Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік салтанатты шара оздырылды

30 тамызда Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік салтанатты шара оздырылды.
Салтанатты жиналыста сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов елдің басты құжаты Ата Заңымыздың тарихына, оның маңызына, ерекшелігі мен өміршеңдігіне тоқталып, Конституция аясында елде атқарылған іргелі жұмыстар туралы айтты.
Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының «Елдің асыл тірегі - Ата заң» атты концерттік бағдарламасына ұласты.
Шара барысында қазақ еліне кеңінен танымал композитор, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Жолдасов және оның қызы, Қазақстан эстрадасының жас әншісі Фарида Жолдасовалар өнер көрсетіп, “Ақ қанат, ақ құсым” атты шығармашылық кешіне жалғасты.
Әнші ауыл тұрғындарын Конституция күнімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, әсем әндерін нақышына келтіре орындады.
Кеште әншінің қызы Фарида да қаратөбеліктерге әсем әндерін жолдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеште аудан әкімінің орынбасары Қ.Нұржанұлы қадірлі қос өнерпазға рақметін айтып, алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.