Қауіпсіздік, қызмет, жауапкершілік: «Таң нұры» бағдарламасының эфиріндегі өзекті мәселе

«Оңтүстік» телеарнасының «Таң нұры» бағдарламасының эфирінде жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі, өрт сөндірушілердің қызметі және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері талқыланды.
Эфир барысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Шымкент қаласында өткен 2025–2026 жылғы жылыту маусымында тұрғын үй секторында 70 өрт тіркелген. Бұл алдыңғы жылыту маусымындағы 109 өртпен салыстырғанда 35,8 пайызға аз. Бағдарламада жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, пештер мен жылыту жабдықтарының жарамдылығын алдын ала тексеру, мұржаларды тазалау, сондай-ақ көміртек тотығынан уланудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Шымкент қаласы ТЖД-ның мәліметінше, өткен жылыту маусымында 6 632 тұрғын үй араланып, 18 983 тұрғынға өрт қауіпсіздігі және көміртек тотығынан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, эфир барысында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті қызметі, төтенше жағдайларға жедел ден қоюы және адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудағы жұмысы туралы кеңінен айтылды. Өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жедел жетуі, өртті сөндіру және азаматтарды құтқару кезінде атқаратын міндеттері жөнінде көрермендерге ақпарат берілді.
Бағдарламаның екінші тақырыбы — ҚР ТЖМ әскери бөлімдеріне күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру. 2026 жылғы күзгі шақыру науқаны қыркүйек айында басталып, желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Эфирде ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызмет өткерудің ерекшеліктері, әскерге шақырылушыларды іріктеу және әскери қызметке қабылдау тәртібі жөнінде ақпарат берілді. Көктемгі шақыру науқаны барысында белгіленген талаптарға сәйкес Шымкент қаласынан 20 азамат іріктеліп, ҚР ТЖМ әскери бөлімдеріне әскери қызмет өткеру үшін жіберілгені атап өтілді.
Сондай-ақ әскерге шақырылушыларды іріктеу кезінде олардың денсаулық жағдайына, моральдық-психологиялық дайындығына және әскери қызмет өткеруге жарамдылығына қойылатын талаптар түсіндірілді.
Эфир соңында көрермендерге жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және өрт немесе өзге де төтенше жағдай туындаған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажеттігі ескертілді.