Қаратөбе ауданының 95 жылдық мерейтойы қорытындыланды

Қаратөбе ауданының 95 жылдық мерейтойы қорытындыланды

Қаратөбе ауданының 95 жылдық мерейтойы қорытындыланды

Бүгін аудандық мәдени-демалыс орталығында Қаратөбе ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, мерейтойға арнайы шақырылған қонақтар, аудан тұрғындары қатысты.

Тереңнен сыр шертер даласы бар, дарынды өлкенің тарихи тамырын тереңге жайған дарабоз Мұхит пен саңлақ әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің, қазақтың өнер аспанында әні қалықтаған Ескендір Хасанғалиевтің есімдерімен елге танылған құтты мекен Қаратөбе еліне 95 жыл толып отыр.

Салтанатты жиында БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз алғы сөз сөйлеп, жасампаздық пен жаңарудың үлгісі болған қабырғалы Қаратөбе халқын 95 жылдық мерейтойыме шын жүректен құттықтады.

Кезегінде сахна төріне көтерілген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ауданның құрылуынан бастап баяндап, ауданымыздың барлық саласының даму көрсеткішіне тоқталып өтті.

– Ғасырға жуық уақыт ішінде бұл мекен ауқымды өзгерістерді бастан кешіріп, тарихтың талай сынынан өтті.

1918 жылы Қазақ зиялылары Қаратөбе жерінде сиез өткізіп, Алаш үкіметін құру бағытында жұмыстанды. Араға тура 10 жыл салып, Қаратөбе ауданының құрылуында да үлкен сабақтастық жатыр.

95 жылдық тарихи кезеңінде аға ұрпақтың атқарған еңбектерін, тәуелсіздік ұрпақтары туын құлатпай осы күнге дейін жалғап келе жатырғандығына барлығымыз куәміз. Бүгінгі таңда Тәуелсіздігіміздің арқасында етек жеңімізді жинап, қазіргідей заманға жетуіміздің өзі үлкен еңбек деп білемін.

Жыл басынан бері ауданда 95 жылдық мерейтой аясында ауқымды шаралар өткізілуде. Бұдан бөлек, аудан тұрғындарының қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

Құт дарып, кие қонған Қаратөбе өңірінің әрқашан тарихта алар өзіндік орыны бар. Аудан көлемінде атқарылған жұмыстар легі баяндалды. Ендігі кезек, береке мен бірлікті сақтай отырып еліміздің, ауданымыздың одан әрі дамуы бағытында күтіп тұрған ауқымды жұмыстарды атқару.

Баршаңызды ауданымыздың 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Тарихы тағылымға толы туған өлкеміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болып, жүз жылдығымызда да амандықпен жүз көрісуге жазсын!- деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.

Аудан мерейтойымен Қаратөбе халқын құттықтаған жерлесіміз, генерал-майор Р.Тынбаев бейне құттықтау жолдаса, Ақтөбе облысының әкімі А.Шахаровтың құттықтаухаты аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиевке табыс етілді.

Жиында сөз алған М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңабек Жақсығалиев пен облыстың тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы, өлкетанушы, «Дана» орталығының директоры Жантас Сафуллин жерлестерін 95 жылдық мерейтоймен құттықтап, аудан тарихына, кәмпеске жылдарында ауданда қудаланған азаматтар турасында тың деректер келтірді.

Салтанатты шараның мерекелік марапаттау рәсімінде Қаратөбе ауданының 95 жылдығына арналған «Қаратөбе ауданына сіңірген еңбегіңіз үшін» мерекелік медалімен аудандағы мемлекеттік қызмет, шығармашылық, білім, мәдениет, спорт, денсаулық, ғылым, өлкетану және туризм, байланыс, энергетика, ауылшаруашылық, ветеринария салалары бойынша елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматтар мен азаматшалар марапатталды.

Салтанатты жиын соңы «Қаратөбем ән мен жырдың ордасы» тақырыбындағы концерттік бағдарламасына ұласты.