Ұстаздар күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті

Ұстаздар күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті

5 қазан күні  аудандық мәдениет үйінде ұстаздар күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.

        Мұғалімдер күніне арналған аталмыш мерекелік іс- шара Алтынай Нұралықызы жетекшілік ететін «Қ.Жұмалиев» атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының «Өрнек» би ансамблінің орындауындағы  «Қазақ биімен» бастау алды.

Ұстаздар мерекесіне арналған іс-шарада сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан ұстаздарды мерекемен құттықтады.

  Аудан ұстаздарына мерекелік көңіл-күй сыйлаған  Қаратөбе балалар музыка мектебінің  домбырашылар ансамблі халық күйі және түрікмен күйін орындады.

Құттықтау  сөз кезегін алған ардагер ұстаз, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы білім беру  ісінің  құрметті  қызметкері, Ы.Алтынсарин атындағы  белгінің,  «Ерен еңбегі  үшін» медалінің  иегері, Қаратөбе ауданының  құрметті азаматы Абай Мұхитов  Ұлы ғұламалардың ұстаздарына деген құрметтері турасында әңгімелеп, әріптестері мен ардагер ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады. Қазіргі білім саласының жетістіктері мен осыдан көптеген жылдар бұрын еңбек еткен ұстаздардың қиындықпен өткізген елеулі қызметтері туралы әңгімеледі.

Кішкентай бүлдіршін Мәдина Қаражанқызы ұстаздар құрметіне «Аяулы мектебім» әнін орындады.    

Жамбыл  мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры, педагог-зерттеуші Светлан Бисекенова мен  ұстаздық жолға жаңа қадам басқан жас маман, Егіндікөл жалпы  орта  білім беретін мектебінің  биология пәнінің мұғалімі Тоғжан Базарбай шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, олардың бойларына жақсы қасиеттерді дарытқан аудан ұстаздарын айтулы мерекемен құттықтады.

 Мереке құрметіне Алтын Маханбетованың  "Ана-ұстаз" әнін  Қаратөбе балалар музыка мектебінің " Баян Шиғалиева жетекшілік ететін «Әсем әуен» балалар хоры орындап, ұстаздар ықыласына бөленді.

  Аудан әкімінің  міндетін атқарушы Жасұлан Карелұлы жас ұрпақты  оқыту мен тәрбиелеудегі  қол жеткізген табыстары үшін  бір топ білім беру саласының қызметкерлерін Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының   және аудан әкімінің  алғыс хаттарымен марапаттады.

Аудандық білім беру бөлімі жанындағы аудандық кәсіптікодақ комитетінің төрағасы  Нұрбек Зинуллин  Орталық кәсіптікодақтың  «Білім және  ғылым  қызметкерлерінің салалық  кәсіптікодағының»  марапаттауларын аудандық білім беру саласының бір топ қызметкерлеріне  табыстады.

Сахнада Қаратөбе балалар музыка мектебінің ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы (дирижері Аягүл Бисенгалиева)  Құрманғазының күйі «Саранжап», «Арын» тобының «Ұстазым»,   Сәнжан Байтемировтың   орындауындағы «Ұстазым менің  ұстазым»  әндері ұстаздар көңілінен шықты.

Әсем әндер шырқалып жатырған сәтте жас өрендер ардагер ұстаздарға сыйлықтар табыстады.

Қызмет бағыты