Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және МӘМС жүйесіне азаматтардың әлеуметтік осал санаттарының қатысуы жөніндегі бірқатар жаңалықтардың жобасы туралы
Пресс-релиз
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің Бірыңғай базалық топтамасын жасау тапсырылды.
Осыған байланысты медициналық көмектің Бірыңғай пакетін қалыптастыру, медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың неғұрлым әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттары үшін міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне сақтандыру төлемдерін жасау жергілікті атқарушы органдарға жауапкершілік жүктеу бойынша Министрлік жұмыс жүргізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі келесі нормаларды реттейтін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі.
Біріншісі - жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар мен әлеуметтік саламаттылықтың дағдарыстық, шұғыл деңгейлеріндегі адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жүзеге асыру.
Бүгінгі таңда 16,7 млн адам (83 %) сақтандырылған, оның ішінде 11,9 млн адам (58,9 %) халықтың жеңілдікті санаттарына жатады, олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді.
Шамамен 3,5 млн (17,5%) адам МӘМС жүйесінен тыс қалды:
Бұл азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту және олардың сақтандырылушылармен тең дәрежеде медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін олардың жарналарын медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті бюджеттер есебінен төлеу ұсынылады.
Бұдан басқа ЖАО-ның жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін тікелей жауапкершілігін ескере отырып, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеуге шығыстарды жергілікті бюджеттерге жүктеу ұсынылады. Бұл сондай-ақ тұрақты жұмыс орны мен табысы жоқ азаматтар үшін денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы шаралардың арқасында біз 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн адам қамтылады деп күтеміз. Бұл біздің ел азаматтарының 5%-дан астамы жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алатынын білдіреді, соның нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін азайта отырып, ұлттың жалпы денсаулығы мен әл-ауқатын арттырады.
Екіншісі - Заң жобасы шеңберінде ұсынылып отырған норма медициналық көмектің Бірыңғай пакетін қалыптастыруға қатысты.
Пакеттерді қайта құрылымдаудың мақсаты қызметтердің қайталануын болдырмау, ТМККК және МӘМС-тің пакеттерінің нақты аражігін ажырату болып табылады. Бұдан басқа бұл шаралар сақтандыру мәртебесіне қарамастан халыққа базалық көмектің қолжетімділігіне кепілдік беруге мүмкіндік береді.
2026 жылдан бастап әлеуметтік мәні бар аурулардың барлық тізбесіне күдік туындаған жағдайда тегін консультациялық-диагностикалық көмек көрсету жоспарлануда, осылайша біздің азаматтар тегін диагностикадан өте алады, патологияларды уақтылы анықтай алады, бұл денсаулық жағдайын және жалпы өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді (бүгінгі таңда ТМККК шеңберінде диагностика тек туберкулез және АИТВ-инфекциясы бойынша жүргізіледі, қалған әлеуметтік мәні бар аурулардың диагностикасы - МӘМС шеңберінде).
Бұл өзгерістер халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға, пакеттердегі қызметтерді нақты ажыратуға, медицина қызметкерлері мен халық үшін ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық көмектің кепілдіктері туралы айқындық енгізуге мүмкіндік береді.
2027 жылы МСАК ТМККК пакетінен МӘМС пакетіне ауыстырыла отырып, шығыстардың арақатынасы ТМККК-ге 30% және МӘМС-ке 70% болатын қаржыландырудың басым сақтандыру моделіне көшу жөніндегі жұмыс аяқталады деп жоспарлануда (ағымдағы жылы шығыстардың арақатынасы ТМККК-ға 57%-ды және МӘМС 43%-ды құрайды). Осылайша міндеттемелердің негізгі бөлігі денсаулық үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарын іске асыру үшін сақтандыру жүйесіне көшірілетін болады.
Бүгінгі таңда әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулары бар пациенттер арасында қамту шамамен 90% - ды құрайды және азаматтардың МӘМС жүйесіне қатысуын ескере отырып, 2026 жылы қамтудың 93% - ға дейін артуы күтілуде.
Пакеттерді жетілдіру шеңберінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан мемлекеттік бюджет есебінен созылмалы ауруларды диагностикалау және емдеу үшін қажетті қызметтерді көздейтін медициналық көмек кепілдіктерінің базалық пакеті қайта қаралуда.
ТМККК пакетін айтарлықтай жеңілдету МӘМС пакетінде қосымша шығындарға әкеп соғады. Осыған байланысты жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бірінші кезеңде (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап) МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру ұсынылады (10-нан 50 ЕТЖ-ға дейін). Нәтижесінде МӘМС жүйесіне жылына қосымша 234 млрд теңге түседі және МӘМС жарналарының мөлшерлемелерімен регрессивті салық салудан бірыңғай салық салу шкаласына көшу болады.
МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру туралы шешім МӘМС жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті қадам. Бұл өзгерістер бәріне емес, барлық жалдамалы жұмысшылардың шамамен 9%-ына және олардың жұмыс берушілеріне әсер етеді.
Бұл қадам қаржылық жүктемені әділ бөлу тұрғысынан да маңызды. Қазіргі уақытта жалақысы 800 мың теңге адам 16 мың теңге мөлшерінде жарна төлейді, бұл табысы 1 миллион теңгеден асатын адамның жарнасына тең – 17 мың теңге. Бұл сәйкессіздік жүктемені әділ бөлуге мүмкіндік беретін әсіресе халықтың осал топтарын қолдау үшін жаңа тәсілмен жойылады.
Осылайша, ұсынылған заң жобасы:
әлеуметтік мәні бар аурулар бөлігінде мемлекеттік кепілдіктерді кеңейтуге;
1 млн адамға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға;
медициналық көмек пакеттерінің қарапайымдылығы мен түсінікті болуын қамтамасыз етуге, азаматтардың медициналық сақтандыру жүйесіне толыққанды қатысуы үшін ынталандыруды бір мезгілде жасай отырып, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.