Түркістан облысындағы кәсіпорындар мен құрылыс компаниялары басшыларымен өндірістік жарақаттануды азайтуға қажет шаралар жайын талқылады.

Жазатайым оқиғалардың себептері мен олардың санын азайтуға қажет шаралар қарастырылған кеңес, Ербол Нұрғалиев бастаған делегация Түркістан қаласындағы өндірістік жарақаттар тіркелген нысандар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарда болғаннан кейін облыстық әкімдікте өтті.

Шараға ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов, Түркістан ​​облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, жергілікті атқарушы органдағы басқармалар басшылары, әлеуметтік серіктестер өкілдері және өңір кәсіпорындары басшылары қатысты.

ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, кеңеске қатысушылармен, биыл Түркістан облысында болған өндірістік жарақаттану жағдайлары себептерін талқыға салды.

«9 ай ішінде облыста ұйымдар мен мекемелерде өндіріске байланысты 46 жазатайым оқиға тіркелді, онда 67 адам жарақат алып, 13-і қайтыс болды. Өткен жылы дәл осы кезеңде өндірістік жарақат алудың 24 жағдайы тіркелді, онда 30 адам жарақат алып, 4 адам көз жұмды. Жарақаттың көбею себебінің бірі ретінде аймақтағы ауқымды құрылысты және жұмысшылардың арасында құрылыс алаңдарындағы еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы туралы ақпараттың жеткіліксіздігін айтуға болады», - деді Төлеген Оспанқұлов.        

Оның сөзіне қарағанда, жарақат алудың 12 оқиғасы жәбірленушілердің өрескел абайсыздығынан туындаған, ал 9-ы еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау ережелерін, сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты болып отыр.           

Сонымен бірге, аталған себептердің қатарына еңбек және өндірістік тәртіпті бұзу, қауіпсіз жұмыс тәсілдеріне оқудың аздығы, жұмыс орындарын ұйымдастырудағы кемшіліктер және басқалары жатады.           

Бұдан тыс, ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы, құрылыс нысандарына мемлекеттік еңбек инспекторларының баруы, аудандарда семинар-кездесулер өткізу, жұмыс берушілермен және ұйым-мекеме басшыларымен жүздесу сияқты өңірдегі алдын алу шараларын атап өтті.           

«Жұмыс берушілердің қоғамдық жауапкершілігін арттыру үшін өндірістегі жазатайым оқиғаларға қатысты арнайы тергеу аяқталғаннан кейін қорытынды деректі аумақтық тиесілігі бойынша үшжақты комиссияға тапсыру қажет деп шешілді. Өндірістік жарақаттардың алдын алу және ескерту тұрғысында қосымша шаралар әзірлеу қажет», - деп тұжырымдады Төлеген Оспанқұлов.           

ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев, өндірістік жарақаттармен байланысты ахуалды талқылау қорытындысында еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу, жұмыс жағдайының қауіпсіздігін арттыру және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының «VizionZero» тұжырымдамасын насихаттауды күшейтудің қажеттілігі мен маңыздылығын атап өтті.           

«Жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарын бұзатынын ескере отырып, жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, еңбектің қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне оқыту бойынша жұмысты күшейту қажет», - деді Ербол Нұрғалиев.            

Кездесу соңында, ол, 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттар мен зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орындарын қысқартудың Жол картасын іске асыру бойынша іс-қимылды ширатуды тапсырды.