Травматологиялық қызметті дамыту: жаңа технологиялар және өлім деңгейінің төмендеуі

Жарияланған күні: 13 мамыр 2026

Қазақстанда жол-көлік оқиғалары санының артуына қарамастан, жарақаттар мен жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім көрсеткіштерінің төмендеуі жалғасуда. Бұл туралы 2025 жылдың қорытындысы мен 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша ҚР Денсаулық сақтау министріне есеп беру барысында академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарисов мәлімдеді.

Орталық мәліметінше 2025 жылы Қазақстанда жазатайым оқиғалардан, уланулар мен жарақаттардан болатын өлім 8,5%-ға, ал жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім 7,8%-ға төмендеген. Сонымен қатар, жол апаттарының саны артып келеді: тек өткен жылдың өзінде елімізде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

 Негізгі бағыттардың бірі – жарақаттанудың алдын алу. Қазіргі таңда мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026–2030 жылдарға арналған жол-көлік оқиғалары салдарын төмендету жөніндегі ведомствоаралық жоспар жүзеге асырылуда. Осы жұмыстардың шеңберінде жол-көлік оқиғалары жиі болатын қауіпті учаскелердің цифрлық картасы әзірленуде. Бұл карта апаттылық деңгейі жоғары аймақтарды талдап, профилактикалық шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанда өңірлік травматологиялық қызмет күшейтілуде. Елде өңірлік травматологиялық орталықтарды құру жалғасуда, пилоттық жобалар Астана, Алматы және Балқаш қалаларында іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек, өңірлерде жаңа бейінді бөлімшелер мен травмпункттер ашылуда. Бүгінде академик Батпенов атындағы ҰҒТОО Орталық Азиядағы ең ірі жоғары технологиялық ортопедиялық орталықтардың біріне айналуда. 2025 жылы мұнда 10,7 мыңнан астам операция жасалды, оның ішінде роботтандырылған эндопротездеу, нейронавигация қолданылатын операциялар, 3D-импланттар мен жасушалық технологияларды пайдалану арқылы жүргізілген операцияның түрлері бар. Орталық медициналық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы ортопедиялық операциялардың құны бірқатар шетелдік клиникалармен салыстырғанда бірнеше есе арзан, ал емдеу сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Шетелдік пациенттердің қазақстандық ортопедияға қызығушылығы заманауи жабдықтардың, роботтандырылған операциялардың және дәрігерлердің жоғары біліктілігінің арқасында артып келеді. 2025 жылы ҰҒТОО медициналық туризмді дамытуға арналған халықаралық форумға қатысып, оған 13 елден делегаттар келген. Тағы бір маңызды оқиға – қазақстандық дәрігерлердің Өзбекстан тарихындағы MAKO жүйесін қолдана отырып жасалған алғашқы роботтандырылған операцияларды өткізуі болды. Қазіргі уақытта Астанада ҰҒТОО-ның жаңа заманауи корпусын салу жұмыстары жалғасуда. Болашақта бұл орталық өңірдегі ең ірі бейінді медициналық орталықтардың біріне айналмақ.