Батыс Қазақстан облысында тіркелген жаңа туылған нәрестелер саны

          Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 7 415 бала дүниеге келді. Салыстырмалы түрде алсақ, 2023 жылы 6 541 жаңа туған нәресте тіркелген.

          Айта кетсек, баланың тууы туралы құжатына өтінішті оның ата-аналары нәресте туылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс.  Егер ата-аналары қандай да бір себептермен нәрестені тіркей алмаса, бұл қызмет түріне басқа туыстары, қамқоршылары немесе бала туылған кезде анасы болған медициналық ұйымның әкімшілігі өтініш бере алады.

           Қажетті құжаттар тізімі: өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, егер некеде болса, ата-анасының неке туралы куәлігінің көшірмесі. Егер тіркеуге қызметті алушының өкілі жүгінсе, нотариалды куәландырылған сенімхат қажет болады.

           Сондай-ақ, SMS арқылы өтініш беруге де болады. Егер баланың анасы мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, бала туылғаннан кейін бір тәулік ішінде оған 1414 нөмірінен хабарлама келеді. Сұрақтарға жауап бере отырып, ХҚКО-ға бармай-ақ, туу туралы куәлік алуға өтініш бере алады. Бұл ретте өтінім 3 жұмыс күні ішінде қаралады.

           Айта кетсек, өтініш ХҚКО арқылы берілсе, онда баланың тууын тіркеу мерзімі бес жұмыс күнін, ал егер өтініш Электрондық үкімет порталы арқылы жолданса, үш жұмыс күнін құрайды.

 

Дата публикации
24 июля 2024