АТЫРАУЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР МЕРЗІМІНЕН ЕРТЕ ТУЫЛҒАН НӘРЕСТЕ ӨМІРІН АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Жарияланған күні: 04 сәуір 2026

Ағымдағы жылдың 12-ақпан күні Атырау қаласынан 400 км шалғай елді мекен тұрғындарынан неонатальдық бригадаға шақырту түсті. 32 аптасында мерзімінен ерте босануы ықтимал ана мен ішіндегі сәби жедел медициналық көмекке мұқтаж еді.

Ауа-райының қолайсыздығы, жолдың анық көрінбеуіне қарамастан медициналық бригада алғашқы көмекке асықты. Туындаған қолайсыздықтар салдарынан науқасты тасымалдау қиынға түскені жасырын емес, ұзақтығы шамамен 1 тәулікті құраған. Дәрігерлер күткендей, сәби уақытынан бұрын дүниеге келді.  

Мамандардың сөзіне сүйенсек, пациент әуелі бригада көмегімен облыстық перинаталдық орталықтың жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне аса ауыр жағдайда жеткізіліп, шұғыл күрделі ота жасау туралы шешім қабылданған. Сәтті отадан кейін сәби 34-тәулікте жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды.

Дәрігерлер бүгінгі таңда анасы мен сәбиінің денсаулығы жақсы екенін, бақылаудан кейін үйіне оралғанын атап өтуде.