Қостанай облысының шұғыл қызметтері соңғы екі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде:
Қостанай облысының шұғыл қызметтері соңғы екі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде: дауылды ауа райы жағдайына қарамастан шамамен 2 000 шақырту қабылданып, қызмет көрсетілді.
Жолдардың жабылуы және қарлы боран кезінде көріну деңгейінің іс жүзінде нөлге тең болуы жағдайында жедел жәрдем бригадалары, оның ішінде ауылдық кіші станциялар, пациенттерге шығуды жалғастыруда. Олар тіпті жетуі қиын елді мекендерге де баруда.
Экстремалды ауа райы жағдайында медицина қызметкерлері құрысу синдромы бар пациенттерге, түрлі жарақат алғандарға көмек көрсетті. Сондай-ақ ми қан айналымының жедел бұзылуы (МҚАЖБ) диагнозы қойылған пациентті эвакуациялау үшін бірнеше сағатқа созылған күрделі операция жүргізілді.
Кейбір жағдайларда Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы техникасы қар құрсауын еңсере алмаған кезде, фельдшерлер боран жағдайында жаяу жүріп, дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін пациенттерге жетуде.
Сонымен қатар call-орталық мамандары пациенттерге қашықтан қолдау көрсетіп, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін қажетті ұсынымдар беріп, әрекеттерді үйлестіруде.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі табиғат апатының қақ ортасында өз қауіпсіздіктерін қатерге тігіп, қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен құтқарушыларға алғыс білдіреді.