"Крещение Господне" мерекесінде қауіпсіздік шаралары талқыланды

Бүгін Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде Азаматтық қорғаныс басқармасының капитаны Ә.Серік баспасөз брифингін өткізді. Брифинг барысында православтық дін өкілдерінің "Құдайға шоқыну" мерекесін өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелері талқыланды.
Капитан Ә.Серік православтық қауымның жыл сайын 19 қаңтарда "Крещение Господне" мерекесін атап өтетінін атап өтті. Бұл күні дәстүр бойынша ашық су айдындарында шомылу рәсімдері ұйымдастырылады. Шымкент қаласында бұл іс-шара Әл-Фараби ауданы Қошқар Ата өзенінің бастауы маңында өтеді.
Мерекелік іс-шаралар кезінде Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жауапты қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін іс-шара орнына екі арнайы техника мен 10 маман жұмылдырылмақ.
Қазгидромет бойынша ақпаратқа сәйкес, 18-19 қаңтарға қараған түні ауа температурасы орташа есеппен 4-5 градус 0 ден төмен құрайды, ал судың температурасы жылдың барлық мезгілінде бірдей және +11 градусты құрайды.
Ә.Серік бекітілмеген жерлерде суға шомылу және мұз үстінде қауіпсіздік ережелерін бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұз үстінде жүруге, жеке құтқару құралдарынсыз әрекет етуге, автокөлікпен жүруге және от жағуға қатаң тыйым салынады.
Қауіпсіздік шараларының сақталуын бақылау мақсатында қыркүйек айынан бері 128 рейд ұйымдастырылып, 12 650 тұрғынға нұсқаулықтар берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен WhatsApp топтарында арнайы жадынамалар мен бейнероликтер тарату арқылы халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қауіпсіздікті елемейтін азаматтарға әкімшілік айыппұл салынатыны туралы да ескертілді. Сондықтан мереке кезінде барлық тұрғындарды арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға және белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
Төтенше жағдайлар департаменті мереке күндері оқыс оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.