Құтқарушылар автокөліктердегі өрттің шығу себептерін түсіндірді

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында көлік құралдарында 84 өрт оқиғасы тіркелді. ШҚО ТЖД мамандарының айтуынша, автомобиль – техникалық жағынан күрделі құрылғы. Автокөлік өртенген жағдайда жалын санаулы минуттар ішінде көліктің көптеген тораптары мен агрегаттарына, сондай-ақ жанғыш материалдарға тез таралады.
«Өрттердің шамамен 90%-ы автокөліктің электр жабдықтарының ақауларына байланысты туындайды. Электр сымдарында қысқа тұйықталу орын алуы мүмкін. Уақыт өте келе температураның өзгеруі, агрессивті сұйықтықтардың әсері және басқа да факторлар салдарынан сымдардың оқшаулағыш қабаты өзінің қорғаныш қасиеттерін жоғалтады. Сонымен қатар автокөлікке дөңгелек дискілеріне немесе көлік шанағына арналған қосымша жарықтандыру құрылғыларын, радар-детекторларды және басқа да электр жабдықтарын орнату өрттің шығуына себеп болуы мүмкін», – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов.
ШҚО ТЖД азаматтарды автокөлікті пайдалану кезінде келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:
1. Автокөліктің электр сымдары мен жанармай жүйесін мүмкіндігінше жиі тексеріп отырыңыз.
2. Көлікте көлемі мен жарамдылық мерзімі талаптарға сай өрт сөндіргіш болуын қамтамасыз етіңіз. Оны пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен алдын ала танысыңыз.
3. Жолда келе жатқанда күйік иісін сезсеңіз, дереу тоқтап, қозғалтқышты өшіріңіз. Мүмкіндік болса, аккумуляторды да ажыратыңыз.
4. Өрттің бастапқы кезеңінде оны өрт сөндіргіштің көмегімен сөндіруге тырысыңыз.
5. Өртті өз күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, дереу «101» немесе «112» нөміріне хабарласып, оқиға орнының нақты мекенжайын айтыңыз.