ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНТ ДИАБЕТІМЕН СЫРҚАТТАНУШЫЛЫҚ ТӨМЕНДЕДІ
Қазақстанда 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша қант диабетінің негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалды. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. Отырысқа өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық медициналық және ғылыми орталықтардың басшылары қатысты.
Ведомствоның мәліметінше, елімізде 1 және 2 типті қант диабеті бойынша жалпы сырқаттанушылық деңгейі төмендеген. Биылғы көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 308,7-ні құрады, ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 313,5 болған.
Оң динамика эндокринологиялық қызметтің белсенді дамуы және медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде профилактикалық жұмыстың күшеюі аясында байқалып отыр.
«Өңірлерде эндокриндік ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алумен айналысатын құзырет орталықтары ашылуда. Сонымен қатар, бейінді бөлімшелердегі төсек қоры кеңейтіліп, диабет мектептері мен мамандандырылған кабинеттер енгізілуде. Бұл қант диабеті және басқа да эндокриндік аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.
Аурулардың алдын алу және ерте анықтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша профилактикалық мақсатта МСАК ұйымдарына жүгіну үлесі жоспарланған 27% көрсеткіштің орнына 33,4%-ға дейін өсті. Бұл алғашқы буынның профилактикалық бағытының күшейгенін көрсетеді.
Созылмалы аурулары бар пациенттерді бақылау жүйесін жетілдіру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі динамикалық бақылау мен диагностика тәсілдерін қайта қарады. Жоғары сезімталдықтағы тексеру әдістері енгізіліп, зерттеулердің жиілігі өзгертілді және пациенттердің жағдайына бақылау күшейтілді.
Нәтижесінде инфекциялық емес аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту деңгейі шамамен үш есеге — 12%-дан 34%-ға дейін артты.
Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде профилактикалық тексерулермен қамтудың жеткіліксіздігі, емдеуге жатқызуды күту мерзімдері және нысаналы индикаторларға қол жеткізбеу сияқты мәселелер сақталуда.
Отырыс қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірлерге МСАК-тың негізгі көрсеткіштеріне ай сайын мониторинг жүргізуді, профилактикалық жұмысты күшейтуді және созылмалы аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің сапасын бақылауды тапсырды.