«Тәуелсіз елдің сайлау жүйесі» – жастарға арналған зияткерлік ойын өтті
2026 жылғы 29 қаңтар күні Қаратөбе аудандық кітапхана залында аудан жастары арасында «Тәуелсіз елдің сайлау жүйесі» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Іс-шараны Қаратөбе аудандық «Жас сайлаушы» клубы өткізді.
Зияткерлік ойынның басты мақсаты – жастарға Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі туралы түсінік беру, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру, тәуелсіз елдің демократиялық құндылықтарын насихаттау.
Ойынға 18–29 жас аралығындағы жастардан құралған «Бірлік», «Жалын » және «Tandau» атты 3 команда қатысты. Қатысушылар сайлау тақырыбындағы білімдерін ортаға салып, тартысты әрі достық рухтағы бәсекеде бақ сынасты.
Іс-шара салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, «Жас сайлаушы» клубының төрайымы Айгөлек Андирова қатысушыларға сәттілік тіледі. Командалар өз атауы мен ұранын таныстырып, сайысқа белсенді кірісті.
Зияткерлік ойын 4 кезеңнен тұрды:
«Білім сайысы» – сайлау жүйесіне қатысты жалпы сұрақтар;
«Құқықты таны» – ситуациялық тапсырмалар арқылы құқықтық сауаттылықты анықтау;
«Тарихқа шолу» – Қазақстандағы сайлау тарихына қатысты жылдар мен оқиғаларды сәйкестендіру;
«Жедел сұрақ» – команда капитандары арасында өткен жылдам жауап кезеңі.
Әр кезеңде қатысушылар өздерінің білімді, белсенді әрі ел болашағына бейжай қарамайтын азамат екенін дәлелдей білді.
Іс-шара соңында үздік деп танылған командалар анықталып, жеңімпаздар дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Марапаттау рәсімін аудандық сайлау комиссиясының төраға орынбасары Ербол Бақытжанов жүргізді.
Аталған зияткерлік ойын жастардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық белсенділікті қалыптастыруға және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға бағытталды.
Әр жас – ел болашағы! Әр дауыс маңызды!