ШҚО құтқарушылары өндірістік нысанда оқу-жаттығу өткізді

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өндірістік нысанда өртті сөндіру және адамдарды құтқару бойынша оқу-жаттығу өткізді.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, балқыту цехындағы күштік трансформатор орамасының қысқа тұйықталуы салдарынан өрт шыққан. Жалын тез арада іргелес орналасқан әкімшілік және шаруашылық үй-жайларға таралып, ондағы жиһаздарды шарпыған.
Өртті алғаш болып қорғасын тазарту цехының қызметкері байқап, дереу «112» нөміріне хабарлаған және кәсіпорын басшылығына мәлімдеген. Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді.
Қою әрі улы түтіннің жылдам таралуы салдарынан екі қызметкер эвакуациялау жолдарынан ажырап, түтін басқан аумақта қалып қойған.
ТЖД бөлімшелері келгенге дейін кезекші электрик апат болған учаскенің электр қуатын ажыратты. Ал нысанның авариялық-құтқару тобы цех есіктерін күштеп ашып, алғашқы зардап шегушіні тауып, қауіпсіз жерге шығарды. Азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тыныс алу органдарын қорғау аппараттарымен жабдықталған буын құрып, барлау жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылар сыртқы стационарлық сатыны пайдаланып, түтін басқан ғимаратта қалып қойған екінші жұмысшыны қауіпсіз жерге эвакуациялады. Оған сол жерде Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері медициналық көмек көрсетті.
Өрт сөндіру бөлімшелері тиісті учаскелерге бөлініп, үйлесімді әрі жедел әрекет ету арқылы шартты өртті толық сөндірді.
Мұндай оқу-жаттығулар өндірістік нысанның ерекшеліктерін жан-жақты зерделеуге, жеке құрамның жедел дайындығын тексеруге және төтенше жағдайлар туындаған кезде ТЖД бөлімшелері мен нысан әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге мүмкіндік береді.