АКАДЕМИК Н.Ж. БАТПЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ «РАДИОЛОГИЯ» МАМАНДЫҒЫ БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ РЕЗИДЕНТ ДӘРІГЕРЛЕРДІ ДАЙЫНДАП ШЫҒАРДЫ
Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы отандық денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін нығайтуды жалғастыруда. 2026 жылы Орталық алғаш рет «Радиология» мамандығы бойынша 8 резидент дәрігерді даярлап шығарды. Сонымен қатар білім беру қызметінің аясын төрт мамандыққа дейін кеңейтіп, «Травматология-ортопедия (балалар)» бағыты бойынша мамандар даярлауды бастады.
Медицина кадрларын даярлау денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда Орталық резидентурасында 383 болашақ дәрігер білім алуда. Оның ішінде 378 резидент «Травматология-ортопедия (ересектер, балалар)» мамандығы бойынша, ал 5 резидент «Травматология-ортопедия (балалар)» жаңа білім беру бағдарламасы бойынша оқиды.
Орталық өз қызметі барысында травматология, ортопедия және медициналық оңалту салалары бойынша мамандар даярлайтын жетекші ғылыми мектептердің бірін қалыптастырды. 2008 жылдан бері «Травматология-ортопедия (ересектер, балалар)» мамандығы бойынша 146 резидент дәрігер даярланды. Ал 2023 жылдан бастап «Физикалық медицина және оңалту (ересектер, балалар)» білім беру бағдарламасы бойынша 27 маман дайындалды.
Оқыту еліміздің жетекші бейінді ғылыми орталығының базасында заманауи диагностика, емдеу және медициналық оңалту технологияларын қолдана отырып жүргізіледі. Түлектер жоғары технологиялық емдеу әдістерімен жұмыс істеу, күрделі клиникалық жағдайларды басқару бойынша мол тәжірибе жинақтап, еліміздің жетекші мамандарынан тәлім алады. Бұл Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығын дәрігер кадрларын даярлайтын Қазақстандағы ең мықты клиникалық мектептердің біріне айналдырып отыр.