Маңғыстау облысында ана мен нәресте өлімін төмендету шаралары күшейтілуде
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі М.Е. Рамазанов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің бірқатар медициналық ұйымдарын аралап, олардың қызметімен танысты, медициналық көмектің ұйымдастырылуын бағалап, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – медициналық ұйымдардың қызметіне мониторинг жүргізу, ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдау көрсету және медициналық қызметтердің сапасын, әсіресе ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған үздік тәсілдерді енгізу болды.
Вице-министрдің сапарына дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес 2026 жылғы 3–7 тамыз аралығында өңірде республикалық мониторингтік топ жұмыс істеді. Оның құрамына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің, Ұлттық акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының, Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының, Ұлттық балаларды оңалту орталығының, UMC корпоративтік қорының, ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының жетекші мамандары, сондай-ақ Қарағанды және Ақтөбе облыстары денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері енді.
Жұмыс барысында сарапшылар әйелдер мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің ұйымдастырылуына кешенді бағалау жүргізді. Облыстың медициналық ұйымдарының қызметі, ана мен нәресте өлімінің көрсеткіштері, кадрлық қамтамасыз ету, пациенттерді бағыттау жүйесі, медициналық көмектің сапасы, инфекциялық бақылау мәселелері және мекемелердің материалдық-техникалық базасының жағдайы зерделенді.
Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын одан әрі арттыруға бағытталған тиімді шешімдерді іздеуге ерекше назар аударылды. Облыстың медицина қызметкерлеріне консультациялық-әдістемелік және практикалық қолдау көрсетіліп, бейінді мамандардың қатысуымен дәрістер, семинарлар және пациенттерге консультациялар ұйымдастырылды.
Жұмыс бағдарламасы шеңберінде М.Е. Рамазанов Маңғыстау облысының әкімімен кездесті. Одан кейін облыстық перинаталдық орталықтың қызметімен танысып, қабылдау бөлімін, босандыру блогын, операциялық бөлімдерді, неонаталдық қызмет бөлімшесін және «Бір күндік клиника» жұмысын аралап, негізгі құрылымдық бөлімшелердің қызметін бағалады.
Сондай-ақ вице-министр Көпбейінді облыстық ауруханаға барып, қабылдау бөлімшесінің, операциялық блоктың, жалпы реанимация бөлімшесінің және госпитальдық фармация қызметінің жұмысымен танысты.
Бұдан бөлек, жұмыс сапары шеңберінде Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, «Қамқорлық» оңалту орталығы және Қарақия аудандық орталық ауруханасы да қамтылды.
Жұмыс сапарының екінші күні М.Е. Рамазанов ана мен нәресте өлімін төмендету мәселелері жөніндегі көшпелі Үйлестіру кеңесінің отырысына тең төрағалық етті.
Отырысқа еліміздің барлық 20 өңірінің өкілдері қатысты. Қатысушылар республикалық мониторингтік топ жұмысының алдын ала қорытындыларын қарап, анықталған жүйелі мәселелерді талқылады және медициналық көмекті одан әрі жетілдіруге бағытталған басым шараларды айқындады.
Мониторингтік топ жұмысының қорытындысы бойынша анықталған проблемаларды жоюға арналған нысаналы ұсынымдар әзірленіп, іс-шаралар жоспары қалыптастырылады. Құжатта нақты міндеттер, жауапты орындаушылар және іске асыру мерзімдері белгіленеді. Жоспардың орындалуы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында болады.
Өңірлерде көшпелі үйлестіру кеңестерін өткізу және республикалық мониторингтік топтардың жұмысы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың маңызды тетігі болып табылады. Мұндай тәжірибе даму бағыттарын жедел айқындауға, табысты шешімдермен алмасуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.