Шымкенттік құтқарушылар «Жаңа күн» бағдарламасында қонақта болды

Бүгін «Отырар» телеарнасының танымал «Жаңа күн» таңғы бағдарламасына Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысып, маңызды ақпараттармен бөлісті. Сұқбат барысында азаматтық қорғау саласына кадрлар даярлау және өрт сөндірушілердің күнделікті тыныс-тіршілігі талқыланды.
Кадр және тәрбие жұмыстары басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Нұрмұқамед Бостанбек эфир тізгінін алып, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу шарттары, азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасудың кезең-кезеңімен өту тәртібі, сала мамандарына мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
«Біздің мақсатымыз — ел қауіпсіздігін сеніп тапсыратын білікті де батыл мамандарды іріктеу», — деді Н. Бостанбек.
Сұқбаттың екінші бөлімінде №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Азатхан Ережепов өрт сөндірушілердің көзсіз ерлігі мен қиындығы мол жұмыс күні туралы сыр шертті.
А. Ережепов жақында орын алған «Байпарк» сауда үйіндегі ірі өртті ауыздықтау кезіндегі оқиғаларды еске алды. Тілсіз жаумен күресте көрсеткен кәсіби шеберліктері мен қызметтестерінің батылдығы туралы айта келе, бұл мамандықтың тек физикалық күшті ғана емес, сонымен бірге темірдей төзімді қажет ететінін атап өтті.