Атырауда алғаш рет кохлеарлық имплантаттау бойынша халықаралық мастер-класс өтуде
Есту қабілеті ауыр бұзылған балалар алдағы уақытта жоғары технологиялық медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алу мүмкіндігіне ие болады. Атырау облыстық балалар ауруханасында Батыс Қазақстанда алғаш рет балалардың дыбысты қабылдауына, сөйлеу қабілетін дамытуына және күнделікті өмірге бейімделуіне мүмкіндік беретін кохлеарлық имплантаттау бойынша халықаралық мастер-класс өтуде.
Кохлеарлық имплантаттау есту қабілеті айқын төмендеген немесе толық саңырау балаларға, кәдімгі есту аппараттары қажетті нәтиже бермеген жағдайда жасалады. Бұған дейін мұндай операциялар негізінен Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы ірі медициналық орталықтарда ғана жүргізіліп келген.
Халықаралық мастер-кластың шеңберінде жетекші мамандар өңір дәрігерлерімен бірлесіп оқыту жұмыстарын жүргізіп, диагностика мен хирургиялық емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауда, сондай-ақ көрсетілімдік операциялар орындауда. Бұл өңірдің оториноларингологтары мен хирургтері үшін облыстық балалар ауруханасының базасында тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, заманауи технологияларды игеруге мүмкіндік береді.
Оқыту аяқталып, мамандар толық дайындықтан өткеннен кейін кохлеарлық имплантаттауды Атырау облысында биылғы жылдың соңына қарай жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бұрын басқа қалалардағы медициналық орталықтарға жүгінуге мәжбүр болған өңір тұрғындары үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттырады.
Қазіргі уақытта Атырау облысында есту қабілеті бұзылған балалар мамандардың бақылауында. Олардың бір бөлігі бұған дейін еліміздің өзге өңірлерінде кохлеарлық имплантаттаудан өткен. Жаңа бағыттың іске қосылуы өңірде жоғары технологиялық медициналық көмекті көрсету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мастер-класс өңірдегі жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудағы маңызды кезең болмақ. Алынған білім мен тәжірибелік дағдылар мұндай операцияларды өз бетінше орындай алатын мамандар тобын қалыптастырып, Атырау облысында кохлеарлық имплантаттау бағытын одан әрі дамытуға негіз болады.
Сарапшылар мен өңір дәрігерлерінің бірлескен жұмысы емдеудің заманауи әдістерін енгізуге, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға және Атырау облысында кохлеарлық имплантаттауды тұрақты негізде жүргізуге қажетті жағдай жасауға ықпал етеді.