Үш жақты меморандум
Өткен жылы ауданымызда аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт және аудандық білім беру бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Бабалар ізімен» жобасы аясында көрнекті әнші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Ғ.Құрманғалиевтің 115 жылдығына орай, «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебі ашылған болатын.
Бүгін аудан орталығындағы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы мәдениет үйінде «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің ашылғанына 1 жыл толуына орай мәдени іс-шара оздырылды.
Айтулы іс-шараға Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Сертеков, дәстүрлі ән орындаушы, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Серік Абдрахманов қатысты.
Мәдени шарада сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан іс-шараға қатысушыларды «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің ашылғанына бір жыл толуымен құттықтап, Мұхит пен Ғарифолланың әндерін кейінгі ұрпаққа насихаттау, Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің өркен жаюына, олардың кейінгі ұрпаққа жалғасуына жол ашуын мақсат еткен игі бастаманың бір жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері туралы айтып, аталмыш бастаманы қолдап, жанашырлық танытып жүрген Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Орынғалиұлына аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлының атынан алғыс білдірді.
– Құрметті киелі, қасиет қонған Қаратөбенің халқы, бүгін ерекше күн, сіздермен бас қосып, аудандық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы мәдениет үйінде кездесіп отырмыз. Қаратөбені қай қазақтың еліне барсаңыз да баршасы жақсы біледі. Әнді әуелеткен ерекше мекен. Қазақты өнерімен әлемге танытқан Сал Мұхит пен атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев шыққан мекен. Өнер ордасы Қаратөбеден шыққан әнші Жақсылық Сәрсенғалиев ағамыздың әншілік өнері елге кеңінен танымал болды. Қазір қасымызда жүрген Сағадат Рахметжанов, Серік Абдрахманов ағаларымыз бар. Осындай керемет әуесқой ән орындаушылар мектебін ашу бойынша идеясын ортаға салған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Аманшаұлына ризашылығымды айтамын.
Бүгін айтулы бастамаға бір жыл болып жатыр екен. Ойлап қарасам, бұл қай қазақтың ауылында да ашылуға тиіс нәрсе. Жас ұрпақты тәрбиелеп, бабаларымыздың өнерін келешекке жалғап отыратын жас өнерпаздарға бағыт сілтеуіміз керек. Игі бастама құтты болсын. Жалғасын тапсын дегім келеді, - деді Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Орынғалиұлы.
Сонымен қатар мәдени шара барысында дәстүрлі ән орындаушы, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Серік Абдрахманов сөз алып, әнсүйер қаратөбелік өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айнұр Сариева осы бағытта ауданда бірлесе атқарылған жұмыстарды баяндады.
Өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасау үшін ортаға Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Сертеков, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Есенгүл Рабаева шығып, үш жақты келісімшартқа қол қойды.
Айтулы іс-шара барысында «Ауыл әуендері» халықтық, фольклорлық ансамблі, «Аманат» домбырашылар ансамблі, Құрманғазы атындағы саз колледжінің домбыра сыныбының оқытушысы Мұрат Аманшиев және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин өнерлерін ортаға салса, термешілер шеруінде «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің оқушылары керемет өнер көрсетіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.