Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы
іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі
2020 – 2023 жылдарға арналған жол картасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 156 қаулысы.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог –
Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына
Жолдауына сәйкес және Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 10
қыркүйектегі № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2
қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен
өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі
жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 61-тармағын орындау үшін Қазақстан
Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық
зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі
мәселелерін шешу жөніндегі 2020 – 2023 жылдарға арналған жол картасы (бұдан әрі –
Жол картасы) бекітілсін.
2. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері:
1) Жол картасын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне есепті жылдан
кейінгі айдың 10-шы күнінен кешіктірмей Жол картасының іске асырылу барысы
туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі есепті жылдан
кейінгі айдың 25-ші күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жол
картасының іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi А. Мамин