Меню

Страницы

Статья

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы қызметінің қорытындылары бойынша ақпарат

Қазақстан Республикасы

Денсаулық сақтау министрлігінің

2024 жылғы қызметінің қорытындылары бойынша

АҚПАРАТ

 

  1. МСАК-ты дамыту

Халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін халық денсаулығын сақтаудың негізгі құралдарының бірі ретінде МСАК-ты дамытуға ерекше көңіл бөліледі.

2024 жылы емханалар мен стационарларда халықаралық стандарттарға сәйкес диагностикалық рәсімдер оңтайландырылды, арнайы мамандарға жолдама алу тәртібі қайта қаралды, жалпы практика дәрігерлеріне бірнеше рет жүгіну қажеттілігі жойылды. Бұл ретте жалпы практика дәрігерлеріне өздігінен жазылу кестелерінің қолжетімділігі 20%-дан 90%-ға дейін артты.

Жоспарлы ауруханаға жатқызуға арналған талдаулар тізбесі қысқартылды және олардың қолданылу мерзімдері ұзартылды (10 күннен 12 күнге дейін, 1 айдан 3 айға дейін).

Созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылауға мультидисциплинарлық тәсілді қамтамасыз ететін жалпы практика дәрігері мен бейінді мамандардың бірлескен жұмысының жаңа алгоритмі әзірленді.

2024 жылы диспансерлік науқастарды динамикалық бақылаумен қамту 12,7%-ға артып, 2 млн адамға дейін жетті, ал оларға көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 10%-ға артып, 12 млн-ға жетті.

МСАК деңгейінде созылмалы жұқпалы емес аурулардың ерте диагностикасы мен асқынуларының алдын алу үшін жыл сайын 3,4 миллион ересек қазақстандық тұрғылықты жеріне қарамастан қан айналым жүйесінің ауруларына, қант диабетіне, онкологияға скринингтен өтеді. Сондай-ақ, жатыр мойны обырын, сүт безі обырын және тоқ ішек обырын ерте анықтауға арналған скрининг шеңберінде 2,5 млн адам тексеріліп, 2,7 мыңнан астам науқас анықталды.

Бұл ретте скринингтің арқасында жатыр мойны обырының 0-1 сатысында ерте анықталған науқастар саны 72%-ға, сүт безі обыры – 56%-ға дейін артты.

Скрининг нәтижесінде анықталған барлық аурулар бойынша әрі қарай емдеу жүргізіледі, пациенттер динамикалық бақылаумен және тегін амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, инсульттермен, инфаркттармен күресу мақсатында 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер үшін 2025 жылдан бастап амбулаториялық коронарография және брахиоцефалды қан тамырларының УДЗ сияқты қосымша скрининг түрі енгізіледі. Бұл тексеруден екі жылда бір рет өтуге болады.

Ауыл халқына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік медицинасының әлеуеті кеңінен пайдаланылады. 2024 жылы жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерімен 1,7 млн ауыл тұрғыны қамтылды.

  1. Стационарлық көмекті жетілдіру.

2024 жылы халыққа онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 5 өңірде 6 жаңа сызықтық үдеткіш іске қосылды (Абай, Қарағанды, СҚО, Астана қ., ҚазҒЗИжРО - 2), бұл сәулелік терапиямен қамтуды 41%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді, өсім 3,2% (2023 ж. – 37,2%).

2024 жылы Алматы қаласында 2 жаңа ПЭТ/КТ орталығы және бір циклотрондық-өндірістік кешен құрылды.

Ағымдағы жылы Алматы қаласында тағы бір циклотрондық-өндірістік кешен және Ақтау, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды және Өскемен қалаларында 5 жаңа ядролық медицина орталығы және Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында Тераностика орталығын ашу жоспарлануда. Бұл ПЭТ-диагностикасына мұқтаж пациенттерді қамтуды 100%-ға арттыруға және радионуклидті терапияның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Елде ПЭТ және БЭКТ диагностикасына арналған радиофармпрепараттың 3 түрі өндіріледі. Ағымдағы жылы ҚР Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтымен бірлесіп онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін 3 жаңа радиофармпрепаратты тәжірибеге енгізу жоспарлануда, бұл елде радионуклидті диагностика мен радионуклидті терапияны жүргізуге мүмкіндік береді.

Өңірлік онкоорталықтардың базасында 15 сараптамалық эндоскопиялық орталық, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында 2 онкореабилитация бөлімшесі ашылды.

ДЗ және ММТ персонализацияланған есепке алу жүйесі, есепке алу жүйелерін МАЖ-мен интеграциялау енгізілді.

Онкологиялық қызметтің және ҚазҒЗИжРО 248 маманы онкологияның өзекті мәселелері бойынша шетелде оқытылды.

Қабылданған шаралар 5 жылдық өмір сүруді 57,1%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді (2023 ж. – 55,4%).

  1. Салауатты өмір салтын насихаттау арқылы халық денсаулығына зиянды төмендету

Салауатты өмір салтын насихаттау және темекі шегуге қарсы күрес шеңберінде темекі өнімдері мен алкоголь өнімдеріне акциз мөлшерлемелерін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

2024 жылдың маусым айында вейптердің, хош иістендіргіштердің және оларға арналған сұйықтықтардың айналымына заңнамалық тыйым салынды.

Жұқпалы емес аурулар миллиондаған адамдардың денсаулығына әсер ететін жаһандық індетке айналды. Олардың өсуімен күрес тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін шешуші мәнге ие (3.4-міндет: 2030 жылға қарай ЖИА-дан болатын мерзімінен бұрынғы өлімді үштен бірге қысқарту).

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау мақсатында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа дейінгі адамдарға, оның ішінде сатушының қатысуынсыз сауда (вендинг) автоматтары арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды.

  1. Ана мен бала денсаулығын қорғау

Қазіргі уақытта елде 10 млн-нан астам әйел тұрады, оның ішінде 4,7 млн-ы – фертилдік жастағы әйелдер, олардың денсаулығын қорғау мемлекеттің ерекше басымдығы болып табылады.

Жастардың репродуктивтік денсаулығын сақтау және фертильді жастағы әйелдердің денсаулығын нығайту мақсатында «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылуда, оның шеңберінде жүктілікті жоспарлап отырған әйелге денсаулық индексін анықтау үшін дәрігердің тексеруінен өтуге мүмкіндік берілген.

Генетикалық аурулар мен туа біткен даму ақауларын ерте анықтау мақсатында 15 перинаталдық орталықтың базасында жүкті әйелдерге пренаталды диагностиканың инновациялық әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз ететін және туа біткен даму ақаулары мен хромосомалық патологиясы бар баланы туу қаупін уақтылы анықтайтын «Бір күндік клиникалар» ашылды. Есепті кезеңде 30 мыңнан астам жүкті әйел тексерумен қамтылды.

2024 жылы жүкті әйелдерді пренаталды скринингпен қамту 90%-ға жетті. 7000 жүкті әйелде ұрықтың даму бұзылулары анықталды, 2000 әйелдің өмірмен үйлеспейтін туа біткен даму ақаулары бар балаларды тууының алды алынды.

Ана өлімінің алдын алу мақсатында мынадай жүйелі шаралар іске асырылды:

- жүктілерге/босанатындарға диагностика жүргізу мен емдеуді одан әрі жетілдіру жөніндегі бағдарлама бекітілді (операциялық араласулардан кейін жатырында тыртықтары бар, плацентасының орналасуы және/немесе жабысуы бар);

- акушерлік көмек көрсету бойынша 25 басым клиникалық хаттама қайта қаралды;

- акушерлік қызметтің өзекті мәселелері бойынша республикалық және өңірлік Сараптамалық кеңестер және ауыр/сыни жағдайдағы жүкті әйелдерге жедел ден қою және тәулік бойы консультация беру үшін жетекші бейінді мамандар қатарынан мультидисциплинарлық топтар құрылды;

- бір клиникадан екінші клиникаға қайта тасымалдауға жол бермеу, «Алтын сағат» қағидаларын сақтау мақсатында әр өңірде көп бейінді ауруханалардың анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде сыни жағдайдағы әйелдерді госпитализациялау үшін жеке посттар ұйымдастырылды;

- сыни жағдайдағы жүкті әйелдерге күнделікті тәулік бойы мониторинг жүзеге асырылады;

- асқынған босануға, оның ішінде кесар тілігіне арналған тарифтер 60%-ға арттырылды.

Өткен жылдың 1 маусымынан бастап бес бейін бойынша тарифтер арттырылды: акушерлік, неонатология, неврология (балалар), аллергология (балалар), ревматология.

Баланың тұқым қуалайтын туа біткен ақаулары мен дамуындағы ауытқуларды ерте анықтау мақсатында 5 түрлі скрининг жүргізіледі: пренаталды, неонаталды, офтальмологиялық, шала туған балаларды ретинопатияны анықтауға арналған скрининг, аудиологиялық скрининг, жаңа туған нәрестелер мен ерте жастағы балалардың психофизикалық даму скринингі.

Перинаталдық орталықтардың базасында жаңа технологияларға негізделген ұрықтың хирургиясы – «Фетальды медицина» бірегей жобасы іске қосылды, ол аз инвазивті процедуралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік береді. Осы жоба шеңберінде 32 іштегі операция жасалып, 27 болашақ нәрестенің өмірі сақталды.

Туа біткен даму ақаулары бар балаларды емдеуге арналған 17 ерте араласу орталығы ашылып, жұмыс істейді.

Неонаталды хирургияның дамуымен және осы технологияларды өңірлерге берумен туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүруі 86%-ды құрады. Жылына орта есеппен туа біткен ақаулары бар 1500 жаңа туған нәрестеге хирургиялық емдеу жүргізіледі, оның 40%-ына эндобейнехирургия әдісімен ота жасалады.

Тиімді перинаталдық технологияларды енгізудің, жаңа туған нәрестелерді реанимациялауды дамытудың арқасында дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүруі 4 есеге артты.

Қазақстан Орталық Азияда туғаннан бастап кардиохирургиялық операциялар жасалатын жалғыз мемлекет болып табылады. Жылына орта есеппен туа біткен жүрек ақауы бар балаларға ашық жүрекке 2000-ға дейін операция жасалады, оның 75%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды.

Сонымен қатар, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық балалар медициналық ұйымдары үшін 3 кезеңдік оңалту қызметтеріне, амбулаториялық деңгейдегі арнайы мамандардың консультацияларына, гастроэнтерология, нефрология, пульмонология бағыттары бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың емделген жағдайларына ақы төлеу үшін клиникалық-шығындық топтарға арналған тарифтер арттырылғанын атап өту қажет.

Ана мен бала денсаулығын қорғау саласында соңғы 10 жылда нәресте мен ана өлімінің төмендету бойынша ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өту қажет - сәйкесінше 8,3%-ға және 12%-ға.

2024 жылы акушерлік қызметтің барлық мамандарының білікті және үйлесімді жұмысының арқасында 367 мың босану сәтті өткізілді.

  1. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету

Амбулаториялық деңгейдегі дәрілік қамтамасыз ету 120 нозология бойынша 253 млрд теңге сомасына 3,3 млн пациентті қамтиды.

Ауыл тұрғындары үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың базасында 172 дәріхана пункті және 694 жеке дәріхана, сондай-ақ 15 жылжымалы дәріхана пункті ұйымдастырылды.

Стационарлық деңгейде дәрілік қамтамасыз етудің барлық процестерінің ұтымды пайдаланылуын, қауіпсіздігі мен сапасын арттыру үшін дәрілік заттарды персонализацияланған есепке алудың негізгі міндеті болып табылатын клиникалық фармакология және госпитальдік фармация бөлімшелері (бұдан әрі – ГФБ) кезең-кезеңімен енгізілуде.

Есепті жылы 78 ГФБ ашылды, ағымдағы жылы тағы 150-ге жуық ГФБ ашу қажет. ГФБ бөлімшелерін құрған клиникалардың тәжірибесі ДЗ және ММТ сатып алу кезінде 30-40%-ға дейін үнемдеуді, сондай-ақ ДЗ-ны ұтымды және қауіпсіз пайдалануды көрсетеді.

  1. Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту

Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай отандық өндірістегі дәрілік заттардың үлесін 50%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Бүгінде бұл үлес бар болғаны – 15%-ды құрайды (жоспар 20%).

Анықтама үшін: Фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 14,4%-ға артты (2024 жылдың қорытындысы бойынша 95 млрд теңгені құрайды, 2023 жылы – 79,5 млрд теңге). Фармацевтикалық өнімнің 4 мыңға жуық атауын (613 ДЗ және 3 334 ММТ) жеткізуге 35 отандық өндірушімен 94 ұзақ мерзімді шарт жасалды.

  1. Денсаулық сақтауды кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету бойынша шаралар

Медициналық кадрларды даярлау сапасы сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етудің негізі болып табылады.

Денсаулық сақтау жүйесін білікті дәрігер кадрларымен қамтамасыз ету үшін республикада 8 медициналық ЖОО, 7 медициналық факультет, сондай-ақ 17 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталық жұмыс істейді.

2024 жылы денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары үшін мамандықтар бойынша білім беру гранттары бөлінді: бакалавриат – 2700, резидентура – 2500 (Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде резидентураға гранттар саны 2500-ге дейін ұлғайтылды), магистратура – 325, докторантура – 160 орын.

Бакалаврлар мен интерндердің шәкіртақысы 20%-ға, резиденттердің, магистранттардың, докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға арттырылды.

Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 50%-ға ұлғайтылды.

Әлеуметтік қолдау шаралары. Денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын ауылда бекіту мақсатында 2024 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда мынадай шаралар көзделген:

- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қолдау шеңберінде ауданның әкімшілік орталықтары болып табылатын ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін тұрғын үй сатып алуға немесе салуға (2 500 АЕК-тен (9,2 млн теңге) аспайтын сомада) және ауылдық елді мекендерге (2000 АЕК-тен (7,3 млн теңге) аспайтын сомада) бюджеттік кредит мөлшері ұлғайтылды;

- ауылдық елді мекендерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген тапшы мамандандықтар бойынша медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақы мөлшерінің 100 еселенген мөлшерінде (8,5 млн теңге) біржолғы ақшалай төлем;

- жергілікті атқарушы органдардың медицина қызметкерлерінің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда бірінші кезекте орын беруі;

- көлік шығындарын өтеу.

Сондай-ақ, ҚР көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес мыналар көзделген:

- жаңа жерге қоныс аударушылар үшін тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қаржылық көмек алу құқығымен экономикалық ұтқырлық сертификатын беру;

- «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде жас мамандарға жалақыға қосымша үстемеақы белгілеу.

Өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша алғаш рет адамдардың денсаулығын жақсартуға қосқан ерекше үлесі үшін 1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы ынталандыру төлемімен үш көрнекті дәрігерімізге берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы енгізілгенін атап өту қажет.

Медицина қызметкерлері арасындағы «Мамандығы бойынша үздік» республикалық байқауының 16 жеңімпазы 500 еселенген АЕК мөлшерінде моральдық және материалдық көтермелеу алды.

  1. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру

Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде қазіргі уақытта ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру жалғасуда. Ұлттық жоба мүлдем болмаған немесе моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген елді мекендерде жетіспейтін дәрігерлік амбулаторияларды, фельдшерлік-акушерлік пункттерді (ФАП), медициналық пункттерді салуды көздейді.

Жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттерде күндізгі стационарлар ашылды, физиотерапия қызметтері көрсетіледі, ауданнан тысқары шықпай-ақ талдауларды тапсыруға болатын зертхана кабинеттері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, бұрын медициналық нысандар болмаған 200 ауылда заманауи МСАК нысандары салынды.

Барлық МСАК нысандарында облыстық және республикалық клиникалардың жетекші дәрігерлерімен телемедициналық консультациялар ұйымдастыру үшін компьютерлік және медициналық техника қарастырылған.

Ұлттық жоба шеңберінде ауылдық медициналық мекемелерді диагностикаға арналған аппараттарды, зертханалық құрылғыларды, сондай-ақ телемедицинаға арналған жүйелерді қоса алғанда, заманауи жабдықтармен жаңарту және жабдықтау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл ауыл тұрғындарына ауылдан тысқары шықпай-ақ сапалы медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Ұлттық жоба шеңберінде 32 аудандық аурухананы жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасуда, оған мыналар кіреді:

- бөлімшелерді ашу (инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту бөлімшесі, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі, триаж жүйесі бар қабылдау бөлмесі);

- заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау;

- жаңа бөлімшелер құру және ауыр медициналық техниканы орнату үшін күрделі жөндеу немесе қосалқы құрылыстар салу (қайта құру).

Бұл шаралар инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайларда ауыл халқына «алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсетуді қамтамасыз етуге көмектеседі, бұл біздің күтуіміз бойынша осы аурулардан болатын өлім-жітімді 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

  1. Денсаулық сақтауды цифрландыру

Денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде бірыңғай цифрлық инфрақұрылымды құру бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда, пациенттерге ыңғайлы болу және медицина қызметкерлерінің жұмысының тиімділігін арттыру үшін жаңа тәсілдер енгізілуде.

Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің 17 мемлекеттік ақпараттық жүйесі, сондай-ақ нарықта 20-дан астам медициналық ақпараттық жүйе жұмыс істейді.

Бұл жүйелер жыл сайын 2 мыңға жуық медициналық ұйым көрсететін 400 миллионнан астам медициналық қызмет туралы деректерді өңдейді. Электрондық жүйемен 422 мың медицина қызметкері және 20 миллионнан астам азамат қамтылған.

Маңызды жаңалықтардың бірі - пациенттерді цифрлық сәйкестендіру механизмін енгізу. 2024 жылы жоба Астанада сәтті іске қосылды және біртіндеп бүкіл ел бойынша кеңейтілуде.

Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы пациенттер QR-кодты пайдалана отырып, 1,7 млн дәрілік зат алды. Қазіргі уақытта бұл жоба барлық мемлекеттік медициналық ұйымдарға таратылды.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 8 түрлі медициналық анықтама, оның ішінде медициналық кітапшалар мен еңбекке жарамсыздық парақтары қағаз тасығыштан электрондық форматқа ауыстырылуда.

Сонымен қатар, инсульттер мен өкпе обырын ерте диагностикалау үшін жасанды интеллектті пайдалану сияқты инновациялар белсенді түрде енгізілуде, бұл диагностиканың дәлдігін және емдеудің уақтылығын арттыруға мүмкіндік береді, және бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге әкеледі.

Халыққа, оның ішінде ауылдағыларға білікті медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2024 жылы елдің медициналық ұйымдары 3 249 818 қашықтықтан медициналық қызмет көрсетті, оның ішінде ауыл халқына 1 541 755 қызмет көрсетілді.

  1. МӘМС-ті жаңғырту

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде «Әділ Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тиісті заң жобасы әзірленді, оның нормалары мынадай нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған:

- бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңгерімді базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакеті қалыптастырылатын болады;

- онкологиялық скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады;

- әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туған кезде тексеру де мәртебесіне қарамастан барлығы үшін тегін болады;

- медициналық қызметтерге тарифтер нақты шығындарды ескере отырып түзетілетін болады;

- әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық және төтенше деңгейлеріне жататындар, сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС-ке жарналарды жергілікті атқарушы органдардың төлеуі халықтың ең осал топтарына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, оларды қажетті медициналық қызметтерге қол жеткізеді.

Дата публикации
16 мая 2025
Дата обновления
16 мая 2025
Тип
Пайдалы ақпарат

Сейчас читают

Ақпарат
01 июля 2026
Қауіп-қатер дәрежесі жоғары жасанды интеллектінің жүйелері туралы жариялануға жататын мәліметтер
Хабарлама
05 июня 2026
Публичные слушания
Ақпарат
25 ноября 2025
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А. Ш. Әлназарованың Алматы қаласына жұмыс сапары

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы