Алматы облысында қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай

Алматы облысында қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай
Алматы облысында қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Қызылша – өте жоғары жұқпалылық деңгейімен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Қызылшадан қорғанудың ең тиімді және сенімді жолы – вакцинация. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Қазіргі уақытта Алматы облысында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 6–11 айлық балаларды қосымша иммундау жүргізілуде. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мен Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәулет Қапсаламова айтты.
Қызылша қауіптілігі бөртпенің өзінде емес, оның асқынуларында. Ауру пневмония, бронхит, ларингит сияқты тыныс алу жүйесінің ауруларына, сондай-ақ жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін. Сирек жағдайда энцефалит немесе бірнеше жылдан кейін дамитын склероздаушы панэнцефалит сияқты ауыр асқынулар кездеседі. Сонымен қатар ортаңғы отит, кератит, стоматит, диарея және сусыздану сияқты жағдайлар да орын алуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, қызылшаға қарсы арнайы вирусқа қарсы дәрі жоқ. Сондықтан емдеу негізінен симптомдарды жеңілдетуге бағытталады: қызу түсіретін дәрілер, А дәруменін қабылдау және жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу ұсынылады.
Ал, дерттің алдын алудың ең тиімді жолы-екпе. Бүгінгі күні Алматы облысында 11 480 баланың 6 685-і, яғни 58 пайызы вакцина алды. Сонымен қатар 336 медициналық қызметкер егілді. Қалпына келтіруші иммундау аясында 18 жасқа дейінгі 1 137 бала вакцинацияланды, бұл жоспарланған 3 212 баланың 35 пайызын қамтып отыр.
«Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес облыста вакцинация жүргізу үшін 318 егу пункті, 76 жылжымалы бригада және медициналық ұйымдар мен мектептердегі егу кабинеттері жұмыс істейді»,-деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева.