
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
2021 жылғы атқарылған жұмыстары мен
2022 жылға арналған жоспарлары
Қаламыздағы мәдениет және өнер мекемелерінің ең басты мақсаты кенді қала халқының рухани және эстетикалық сұраныстарына сай сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету болып табылады. Жезқазған қаласының мәдениет және өнер саласының инфрақұрылымы 22 нысанды құрайды.
Өткен жылы мәдениет және өнер мекемелерінде 1112 мәдени-демалыс іс-шаралары өткізілді, Серке Қожамқұлов атындағы театрда 63 спектакль көрсетілді, театр репертуары үш жаңа спектакльмен толықтырылды, Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияда 20 стационарлық, 21 гастрольдік концерт ұйымдастырылды. Барлық мәдени іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтті.
Мәдени-сауық мекемелерінде әр түрлі жанрдағы 27 шығармашылық ұжымдар, оның ішінде хор, би, эстрада, вокалдық ұжымдар бірлесіп жұмыс істейді. Оларға қатысушылар саны 703 адамды құрайды.
Халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерін дамыту мақсатында қаланың көркемөнерпаздар ұжымдары халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі 20-дан астам түрлі фестивальдар мен конкурстарға қатысты. Халықтар достығы және мәдениеті үйінің көркемөнерпаздар ұжымдары -"Диндалле" халықтық ансамблі халықаралық би байқауында бас жүлдені, "Шашу" халықтық ансамблі "Turkestan Musik Festival" фестиваль-байқауында бас жүлдені, "Шалқыма" ансамблі халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Қазақ халық шығармашылығын, қолөнерін сақтау, насихаттау және одан әрі дамыту, орындаушылық шеберлігін арттыру мақсатында өткен "Сарыарқаның көшпелі мәдениеті" облыстық фестиваліндегі жеңісті өткен жылдың үлкен жетістігі деп атауға болады. Жезқазған қаласы Қарағанды облысының қалалары мен аудандары арасында өткен осы фестивальде ГРАН-приге ие болды.
Былтырғы жыл бірқатар айтулы оқиғаларға, мерейтойлық даталарға толы болды. С.Қожамқұловтың туғанына 125 жыл толуына, театрдың 50-ші маусымының ашылуына арналған іс-шаралар топтамасы өткізілді. Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық музейде Халық әртісі,Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты фотокөрмеұйымдастырылды. Бұдан кейін театр ұжымы Алматы қаласында болып, көрмені М.Әуезов академиялық драма театрының шаңырағында өткізді.Бұл жоба «Қазақстан-1» телеарнасында көрсетілді.
Қыркүйек айында театрда режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиев атындағы форум-фестиваль өткізілді. Фестиваль-форумның ашылуында “Мен ішпеген у бар ма?” спектаклі қойылды (реж.Т.Жанботаев), О. Жанайдаровтың "Жұт" (А. Нигманов, Мәскеу қ.) спектаклінің премьерасы көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар, Қостанай, Шымкент, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды және Жезқазғанның жас актерлері үшін актерлік шеберлік бойынша шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізілді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қаламыздағы жазушы Мырзабеков Батырбек ағанын«Аманат» романы жазылған болатын.Осы романның желісі бойынша Ғ.Ештанаевтың «Төртеу түгел болғанда» эпикалық драмасы жазылды. Осы жұмыс барысында бөлім «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ-гі мен «Қазақмыс Корпорация» ЖШС-мен шығармашылық байланыста болып, нәтижесінде қала жұртшылығына желтоқсан айында жаңа қойылым ұсынылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтың туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды:тарихи-танымдық көрме, көрме аясында жана кітаптарының тұсаукесері, ХVІІІ «Бүкіров оқулары» аясында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, облыстықжастар мен жасөспірімдердің ғылыми жұмыстарының сайысы.Қала әкімдігінің қолдауымен «Тұғыры биік тұлға» атты альбом-кітап пен «Музей ата» атты естеліктер жинағы жарық көрді.
«Жезқазғанның сөнбес жұлдыздар» жобасы аясында журналист, ақын, Ибрагим Бекмаханұлының туғанына 70 жыл толуына орай, ақын, публицист, халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты, Мәдениет қайраткері Зинаида Чумакованың 70 жылдығына арналған, екі мәрте «Еңбек Қызыл ту» орденінің, «Знак почета» орденінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Жәлел Шубайұлы Қалмағанбетовтіеске алу кештері, сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев, Түркістан қалаларының Құрметті азаматы Жұмамәди Ибаділдаұлының мерейтойына арналған конференцияұйымдастырылды.
Өткен жылдың маңызды оқиғасының бірі ең үздік жобаларға жарияланған республикалық ашық конкурс нәтижесі бойынша«Наурыз» саябағында ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың ескерткіші және "Абай тағылымы" кешенінің ашылуы. Эскиз авторы – суретші Саид Айнеков, мүсінші Тохтар Ермеков. Ескерткіш қоладан құйылған, мүсіннің биіктігі – 2,70 метр, тұғыртасы – 1,80 метр.
Мәдениеті мен өнер мекемелерін материалды-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Көркемөнерпаздар ұжымдарына «Шашу», «Ақ әжелер» ансамблдеріне сахналық киімдер тігілді. Халықтар достығы және мәдениет үйінің "Пирамида" ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Қазіргі таңда бұл ғимарат жастар ресурстық орталығына беріліп, желтоқсан айында «Жастар сарайы» болып салтанатты түрде ашылды.
Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 11 кітапхана жұмыс істейді. Оның 5-еуі - ауылдық кітапхана. Кітап қоры 239890 кітапты құрайды. Оқырмандар саны 18770. 2021 жылы кітап қорын толықтыруға қалалық бюджеттен 3,0 мың теңге бөлініп, мемлекеттік тапсырыс есебінен 792 кітап алынды. Мерзімді басылымдарға жазылуға 4,0 мың теңге бөлінді, шығарылған басылымдардың саны 438 дана.
2021 жылдың маңызды оқиғасының бірі –аймақта туризмді дамыту мақсатында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені құрылысының аяқталып, пайдалануға берілуі. Кешен 20 қазан күні Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды.Бұл кешен алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі туризмнің нысанына айналады деп жоспарлануда.
«Жошы хан» тарихи-мәдени кешені заманауи стандартқа сай жабдықталған.Кешен ішінде экспозиция және демонстрация залы, проекциялық бөлме, намазхана, буфет-шайхана, қызметкерлерге арналған бөлмелер, жылытылатын галерея, демалыс ротондасы бар жылытылмайтын ашық галерея орналасқан.
Кешен аумағына «Ақсақ құлан» шағын архитектуралық бейнелер, тулар мен жалаусаптар қойылған.
Кешенді жаңа экспонаттармен толықтырылып отыру көзделген.
Қазіргі таңда ақылы қызметтер прейскуранты бекітілді: экскурсиялар ересектер үшін - 500 теңге, балалар үшін - 200 теңге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – тегін. Ақылы қызметтер ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап енгізілді.
Кешен ашылғаннан бері келушілер саны 3 мың адам болды, қаңтар айынан бастап аптасына 20 адамға дейін болды.
Кешеннің Жезқазған қаласынан 50 шақырым жерде қашықтықта орналасуына байланысты, кешеннің қызметкерлерін жұмысқа тасымалдау үшін «Жошы хан» тарихи мәдени кешеніне «Газель» автокөлігі сатып алынды. Туристік жолсілтемелер, туристік карта жасалды. Биыл тарихи-мәдени кешен аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, ағаштар отырғызылады, суару жүйесі орнатылады, байланыс қызметі реттелетін болады.
Жылына 5 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Одан әрі оны ғылыми база ретінде пайдалануға болады, сондай-ақ ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар, студенттер мен оқушылар үшін практикалық сабақтар өткізу мүмкіндігі болады. Ағымдағы жылы Президенттің тапсырмасы бойынша Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасына арналған белгілі шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференция өтеді.