ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАРДЫ ДАМЫТУ ҮШІН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ШЕШІМДЕРІН ҚОЛДАНУ МҮМКІНДІКТЕРІН ҚАРАСТЫРДЫ

Жарияланған күні: 01 маусым 2026

Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық коммуникациялар және жасанды интеллект саласындағы цифрлық шешімдерді әзірлеуші отандық «Medcontact» технологиялық компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында Денсаулық сақтау министріне медициналық ұйымдардың пациенттермен өзара іс-қимылын автоматтандыру тәсілдері таныстырылды. Атап айтқанда, өтініштерді өңдеу, қабылдауға жазылу туралы еске салулар, профилактикалық тексерулер мен скринингтерге шақырулар, сондай-ақ кері байланыс пен талдау құралдары қамтылды.

Компанияның басшысы Василий Мясников еліміздің бірқатар жекеменшік медициналық ұйымдарында платформаны енгізу нәтижелерін, соның ішінде кіріс өтініштерді өңдеу және пациенттерді сүйемелдеу үшін ЖИ-сервистерін пайдалану тәжірибесін таныстырды.

Сондай-ақ ол тіркеу бөлімдері мен медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтуды қоса алғанда, инновациялық шешімдерді қолданудың ықтимал перспективалары туралы айтты.

Ұсынылған ақпаратпен танысқан ведомство өкілдері медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық құралдарды енгізудің маңыздылығын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау және қолданыстағы мемлекеттік цифрлық инфрақұрылыммен ықпалдастыру қажеттігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктері мен қолданыстағы нормативтік талаптарды ескере отырып, медициналық коммуникациялар саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша ауқымды пилоттық жобаны іске асыру және өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.