Қазақстанда әйелдерге медициналық сүйемелдеу жүктілікке дайындықтан бастап, жүктілікті ерте есепке қою, босану, босанғаннан кейінгі қалпына келу және жаңа туған нәрестені бақылауға дейінгі ана болудың барлық кезеңін қамтиды
Қазақстанда әйелдерге медициналық сүйемелдеу жүктілікке дайындықтан бастап, жүктілікті ерте есепке қою, босану, босанғаннан кейінгі қалпына келу және жаңа туған нәрестені бақылауға дейінгі ана болудың барлық кезеңін қамтиды. Қажетті тексерулер, скринингтер және медициналық көмек ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде көрсетіледі.
2025 жылы жүктілік және босану кезінде 430 767 әйел медициналық көмек алды, ал асқынулар кезінде дәрігерлер 68 345 шұғыл операция жасады.
37 емханада және 23 перинаталдық орталықта әйелдер консультациялары қайта қалпына келтірілді.
Бұл ретте медициналық көмек босану залынан әлдеқайда бұрын басталады. 2025 жылдан бастап әйелдерді дені сау жүктілікке дайындауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылуда, бағдарлама аясында әйелдерге 12 түрлі тегін тексеруден өту мүмкіндігі қарастырылған. 1 миллионнан астам әйел әйелдер консультацияларының қызметтерін алды, ал жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрған жүкті әйелдердің үлесі 18%-ға артып, 71%-ды құрады. Ұрықтың туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау мақсатында бүгінде барлық өңірлердегі перинаталдық орталықтардың жанында 19 «Бір күндік клиника» жұмыс істейді. Диагностикамен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылды, ал пренаталдық скринингпен қамту көрсеткіші 8%-ға артты. Нәтижесінде ұрық кемістіктерінің анықталуы 13%-ға өсті, ал нәресте өлімінің көрсеткіші 15%-ға төмендеді. Нәресте дүниеге келгеннен кейін де медициналық сүйемелдеу жалғасады: жаңа туған нәрестеге патронаж жүргізу, профилактикалық тексерулер, вакцинациялау және динамикалық бақылау жүзеге асырылады. Әр кезеңдегі басты міндет – ана мен баланың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.