Қосымша білім беру және тәрбие жұмысы
Білім мекемелерінде өткен оқу жылы тәрбие жұмысы ҚР Білім және ғылым Министрінің 2019 жылғы 15 сәуірдегі №145 бұйрығымен бекітілген «2019-2024 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында тәрбиенің Тұжырымдамалық негіздерін іске асырудың іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілсе, 2023/2024 оқу жылынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 19 қыркүйектегі № 294 «Жоғары оқу орындарынан басқа білім беру ұйымдарына арналған «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» бекіту туралы» бұйрығы негізінде жүргізілуде.
Облыста 50 қосымша білім беру ұйымдарында 1913 үйірмемен 61157 оқушы 50,4%, мектеп жанындағы үйірмелерде, секцияларда 30336 оқушы 24,7% қамтылған. Облыс бойынша қосымша білім беру жүйесінің барлық түрлерімен 112920 (92,1%) оқушы қамтылды (2022ж-108511 (91,7%) оқушы.
2023-2024 оқу жылында мектеп жанында ақысыз түрде 2003 спорттық секциялармен 42785 оқушы, қосымша білім беру ұйымдарында 4222 оқушы, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 12980 оқушы, барлығы 59987 оқушы (49 %) қамтылуда.
Жыл сайын оқушылардың бойында салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру мақсатында оқушылар арасында спартакиада, мектеп және колледж лигалары, турнирлер, спорттық жарыстар жоспарлы өткізіледі.
Облысымыздың білім беру мекемелерінде әскери-патриоттық тәрбие жүйесі әскери-патриоттық клубтардан, үйірмелерден, «Жас сарбаз» сыныптарынан тұрады. Облыс бойынша мектептерде 3171 оқушыны қамтыған 216 әскери-патриоттық клубжұмыс жасауда.
«Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери – патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы құрылды.
Облыс бойынша 393 оқушыны қамтыған 18 «Жас сарбаз» сыныптары ашылды. Биыл қараша айында Астана қаласында өткен Республикалық әскери-патриоттық әндер байқауында БҚО командасы жүлделі ІІ орын алды.
Балалар қозғалысын дамыту, белсенділіктерін арттыру, азаматтық ұстанымын қалыптастыруда мектептерде 1-4 сынып оқушылары «Жас Қыран» (32721 оқушы, 65% қамтылған), 5-10 сынып оқушылары «Жас Ұлан» (38974 оқушы, 71% қамтылған) балалар ұйымдары жұмыс жасайды. 2022 жылмен салыстырғанда балалардың «Жас Қыран» балалар қозғалысына тартылу 2%-ға 31336 (64%) артса, «Жас Ұлан» балалар қозғалысына тартылу 5%-ға (38974 оқушы 70% құрады) артып отыр.
Еліміздің мүддесін ойлайтын, экономикалық бәсекелестікке қабілетті, білім мен өнерге құштар, елінің тарихын білетін, тілін, дінін, әдет ғұрып, салт- санасын қастерлейтін, еңбекқор да, салауатты, адами құндылықтар бойына қалыптасқан, әділетті, қайсар тұлғаны өзін- өзі басқарту арқылы қалыптастыру мақсатында мектептегі тәрбиенің кешенді–мақсатты бағдарламасын басшылыққа ала отырып, білім беру мекемелерінде өзін – өзі басқару ұйымы құрылып, жұмыс жүргізуде. Бүгінде 267 мектеп парламентінде 15595 оқушы, 31 студент парламентінде 6289 мүше бар.
Бүгінде 330 дебаттық клубта 5658 оқушы қамтылған (2022 жылы 322 клуб, 4722 оқушы клубқа тартылған бала саны 17%-ға артып отыр),оның ішінде қазақ тілінде – 257 клуб, онда – 4876 бала, орыс тілінде – 67 клуб, онда – 728 бала, ағылшын тілінде 6 клуб онда – 54 бала қамтылған. 106 клуб 6-8 сыныптан 1159 оқушы, 84 клубта 9 – 11 сыныптан 1170 оқушы қамтылған.
Облысымыздың білім беру мекемелерінде баланың бойына отбасы құндылығын сіңірту, отбасы институтын дамыту мақсатында 227 аналар клубы, 224 әкелер клубы, 144 әжелер клубы, 68 аталар клубы жұмыс жасауда.
Білім беру мекемелерінде ата-аналардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Мектеп өмірінің бір күні» жобасы аясында тәрбиелік шаралар (тәрбие сағаттары, ата – аналар жиналыстары, кездесулер, акциялар, байқаулар, т.с.с.) барысында жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Оқушылар, ата-аналар арасында оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, оқу мәдениетінің деңгейін арттыру және оқуды насихаттау мақсатында білім беру ұйымдарына «Оқуға құштар мектеп» жобасы енгізіліп, «Бір отбасы – бір кітап», «Әкеммен кітап оқимын», «Анашым, кітап оқып берші!» «Web – қауіпсіздік»: желі саяхатының ережесін білесіз бе?» атты акциялар, ақпараттық сағаттар т.б. шаралар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар өсіп келе жатқан ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаның экологиялық жай-күйін зерттеу, табиғатты қорғау міндеттерін шешуде практика жүзінде қатысуға тарту мақсатында Орал қаласы және аудан мектептері мен балабақшалары барлығы 100 білім беру мекемелеріне «Экомектеп» және «Эко балабақша» жобалары енгізілді.
Жобаға қатысушы мектептер мен балабақшалар экологиялық кеңес құрып, мектептер «Өсімдіктер әлемі және топырақ», «Жануарлар әлемі», «Ауа», «Су», «Табиғатты пайдалану әліппесі» және мектепке дейінгі ұйымдар «Экологиялық кітаптармен танысу», «Жануарлар әлемінде», «Экологиялық ойындар», «Шығармашылық», «Табиғатты зерттеушілер (барлаушылар)» бағыттары бойынша жұмыстануда. Тасқала ауданының «Сәулет мектеп-лицейінің», Бәйтерек ауданы Володар жалпы орта білім беретін мектебі, Жәнібек ауданы Тегісшіл негізгі орта мектебі, Орал қаласының №34 «Балбұлақ» бөбекжайы, Қаратөбе ауданның «Жазира» бөбекжайының жұмыстары жақсы ұйымдастырылып атап көрсетуге болады.
«Nxplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі» — Shell Nxplorers халықаралық экологиялық инициативасының Батыс Қазақстан облысы оқушылары үшін білім беру бағдарламада дауыс беру қорытындысы және әділ – қазылардың бағалауы бойынша Батыс Қазақстан облысынан 2 жоба үздік аталып (Облыстық экологиялық-биологиялық орталық, Орал қаласының №17 ЖОББМ), өздерінің жобаларын іске асыру үшін әр топ 1 млн теңгеден ұтты.
Жыл қорытындысы негізінде 100-ден астам облыстық іс-шаралар (техникалық, экологиялық, саздық, интеллектуалық, туристік, спорттық, әскери-патриоттық) ұйымдастырылып, 21 мыңнан астам оқушы қамтылды.