Бүгін Қаракөл ауылдық округіне қарасты Алакөл ауылында көптен күткен ауыз су жүйесі іске қосылып, ауыл тұрғындары сапалы, таза ауыз суға қол жеткізді.

Бүгін Қаракөл ауылдық округіне қарасты Алакөл ауылында көптен күткен ауыз су жүйесі іске қосылып, ауыл тұрғындары сапалы, таза ауыз суға қол жеткізді.

Жоба “AMANAT” партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында іске асты.

Аталған жоба шеңберінде су ұңғымалары қазылып, құбыр желілері тартылып, әр үйге дейін су жүйесі жеткізілді. Сонымен қатар, ауылдағы әлеуметтік нысандар мектеп, балабақша мен медициналық пункт те тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұған дейін олар суды құдықтан немесе алыстан тасып ішіп келген. Енді бұл мәселе шешімін тауып, тұрмыс сапасы едәуір жақсарды.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

– Мемлекет басшысы ауылды өркендету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Осы бағытта елімізде бірқатар маңызды бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Бүгін Алакөл ауылында көптен күткен ауыз су жүйесінің іске қосылуы үлкен жетістік. Бұл тек инженерлік нысан емес, бұл ел игілігіне қызмет ететін, тұрғындардың денсаулығы мен тұрмысын жақсартуға арналған нақты қадам.

Ауыл тұрғындарының ұзақ жылдан бергі арманы орындалды. Бұрынғы қиындықтар артта қалып, енді әр үйге сапалы су келіп тұр. Осындай игі істердің жүзеге асуына атсалысқан барлық мамандарға, жобалаушыларға, құрылысшыларға және қолдау білдірген ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін.

Алакөлдің болашағы жарқын. Бүгінгі ауыз су жүйесінің іске қосылуы осының дәлелі. Алдағы уақытта да ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар жалғасын таба беретін болады, - деді аудан басшысы.

Сонымен қатар Алакөл ауылының тұрғыны зейнеткер Нұрсұлу Қаресова сөз алып, шынайы алғысын жеткізді.

– Бұл күнді көп күттік, шын айтайын. Бұрын ауыз суды құдықтан тасып ішетінбіз, әсіресе қыста мұз қатып, су алу тіпті қиын болатын. Күн сайын су іздеп, көп күш жұмсайтынбыз. Енді міне, үйімізге таза, салқын да жылы су қатар ағып тұр. Бұл біздің тұрмысымызға үлкен жеңілдік әкелді.

Су келгеннен кейін балалар мен жастар да, үлкендер де қатты қуануда. Денсаулығымыз жақсарады деп үміттенеміз. Әсіресе қарттарға бұл жағдай өте маңызды болды. Мемлекетімізге, әкімшілікке, ауылымызды ойлаған барша жандарға шексіз алғысымды білдіремін.

Енді ауылымызда өмір одан сайын жақсарып, келешекке сеніммен қараймыз. Таза су – өмірдің өзі, тіршілік нәрі ғой. Мұндай игі іс халыққа ғана емес, келер ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық деп есептеймін, - деді зейнеткер Нұрсұлу Қаресова.

Жобаның бас мердігері «Қалдығайты» ЖШС. Жалпы соммасы 360 млн 171 94,82 теңге көлемінде. Жұмыс мамыр айының басында бастылып, бүгінгі күні пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Алакөл ауылының 50 үйі таза ауыз сумен қамтылған.

 

Дата публикации
02 октября 2025