ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ БІРЫҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК МОДЕЛІН ӘЗІРЛЕУДЕ

Жарияланған күні: 09 шілде 2026

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық туризмді дамытудың бірыңғай мемлекеттік моделін әзірлеуде. Бұл модель медициналық туристер ағынын есепке алатын цифрлық платформаны құруды, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді ұйымдастыруды, сапаның бірыңғай стандарттарын енгізуді және шетелдік пациенттерді нақты маршруттау жүйесімен толық сүйемелдеуді көздейді.

«Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Алайда негізгі мәселе – медициналық туризм нарығын жүйелі ұйымдастырудың жоқтығы. Жекелеген клиникалар, заманауи технологиялар мен шетелдік пациенттер бар, бірақ бірыңғай маршрут, түсінікті қызмет пакеттері, халықаралық деңгейде белсенді ілгерілету және әрбір өңір мен медициналық ұйымның жауапкершілігі нақты айқындалмаған. Сондықтан әрбір қатысушының функциялары бекітілген бірыңғай модельді әзірлеу қажет», – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев кеңес барысында.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2022 жылы елімізге келген шетелдік туристердің шамамен 2%-ы медициналық көмек алу мақсатында келген. Пациенттердің басым бөлігін ТМД елдерінің азаматтары құраған.

2021–2025 жылдар аралығында Қазақстанға медициналық қызмет алу үшін келген шетел азаматтарының саны 4,5 есеге артты. Ең жоғары өсім Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Үндістан Республикасы және Түркия Республикасы азаматтарының есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасы азаматтарының тарапынан келушілер легі тұрақты сақталуда.

Медициналық туризмнің ең сұранысқа ие бағыттары қатарында кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, репродуктивті медицина, пластикалық хирургия, стоматология, жоғары дәлдікті диагностика, Check-up бағдарламалары, сондай-ақ санаторийлік-курорттық емдеу бар.