Балаларды профилактикалық медициналық тексеріп-қарау

Балаларды профилактикалық медициналық тексеру – бұл ауруларды ерте сатыда анықтауға және аурулардың дамуын, қауіп факторларын, қосалқы аурулардың туындауын болдырмауға және балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған тексерулер.

Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларға, сондай-ақ  техникалық  және  кәсіптік,  орта  білімнен  кейінгі  және  жоғары білім беру  ұйымдарының  білім  алушыларына профилактикалық  медициналық  қарап-тексерулер жүргізіледі.

Профилактикалық медициналық қарап-тексерулер «Профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді өткізу қағидаларын, көлемін және кезеңділігін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығы негізінде жүргізіледі.

Алматы облысы бойынша 2019-2020 оқу жылында профилактикалық медициналық тексеруге 180462 оқушы жатқызылған, оның ішінде зерттеумен 135906 оқушы қамтылған, бұл 75,3% құрайды. Карантинге байланысты тексеруге жататын балалар толық тексерумен қамтылған жоқ.

Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік,  орта  білімнен  кейінгі  және  жоғары  білім  беру  ұйымдарының  білім алушыларын  қоса  алғанда  он  сегіз  жасқа  (кәмелетке)  толмаған  білім  алушыларын профилактикалық  медициналық  қарап-тексерулерді  аумақтық  медициналық-санитариялық-алғашқы көмек көрсететін (бұдан әрі – МСАК ұйымдары)  ұйымдарының мамандары білім беру ұйымдарының аумағына шыға отырып жүргізеді. 

Мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын мектепке дейінгі жастағы балаларды профилактикалық  медициналық  қарап-тексерулер  бекітілген  жері  бойынша  МСАК ұйымдарында жүргізіледі.

Балаларды профилактикалық  медициналық  тексеріп-қарау дайындық сатысынан, профилактикалық  медициналық  қарап-тексеруден және  қорытынды  сатыдан тұрады.  

Дайындық сатысы мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының білім алушыларын қоса алғанда ақпараттық сүйемелдеуден тұрады.

Профилактикалық медициналық қарап-тексеру дәрігерге дейінгі, білікті және мамандандырылған кезеңдерді қамтиды. Дәрігерге дейінгі кезеңді білім  беру  ұйымының, мектепке дейінгі ұйымдардың орта медицина персоналы жүргізеді.

Білікті кезеңді педиатр, терапевт дәрігер (15 жастан 17 жасқа дейінгі балалар үшін) немесе жалпы практика дәрігері жүргізеді. Мамандандырылған кезеңді бейінді мамандар жүргізеді. Бейінді мамандардың қорытындысы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулерді ескере отырып, профилактикалық медициналық қарап-тексеру аяқталғаннан кейін педиатр дәрігер, терапевт дәрігер немесе жалпы практика дәрігері (бұдан әрі-ЖПД) денсаулықтың келесі тобын айқындай отырып, балалардың денсаулық жағдайына кешенді бағалау жүргізеді: 1-топ – дені сау балалар; 2-топ – дені сау, бірақ функциялық ауытқулары бар, сондай-ақ жіті және созылмалы ауруларға қарсы тұру қабілеті төмен, қауіп факторы бар балалар; 3-топ  –  организмінің  функциялық  мүмкіндіктері  сақталған,  компенсация жағдайындағы созылмалы аурумен ауыратын балалар; 4-топ – организмінің  функциялық  мүмкіндіктері  төмен,  субкомпенсация жағдайындағы созылмалы аурумен ауыратын балалар; 5-топ – организмінің  функциялық  мүмкіндіктері  айтарлықтай  төмендеген, декомпенсация жағдайындағы созылмалы аурумен ауыратын балалар.

3, 4, 5 денсаулық топтарына жататын балалар МСАК ұйымының мамандарының немесе тиісті бейін мамандарының динамикалық бақылауы мен сауықтыруына жатады.

Педиатр  дәрігері, терапевт  немесе  ЖПД  профилактикалық  медициналық қарап-тексеру аяқтағаннан кейін денсаулықты кешенді бағалау жүргізіледі, денсаулық тобын  көрсете  отырып  физикалық  және  нервтік-психикалық  дамуын  бағалаумен эпикриз бен қорытындыны ресімдейді. Қорытындыда толық қарап-тексеру, бақылау, санитариялық-гигеналық ережелерді сақтау, режим, дене тәрбиесі және шынықтыру, профилактикалық екпелерді жүргізу, шекті жағдай мен аурулар профилактикасы, дене шынықтыру тобы (негізгі және арнайы топ) бойынша ұсынымдар, сонымен қатар, 15 жастан бастап ер балаларға – военкомат үшін қорытынды мен ұсынымдар беріледі.

Қорытынды  сатыда  МСАК  ұйымының  дәрігері  немесе  МСАК  ұйымының жауапты адамы медициналық ақпараттық жүйеге профилактикалық медициналық қарап-тексеру нәтижелерін енгізеді. Балаларды профилактикалық медициналық қарап-тексеру нәтижелері олардың заңды өкілдерінің назарына танысу туралы қол қоюмен жеткізіледі.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың денсаулығының қаншалықты қалыпты өсіп келе жатқанын білу үшін, ауытқулар болған жағдайда уақытылы  емдік-профилактикалық  көмек  көрсету және ерте  диагностикалау үшін балаларды профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан өткізіп тұрудың маңызы зор екенін ескертеміз. Сол себепті ата-аналарға балаларын профилактикалық медициналық тексеруден өткізуге белсенді қатысуға кеңес береміз!