Меню

Страницы

Статья

Report of the akim of the Bokeyorda district N. Rakhimzhanov on the work done for 2020

Құрметті Ғали Нәжімеденұлы!

Қадірлі жерлестер!

         «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы - бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған басты бағыттардың бірі. Көнекөз қарияларымыз осынау тұжырымды «билікті тізгіндесең халқыңа жақын бол, теңдікті көрсету арқылы кеңдігіңді таныт» деп бір ауыз сөзбен  жеткізген екен.  Яғни, биліктің бұқараға мейлінше жақын болуы - азаматтық қоғамды қалыптастырудың алғышарты.

         Біздің әр шараларымыз ауданның ертеңі мен халықтың жағдайын көтеру, әлеуметтік, медицина, білім, басқада өзекті салаларды ширатуға бағытталған. Аудан көлемінде атқарылған істер, бой көтерген нысандар, өзге де маңызды жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқаны елдің игілігі үшін.

         2020-шы жылы өткен барлық есептік кездесулердің нәтижесінде 34 мәселе көтеріліп, оның 18-і оң шешімін тапса, 16-сы қаржыландыруды талап ететін және ұзақ мерзімді сипатқа ие мәселелер.

         Аудан әкімдігіне түскен 390 өтініштердің 48-і қанағаттандырылып, қалғандарына түсініктеме берілді. Жеке қабылдауда  болған 93 адамның 56-ның мәселесі оңды шешілді.

         Ауданымызда сыбайлас жемқорлықты алдын алу, азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін арттыру, «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру  мақсатындағы шаралар тиісті деңгейде атқарылуда. «Адал көмек» жобасы аясында Facebook әлеуметтік желісінде мекеме басшылары тікелей эфир арқылы өзекті бағдарламалар бойынша халыққа құқықтық кеңестер беруде. Мәселелерімен келген тұрғындарды қабылдайтын «Open space» форматында 2 бөлме жасақталды. Парасаттылық пен адалдықты тәрбиелеу мақсатында 4 «Адалдық дүкені» жұмысын жасауда. Барлық ауылдық округтерінде, электронды қызметтерді алу үшін жасақталған, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары тиімділіктерін көрсетуде. Бұл бір жағынан сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу болса, екінші жағынан уақытты үнемдеу болып табылады.

         Ендеше, өткен жылы атқарылған жұмыстарға көз жүгіртіп, бір парасына тоқталып өтейін.  

ИНВЕСТИЦИЯЛАР

         2020-шы жылы жалпы инвестиция көлемі 4 млрд. 124 млн. теңгені құрап отыр. Оның: 572 млн.
теңге республикалық бюджеттен, 2 млрд. 316 млн. теңге жергілікті бюджеттен түскен болса,  1 млрд. 236 млн. теңге меншікті қаражат инвестициясы. 2019-шы жылмен салыстырғанда жалпы инвестиция көлемі 43,6%-ға артып отыр. Жалпы аудан бойынша өткен жылы 15 жеке инвестициялық жоба жүзеге асты. Оның ішінде, Жамантау кен орнындағы қиыршық тастың өндірісі. Өткен жылы, бұл жерден 11 мың тонна өнім шығарылса, жұмыстары биыл ды жалғасады. 2021-шы жылы 460 млн. теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде: шет елден асыл тұқымды ірі қара малдарын сатып алу, мал бордақылау алаңы, наубайхана, жылыжай, мейрамхана, газ құю бекеті, қонақ үйдің құрылысы.

БЮДЖЕТ

2020-шы жылы аудандық бюджет 6 млрд. 852 млн. 460 мың теңгені құрады. Бұл қаржының игерілуі 100%-ға орындалса, аудандық бюджетке 647 млн. 750 мың теңге салық түсімдері түсіп, жоспар 128,5%-ға орындалды. 2019-шы жылмен салыстырғанда  бюджетіміз 43%-ға, салық түсімдері 61%-ға артып отыр. Бөкей ордасы облыс орталығынан едәуір шалғайда орналасқан. Сондықтан жас мамандарды жұмысқа шақырып, тұрақтандыру үшін  «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы үлкен қолдау деп білемін. Аталмыш бағдарлама бойынша түрлі сала мамандарына әлеуметтік қолдау көрсетілуде.  Өткен жылы 60 маманға 16 млн. 600 мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп, 21 маманға, баспана сатып алуға, 83 млн. 450 мың теңге  бюджеттік несие берілді.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Біздің ауданымыз географиялық орналасуы жөнінен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға оңтайлы мекен болып табылады. Сол себептен де, жылма жыл нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіліп келеді. 2021-шы жылдың 1 қаңтарына мүйізді ірі қара 74 624 басты құраса, қой мен ешкі – 89 735, жылқы – 28 738, түйе – 1038 бас болып отыр. Барлық мал түрлерінің өсімі бар. Ауданымызда өткен жылдың басында 523 шаруа қожалығы  болса, қазіргі таңда олардың саны 542-ге жетті. Бұл да ауданымызда  ата кәсіптің  қарқынды дамып келе жатырғанының айқын көрінісі деп білемін. Ауылшаруашылық жерлерді мақсатты пайдалану – еңбек өнімділігін арттырудың басты шарты. 2020-шы жылы ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдаланбаған 4 шаруа қожалығының 10 440 га жері мемлекеттің меншігіне қайтарылса, жер конкурстар арқылы 30 шаруа қожалығына 14 500 га жер телімі пайдалануға берілді. Шет елден асыл тұқымды мүйізді ірі қара малдың аналығын сатып алуға, яғни импорттауға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2 шаруа қожалық  Белоруссиядан 266 бас герефорд және 273 бас ангус тұқымының қашарларын сатып әкелді. Былтырғы жылы тағы 2 шаруа қожалық  «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» мәртебесіне қол жеткізу арқылы  аталмыш шаруашылықтардың саны 25-ке жетті. 2020-шы жылы  мал шаруашылығы өнімдерінің  өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында бөлінетін субсидиялау  жұмыстары да жүйелі жүргізілгенін айта кетелік. Ауданымызда  182 шаруа қожалығына 588 млн. 440 мың теңге субсидия төленді. Мал шаруашылығы саласын ширатып, аудан көрсеткішінің артуына материалдық-техникалық базаның жай-күйі де аса маңызды.  Былтыр лизингке және қолма-қол қаржыға 1 комбайн, 19 трактор, 8 Газель автокөлігі және 58 әр-түрлі ауыл шаруашылық техникалары алынды. Электр жарығы жоқ қыстақтардың жайы да күн тәртібінен түскен емес. Ауданымызда 517 қыстақ болса, оның 291-і электр жүйесіне қосылмаған. Соңғы жылдарда 264 қыстақта, энергияның баламалы түрі ретінде,  күн батареялары  орнатылса, былтырғы жылы тағы 84-і орнатылды.

КӘСІПКЕРЛІК

         2021-ші жылдың 1 қаңтарына 1089 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, бұл салада 2130 жерлесіміз еңбек етіп жүр.

         2020-ші жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 71 адам 391 млн. 500 мың теңге несие алды.

         «Бастау бизнес» жобасы бойынша 80 адам арнайы курстарда оқып, оның 13-і шағын несие, 56-ы 550 мың теңгеден ақшалай гранттарын алды. Бөлінген қаржылар мал өсіру, тұрмысқа қажетті қызмет көрсету және шағын өндіріс орындарын ашуға бағытталған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 3 кәсіпкерлік жоба, яғни Хан Ордасы ауылында қонақ үйдің құрылысы - 3 млн. теңге, Сайқын ауылында жылыжай құрылысы – 2 млн. 800 мың теңге және кондитерлік цехын ұйымдастыру – 4 млн. 200 мың теңге көлемінде мемлекет гранттарға ие болды.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Ауданымызда 2021-ші жылдың 1 қаңтарында  экономикалық белсенді, яғни, жұмысқа қабілетті халық саны – 8628 адам болып отыр. Жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру және жұмыспен қамту мәселесін жедел шешу мақсатында  ілкімді жобалар келесідей жүзеге асырылды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 7 жоба іске қосылды. Аталмыш жобалар бойынша барлығы 224 адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде 122 адам, жұмыссыздар есебінен тартылған, ауданымыздың тұрғындары. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жобаларға 24 адам жұмысқа тартылды. Жалпы 2020-шы жылы 708 адам жұмысқа орналасып, 744 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. 15 жұмыссыз жерлесіміз  арнайы кәсіби оқуларға жолданды. Есепті мерзімде 171 аз қамтылған отбасына 39 млн. 880 мың теңгеге  атаулы әлеуметтік көмек төленді. Былтыр орын алған төтенше жағдай кезеңінде 1350 адамға 30 млн. теңгеге көмек берілді. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін  аз қамтылған көп балалы отбасылары мен жастардың ішінен   91 адам 50 млн. теңге көлемінде мемлекеттік гранттарға ие болды. Аудан бойынша 482 мүмкіндігі шектеулі адам болса, бұл санаттағы жерлестерімізбен де жүйелі жұмыс жасаудамыз. 2020-шы жыл қорытындысы бойынша мүмкіндігі шектеулі  12 тұрғынымыз  тұрақты жұмысқа орналасса, 7-і қоғамдық жұмысқа, 5 адам әлеуметтік жұмыстармен қамтылды. Жеке кәсібін ашуға ниеттенген 2 адам  «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алды.

БІЛІМ БЕРУ

Ауданның білім беру саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Қазіргі таңда аудан көлемінде 18 мектеп жұмыс жасаса, оларда 549 педагог қызмет атқарады.  Былтырғы жылы ұстаздар ұжымы  8 жас маманмен толықты. Қашықтан 2 мектепте, дәстүрлі бағытта 16 мектепте сабақ беріледі. Қашықтан оқитын оқушылар компьютерлермен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып отыр. Бұл жерде айта кетелік, аудан бойынша интернеттің баяу жылдамдығы күні бүгінде  күрделі мәселе болып отыр. Дегенмен, бұл бағыттағы шараларымыз тоқтамайды, тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Білім беру нысандарында жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.  Өткен жылы  «Ауыл-ел бесігі» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында Сайқындағы Мәметова білім ошағы, Бөрлідегі Бегалиева орта мектебі, Үштерек ауылының бастауыш мектебі, аудандық туризм орталығы,  Бисен мектебінің интернаты және Хан Ордасы ауылындағы балабақша ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, Қарасу ауылындағы бастауыш мектеп газдандырылды. Сейітқали және Тайғара ауылдарындағы бастауыш мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының ЖСҚ-лары толық дайын. Биыл Жәңгір хан атындағы орта мектебінің негізі қаланғанына  180 жыл. Айтулы мерейтойға орай мектепті және оның жанындағы интернатты күрделі жөндеуден өткіземіз деп бекініп отырған жайымыз бар. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар сараптамадан өтуде.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Аудан халқының медициналық жай-күйі де назардан түскен емес. Бүгінгі күнде 18 нысан тұрғындарға медициналық қызмет көрсетсе, оларда 29 дәрігер және
117 орта буынды медициналық қызметкерлер жұмыс жасайды. Өткен жылы аудандық аурухана тағы 2 жас маманмен толықты. Медициналық нысандарды газдандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Соңғы екі жылда, аудан бюджеті есебінен, 12 медициналық пунктке газ жеткізілсе, Ұялы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Әлем халқын әбігерге салған пандемия жер-жаханға да, елімізге де өзінің кері әсерін тигізді. Орын алған індетке қарсы атқарылған іс-шаралар аясында аудан орталығында провизорлық орталық ашылып, өз жұмысын атқарды. Қажетті дәрі-дәрмектер алынып тұрды. Коронавируспен күресте әр адамның жауапкершілігі өте маңызды. Қауіпті жұқпаны таратпау мақсатында, ауданымызда 7 мониторингтік топ жұмыс жасайды. Топ мүшелері дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермей, медициналық препараттардың бар-жоғын тексеріп, сондай-ақ, аудан тұрғындарының карантиндік талаптарды сақтауларын қадағалауда. Мониторингтік тексерістер барысында 36 құқық бұзушылық анықталса,
28 адам жауапкершілікке тартылып, оларға 1 млн. 450 мың теңге көлемінде айыппұлдар салынды. Коронавирус кеселінің екінші толқынына да дайындық жұмыстары тиісінше қолға алынды. Аудандық аурухана жанынан 16 орындық инфекциялық бөлімше жасақталып, бұл жұмыстарға 2 дәрігер, 10 мейірбике және 2 кіші медициналық қызметкер жұмылдырылды. Медициналық қорда барлық қажетті құрал-жабдықтар бар.

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ

Ауданның мәдени әлеуеті де назарымыздан түспек емес. Карантиндік талаптарды сақтай отырып, былтыр 814 шара мен байқау-бәйгелер дәстүрлі және онлайн форматта өтсе,  51 спорттық шараларымыз да оздырылды. Былтыр, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толуына орай арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. ҰОС-на арналған ескерткіштерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудан орталығында «Қаһарман аудан» белгісі қойылды. ҰОС-ның ардагерлеріне арналған «От кешкен Ордалықтар» атты кітаптың шығуы да мерекелік үлкен сый болғаны сөзсіз. Сонымен қатар, өңірдің тарихи, мәдени, рухани, экономикалық тыныс-тірлігі жан-жақты қамтылған
Бөкей ордасы энциклопедиясының толықтырылған басылымы жарық көрді. Ерекшелеп атап өтеріміз - орталық саябағымызда, ауданның мерейін асырар, мемлекеттік рәміздерге арналған тұғырлы композиция бой көтерді. Еліміздің ең қастерлі мерекесі - Тәуелсіздік күні  қарсаңында ауданымыздағы Ауған соғысы, Чернобыль атомэлектростанциясы апаты және Семей атом полигоны ардагерлеріне үлкен құрмет көрсетілді. Айтулы күнде, сол оқиғаларға қатысқан жерлестерімізге арналған композиция, салтанатты түрде ашылды.        «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп аяулы аналарды жырмен құрметтеген, қабырғалы қаламгер, есімі республикаға танымал тұлға Қайрат Жұмағалиевтің бюсті аудан орталығында орнатылып, бұл шараға марқұмның қызы мен жиені бастаған топ көзайым болды. Халықтың мәдениетін көтеру тек мәдени шаралармен ғана емес, мәдени нысандардың келбетімен де байланысты. Ауылдарымызда күрделі жөндеуді қажет ететін мәдениет нысандары әлі де бар. Қазіргі таңда
Хан Ордасы ауылындағы кітапхананың барлық құжаттары дайын болса, ауылдық мәдениет үйін, Үштерек ауылдық кітапхана мен Жәрмеңке ауылдық клубын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар сараптамадан өтуде. Бисен ауылына мәдениет үй салу үшін құжаттамалар дайындалуда. Ауданымыздың мақтанышы - Хан Ордасы ауылындағы тарихи музей-кешеніміз халыққа етене қызмет көрсетіп келеді. Кешеннің шалғайда орналасқанына қарамастан, жыл өткен сайын келушілер саны көбеймесе,    азайған емес. Жергілікті тарихымызға қызығушылық таныту үшін әрі туристтер шоғырын арттыру мақсатында, визит-орталығының  және әкімшілік корпусының құрылысына ЖСҚ-лар дайындалды. Бұқаралық спортты дамыту да ел келешегінің маңызды аспектісі болып табылады. Биылғы жыл аудан халқы үшін жағымды жаңалықпен бастау алды. 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы, жергілікті спорттың дамуына серпіліс береді деп есептеймін. Бұл нысанда тұрғындардың  спорт түрлерімен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Бөкей ордасында ұлттық спорт түрлері кеңінен ұлықталуы тиіс. Осы бағытта ашылған  ат спорты мектебі  жас өрендердің атқа мініп, шабандоздықтың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік туғызарына күмәнім жоқ. Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, дене шынығуымен айналысуына жағдай жасау мақсатында аудан орталығында, Бисен, Жиекқұм ауылдарында спорт және балалар ойын алаңдары салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамадан өтуде.

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП

Полиция бөлімінің жұмысына қолайлы жағдай жасау және материалдық базасын нығайту бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Өткен жылы, аудан орталығының көшелеріне тағы да қосымша 26 бейнекамералары орнатылса,  аудандық полиция бөліміне тірек пункті жасақталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне қажетті оргтехника, барлық учаскелік инспекторларына видеожетондар алынып берілді. Биылғы жылы полиция бөліміне автокөлік алып беру жоспарлануда.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

«Рухани жаңғыру»  бағдарламасы да бекітілген жоспарға сәйкес, тиісті деңгейде іске асырылуда. Былтырғы жылы бағдарлама аясында 116 шара оздырылса, «Туған жер» арнайы жобасы аясында, меценаттардың  демеушілігімен,  10 жоба іске асты. Соның ішінде, Мұратсай ауылында «Ардагерлер сквері» салынды, «Менің жүрегім Мұратсай» атты композициясы орнатылды, балалар ойын алаңы пайдалануға берілді, Жиекқұм ауылында Совет Одағының батыры Темір Масиннің, Ұялы ауылында генерал Шәкір Жексенбаевтің бюсттары орнатылды, аудан орталығында ұстаздарға арналған еңселі композиция бой көтерді, Сейтқали ауылында «Менің жүрегім Сейтқали» атты композиция қойылды. Сонымен қатар, Сайқын ауылында «Достық үйі» ашылып, этно-мәдени бірлестігі мен аудандық үкіметтік емес ұйымдардың басын қосты. Айта кетелік, бұл «Достық үйінде» жастар коворкинг орталығы орналасқан және әлеуметтік дүкен де жұмысын атқаруда. Аудандық кітапхана жанынан да балаларға арналған коворкинг орталығы ашылды.

ҚҰРЫЛЫС

Аудан бойынша құрылыс саласы да қарқынды жүргізіліп келеді. Есепті мерзімде жеке тұрғындармен жалпы көлемі 2860 шаршы метрді құрайтын 34 тұрғын үй іске қосылса, бұл, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға көп. Жеке тұрғын үйлерді салуға қолайлы жағдай жасалуда, яғни, газ, су және электр желілері өткізіліп берілуде. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарлама аясында Хан Ордасы және Бисен ауылдарында 4 екі пәтерлік тұрғын үйлердің құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аудан орталығында, 48 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалды. Өткен жылы аталған жобаға электр желілерін тарту жұмыстары аяқталса, 2021-ші жылға су құбырын салуға да қажетті қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, Сайқын ауылында екі қабатты
12 пәтерлік
үйдің құрылысы үшін ЖСҚ-сы сараптамадан өтіп жатыр. Қаржыландыруға байланысты біз, алдағы уақытта да тұрғын үй құрылысы бойынша, өз жобаларымызды іске асыратын боламыз.

СУМЕН ҚАМТУ

Тіршіліктің көзі – су. Әсіресе, халықты таза ауыз сумен қамту, мемлекеттің негізгі бағытының бірі.  Ауданымыздың 17 ауылы ауыз сумен қамтылып отыр. Соңғы 3 жылда 10 ауыл таза ауыз суға қосылса, өткен жылы Шоңай және Мұратсай ауылдарына да ауыз су тартылды. Қазіргі таңда, аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 83%-ды құрап отыр. Тереңқұдық ауылын сумен қамту мақсатында кешенді блок-модулін қою үшін тиісті құжаттамалар дайындалуда. Бисен ауылына берілген судың сапасына ауыл тұрғындары алаңдаушылықтарын білдіріп келеді. Осы мәселені шешу үшін, қазіргі таңда Жиекқұм ауылынан Бисен ауылына су құбырын тарту құрылысына ЖСҚ-сы сараптамадан өтуде екенін қаперлеріңізге беремін.

АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ

Аудан  бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 385 шақырым болса, оның республикалық маңызы бар автожолдар – 124, облыстық – 116, аудандық – 145 км-ді құрайды. Қазіргі таңда 103 шақырым республикалық жолдың күрделі жөндеу жұмыстары 2 мердігермен жүргізілуде. Аудандық жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Былтырғы жылы, Саралжын ауылына баратын 26 шақырым жолының қажетті учаскелеріне қиыршық тастар төселді. Бисен ауылының кірме жолына асфальт жабынды төсеу жұмыстары биыл жүргізілетін болса, Мұратсай ауылы бағытындағы 18 шақырым жолдың құжаттамалары дайындалуда. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайқын ауылының 7 көше жолдарына асфальт төселсе, биыл бұл жұмыстар 8 көшеде жалғасын табады. Сонымен қатар, аудан орталығының тағы
16 көшесіне асфальт төсеу үшін ЖСҚ-ма дайындалуда. Және де Хан Ордасы ауылының 2 көшесіне асфальт төсеу жұмыстарының ЖСҚ-сы толық дайын.

Құрметті жерлестер!

Сөзімдей түйіндей келе айтарым, атқарылған істеріміз аз емес, жүзеге асырарымыз да әлі де бар.  Еліміз үшін биыл айтулы даталарға толы жыл. Ата-бабаларымыз аңсап өткен  Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, төл тарихымызда ойып тұрып орын алатын Бөкей хандығының
220 жылдығы, Жәңгір негізін қалаған білім ордасының
180 жылдығын  ел сүйсінетіндей жоғары деңгейде  атап өтуіміз қажет. Әлбетте, басты мақсатымыз той тойлау деп ұқпауымыз керек. Әрқайсымыздың басты ұстанымыз - нақты істерге, өнімді еңбекке құрылуы шарт.

«Біздің күшіміз – бірлікте» екенін ұмытпайық!

Назарларыңызға рахмет!

Дата публикации
04 февраля 2021
Дата обновления
02 апреля 2021
Тип
Report

Сейчас читают

Useful information
13 марта 2024
Storm warning
20 января 2023
Message on registration of candidates for the position of akim of Saykhinsky rural district
04 августа 2022
Announcement of the nomination of candidates for akims of the rural district

Социальные медиа

Меню подвал

State of the Nation Address of the President of Kazakhstan
Website of the President of Kazakhstan
Website of the Prime Minister of Kazakhstan
Digital transformation concept
Life situations
National symbols
Terms and explanations
Central communications service under the President of the RK
Screen Reader
Құпиялылық саясаты