ҚР ОСК: МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУЫ 29 ҚАРАШАҒА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҚР ОСК: МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУЫ 29 ҚАРАШАҒА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бүгін Астана қаласында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы науқаны аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтті.

Отырысқа саяси партиялардың, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, отырысқа онлайн форматта аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың округтік сайлау комиссияларының басшылығы, сондай-ақ облыс әкімдері аппараттарының басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:

1) Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы және мәслихаттар депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіту туралы;

  2) Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы;

  3) Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлауға саяси партияларды қатысуға жіберу және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды ұсыну тәртібі туралы;

  4) Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау науқаны кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Осы жылы жаңа Конституция бойынша референдум және ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау өтті. Қазіргі уақытта еліміз барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге байланысты кезекті электоралдық кезеңге қадам басып отыр.

«Биыл елімізде сайлау процесіне байланысты бірқатар маңызды іс-шара өткізілді. Жақында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтті. Енді біз мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі сайлау науқанына кірісіп отырмыз. Қазақстан Республикасы Президентінің барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлығына сәйкес сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге бағытталған тиісті жұмыстар басталады», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол өз сөзінде заңға сәйкес мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы олардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалуға тиіс екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындау туралы қаулы етеді. Мәслихаттар халық тарапынан жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады. Алдағы сайлау шеңберінде 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Атап айтқанда, 668 мандат - 20 облыстық мәслихатта, 626 мандат - 38 қалалық мәслихатта және 2 153 мандат - 170 аудандық мәслихатта қарастырылған», - деді Мұхтар Ерман.

Отырыста Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары таныстырылып, бекітілді. Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталуға тиіс. Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. 28 қараша - тыныштық күні.Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары бес күндік мерзімде белгіленеді.

Нұрлан Әбдіров мәслихат депутаттарының сайлауы бойынша күнтізбелік жоспардың сайлау науқанының кезеңдері мен оларға қатысты сайлау рәсімдерін айқындайтын негізгі құжат болып табылатындығына тоқталды.

Ол күнтізбелік жоспарда көзделген барлық іс-шараның белгіленген мерзімдерде өткізілуі тиіс екенін атап өтіп, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

 «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 12-бабының 6) тармақшасына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының сайлауына арналған сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді.

Осыған байланысты күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ОСК мүшесі Азамат Айманакумов баяндама жасады. Ол мәслихат депутаттарының сайлау науқаны аясында қолданылатын сайлау құжаттарының 30 нысанын таныстырды.Аталған нысандар сайлау науқанының тиісті кезеңдерінде сайлау комиссиялары жүзеге асыратын сайлау рәсімдерін құжаттамалық ресімдеуге арналған. Олардың қатарында қажетті өтініштердің, хаттамалардың, куәліктердің, тізімдердің және басқа да құжаттардың үлгілері бар.

Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен саяси партиялар заңнамаға сәйкес сайлау процесіне қатысуға құқылы.Күн тәртібіндегі үшінші мәселені қарау барысында ОСК мүшелері мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға келесі саяси партияларды жіберу туралы қаулылар қабылдады: «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партиясы. Сонымен қатар Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясына «Amanat» партиясынан Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыспайтындығы туралы ресми хат келіп түскенін хабарлады.

Ағымдағы сайлау науқанының ерекшелігі - аралас сайлау жүйесінің қолданылуы. Бұл жүйе бойынша сайлауға саяси партиялар да, бірмандаттық сайлау округтері бойынша кандидаттар да қатыса алады. Осыған байланысты кандидаттар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан ғана емес, өзін-өзі ұсыну тәртібімен де ұсыныла алады. Заңнамаға сәйкес, мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлау жарнасын төлеуге міндетті. Сайлау жарнасын кімдер және қандай мөлшерде төлеуі тиіс, сондай-ақ қандай жағдайларда жарнаның қайтарылатыны туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова баяндады.

Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын өз қаражаты есебінен аударады. Қазіргі уақытта ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшері 425 000 теңгені құрайды. Ал өзін-өзі ұсыну тәртібімен мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған азамат белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, тіркеуге дейін жергілікті атқарушы органдардың шотына дәл осындай мөлшерде сайлау жарнасын енгізеді.

«Сайлау нәтижелері бойынша саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алған жағдайда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген сайлау жарнасы саяси партияға қайтарылады. Сайлау нәтижелері бойынша кандидат мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алған жағдайда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылады. Қалған барлық жағдайларда енгізілген сайлау жарнасы қайтарылмайды және республикалық бюджет кірісіне аударылады», - деп хабарлады Әсел Жанәбілова.

Тиісті аумақтық сайлау округі бойынша мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Ал алдыңғы сайлауда үштен бес пайызға дейінгісін алған саяси партиялар сайлау жарнасын осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мөлшердің елу пайызы көлемінде, бірден үш пайызға дейінгісін алған саяси партиялар сайлау жарнасын осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мөлшердің жетпіс пайызы көлемінде төлейді.

Алдағы сайлау науқанына саяси партиялардың қатысу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова елімізде тіркелген саяси партиялар туралы ақпарат ұсынды.

Отырыста мәслихат депутаттарының сайлауы қарсаңында еліміздің барлық өңіріндегі сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы оқыту семинарларын өткізу мәселесіне ерекше ден қойылды. Осы процесті ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы Орт сайлауком хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады.

«Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын сапалы ұйымдастыру және өткізу сайлау комиссиялары мүшелері мен сайлау процесіне басқа да қатысушылардың өз өкілеттіктерін тиімді орындауына және заңнамада белгіленген сайлау рәсімдерін қатаң сақтауына байланысты. Бұл үшін сайлау заңнамасын жетік білу қажет. Осыған байланысты қысқа мерзім ішінде 86 мыңнан астам сайлау комиссиясының мүшесін, оның ішінде 1 729 аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін, 15 мыңнан астам округтік сайлау комиссиясының мүшесін және 70 мыңға жуық учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін даярлауды қамтамасыз етуіміз керек. Мұндай ауқымды жұмыс сайлау комиссияларының әр деңгейінде заңнама, рәсімдер мен іс-қимыл алгоритмдерін бірыңғай түсінуді қамтамасыз ететін, жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын оқыту жүйесін талап етеді», - деді Шавхат Өтемісов.

ОСК хатшысы оқыту процесі сайлау комиссияларының бір деңгейінен екіншісіне білім мен әдістемелік тәсілдерді кезең-кезеңімен жеткізу қағидаты бойынша ұйымдастырылатындығын атап өтті. Бұл тәсіл сайлау заңнамасын бірыңғай түсінуді және барлық деңгейдегі комиссиялардың өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар орталық деңгейде тұрақты онлайн кеңестер мен жиналыстар өткізіліп тұрады. Оның аясында аумақтық сайлау комиссияларының басшылары мен жауапты мүшелеріне жекелеген сайлау рәсімдерін қолдану ерекшеліктері және сайлау науқаны барысында туындайтын практикалық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

«Сайлауды ұйымдастырушыларды өңірлік деңгейде оқытумен қатар, аумақтық сайлау комиссияларына сайлау процесінің өзге де қатысушыларын: саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерін, сенім білдірілген адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін оқыту міндеті қойылған. Оқыту іс-шаралары барысында мәслихат депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің құқықтық негіздері, осы сайлау науқанының ерекшеліктері, сондай-ақ сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі», - деп атап өтті Шавхат Өтемісов.

Оқыту бағдарламасы сайлау заңнамасының нормаларын зерделеумен ғана шектелмей, оларды тәжірибеде қолдануға да бағытталатыны атап өтілді. Сабақтар барысында қалыпты және күтпеген жағдайлар, комиссия мүшелерінің іс-қимыл алгоритмдері, кандидаттармен, сенім білдірілген адамдармен, байқаушылармен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылады. Өңірлерде оқытуды ұйымдастыруды үйлестіру және оның барысын бақылау Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің еліміздің өңірлеріне жасайтын инспекциялық сапарлары аясында жүзеге асырылатын болады.

«Электоралдық оқытуды ұйымдастыруға жауапты тұлғаларға оқытудың сапалы өткізілуін, сайлау процесіне қатысушылардың барынша толық қамтылуын және оқытудың әр кезеңі бойынша белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын. Сайлау науқаны барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен аппаратының қызметкерлері дәстүрлі түрде еліміздің барлық өңіріне инспекциялық сапарлар жасайды. Осы сапарлар аясында сайлау комиссияларының дайындығы зерделеніп, сайлау процесіне қатысушыларға оқыту жүргізіледі және әдістемелік қолдау көрсетіледі. Сайлау науқанының ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті оқу жоспарларын қабылдап, олардың іске асырылуын ұйымдастыру маңызды», - деп түйіндеді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Отырыс соңында Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерін заңнама талаптарын сақтауға үндеп, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына айтарым -  алдағы сайлау науқаны барысында Орталық сайлау комиссиясы сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, сайлау заңнамасының орындалуын бақылайды және оның біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, сайлау процесіне қатысушыларға қажетті әдістемелік қолдау көрсетіледі. Ал сайлауды тікелей ұйымдастыру мен өткізуге негізгі жауапкершілік сіздерге жүктеледі. Әрбір шешім мен әрбір рәсім заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Біздің ортақ міндетіміз - сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады. Сондай-ақ ОСК мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.