НҰРЛАН ӘБДІРОВ ИТАЛИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ АНТОНЕЛЛО ДЕ РИУМЕН КЕЗДЕСТІ

НҰРЛАН ӘБДІРОВ ИТАЛИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ АНТОНЕЛЛО ДЕ РИУМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Италияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен кездесіп, электоралдық саладағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы дипломатқа Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ елімізде өткен электоралдық науқандар туралы егжей-тегжейлі баяндады.

«2026 жыл еліміздің қазіргі саяси тарихында ерекше орын алады. Ауқымды саяси трансформация аясында наурыз айында республикалық референдум өтіп, оның нәтижесінде жаңа Конституция қабылданды. Тамыз айында ел тарихында алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өткізілді. Ал 29 қарашаға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалды. Оның нәтижесінде 3 мыңнан астам депутат сайланады. Бұл - жекелеген электоралдық науқандар емес, біртұтас конституциялық үдерістің дәйекті кезеңдері», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Кездесу барысында Құрылтай депутаттарының сайлауын халықаралық байқауды ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындылары да талқыланды. Сайлаудың ашықтық деңгейінің жоғары болғаны атап өтілді. Атап айтқанда, Орталық сайлау комиссиясы жанынан 42 шет мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушы аккредиттеуден өтті. Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ ДИАҚБ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен және Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясымен жолға қойылған белсенді өзара іс-қимылға да жеке тоқталды. Аталған ұйымдар жалпыұлттық сайлаулардың барлығына тұрақты түрде шақырылып, сайлауды байқау жұмыстарына қатысып келеді.

«Біз ашықтық қағидатын дәйекті түрде ұстанып, сайлауға барлық құрлықтағы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын шақырамыз. Біз үшін түрлі сайлау жүйелерінің тәжірибесі қызықты, сондықтан ынтымақтастық географиясын кеңейтуге әрдайым ашықпыз. Мүмкіндікке қарай, өз өкілдеріміз де шетелдегі халықаралық байқау миссияларына қатысады. Осыған байланысты тәжірибе алмасу, сайлауды байқауға қатысу және халықаралық форумдар аясындағы жұмысты дамыту мақсатында Қазақстан мен Италияның сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты жолға қоюға дайынбыз», - деп атап өтті ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы.

Өз кезегінде Антонелло Де Риу сайлау саласындағы институционалдық диалогты жолға қоюға және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді. Тараптар азаматтардың сайлау жүйесіне деген сенімін арттыруға, киберқауіптер мен дипфейктерге қарсы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын да талқылады.

Кездесу соңында Нұрлан Әбдіров дипломатқа Қазақстан Республикасының сайлау жүйесіне арналған «Қазақстандағы сайлау: қысқа да нұсқа» атты ағылшын тіліндегі басылымды сыйға тартты.